Knigionline.co » Казахские книги » Улпан / Ұлпан

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов

Книга «Улпан / Ұлпан» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о событиях, которые предшествовали становление и превращению обыкновенной девушки в мать страны. Книга затрагивает быт народа, обычаи казахов, заложников, земельные споры между богатыми и бедными, между страной, споры вдовы. Особое внимание уделено теме заботы о родителях, людях, отношениям мужчины и женщины.

Улпан / Ұлпан - Ғабит Мүсірепов / Габит Мусрепов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Дәмелі деген жесір әйел, қасында жасөспірім қызы бар, үйдің ішінде ораулы-шилер ұстап жүр.

— Бәсе, — деді Жаниша,— отауды сен тіккен шығарсың деп сонадайдан-ақ танып келіп едім. Денің сау ма, ей? Зейнетің де бой жетіп қалыпты ғой. Бері келші, айналайын, бетіңнен сүйейін.

Дәмелі Ұлпанның жақындата ұстай бастаған жесір әйелі. Өзі де, қызы да ұшып тұрған, ерінбейтін, екі айтқызбайтын жандар. Ері Әсіреппен құрдас еді, екпе құртынан қайтыс болғалы екі жыл.

— Өзің де аманбысың? Байың аман ба? Осы жайлау да қолыма бір түсетін шығар...— деді Дәмелі, құрдастардың қалжыңын айтып.

Әсіреп пен Мүсіреп те үйге кірді.

Отауың құтты болсын, Шынаржан! Артық-кемі жоқ, өзіне лайық екен.

Сендер келгенше отауды осылай тігіп алдық...— деді Мүсіреп. Ол өзі отауға әлі кірген жоқ-ты, ағасымен бірге тұрғаны осы.

— Шаңырағын өзің көтерген шығарсың? — деді Әсіреп.

— Өзім көтермегенде қайтейін...

— Шақшақ бидің қызы, сен осы босаң боларсың білем... Мына мақтаншақты қашан ауыздықтап аласың?

— Еркелетіп қойған өзіңіз көрінесіз ғой, ағеке...

— Атын өзі ағытты ма, әйтеуір?..

— Өзі ағытты... Шауып барып көлден бір шелек су да әкелді...

— Атпен бе?

— Атпен...

— Онда ауыздықтай бастаған екенсің...

Шынардың, шешесі самауырды үйге алып кіре беріп еді,

Дәмелі кіргізбеді.

— Үйдің ішін түгел жинап болмай, жаңа отауда ас іше ме екен! Жас келінді басынан неге үйретсең, соған үйренеді де кетеді. Салақ болады. Шала істеген іс жаман, шала піскен ас жаман, қызыңды ондайға үйретпе, құдағи! —деді.— Әке-шешелерін ерте жалмаған мына екі жетімек — жарым түрікпен жарым қазақ — ондай жора-жоралғы барын біледі деймісің! — деп әлі өзіне амандаса қоймаған Әсіреп пен Мүсірепті де қағыта кетті.— Сен әй, қатыныңнан қорқуды қашан қоясың? — деп Әсірепті арнай қағытты.

Шай далаға жасалды. Шай қазақтың қай үйінде де шай! Баппен ішілмек еді, жақын ауылдардан қыз-келіншек, бозбалалар келіп қалды.

Бұл елдің ескі бір салты бойынша, көші-қон кезінде жастар әуелі үлкендердің үйін тігісіп береді. Одан соң жесір-жетім қалған үйлерді тігіседі. Ең соңына отау үйлерді қалдырып, аяғын ойын-сауыққа айналдырып әкетеді. Әсіреп, Мүсіреп үйлерінің кешігіп келуін жастар ішінен тілеп жүр еді. Құдай тілекті бергенін көрді де жүгірді...

Жастар келе-сала жүктерді түсіріп, Әсірептің үйін тіге бастады. Үйдің киіздері жабыла бастағанда, екі келіншек төрт шелек су әкелді. Төрт жас қыз екі қап тезек теріп әкелді. Үй ішінің жүктері жинала бастағанда, екі жігіт Мүсіреп үйінің алдынан жер-ошақ қазып тастады.

Мұның бәрі де ишарат: « шай қойыңдар, ет асыңдар. Отау үйлердің қоныс майлары біздікі — жастардікі» дегендері.

— Қойың бар ма еді? Соя бер! —деді Әсіреп інісіне.

— Табылар.

Шынар да бір-екі келіншекті ерте жүріп аз ғана жүгін отауына кіргізіп алды. Дәмелі мен Науша сандық, көрпе-жастықтарын орын-орнына қатарлап жүр.

— Енді бір сандық қосылса артық көрінетіндей, енді бір жастық жетпесе кем көрінетіндей болсын! — дейді Дәмелі. Наушаға әрбір сандық, әрбір жастық аспаннан түскен байлықтай көрінеді. «Өңім бе, құдайым, түсім бе?»

Әсіреп үйі тігіліп, жүктері жиналып болған соң жастар көлге түсіп шомылып қайтты. Енді бұлар, жас балаларды қуып жіберіп, қатар түзеп қонаққа келе жатыр. Үй иелері мырза болса, әйелдері киіз есіктерін ашып тұрып қарсы алулары керек. Самауырдың буы бұрқырап тұрсын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий