Knigionline.co » Казахские книги » Родовой мотив / Тектік сарын

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон

Книга «Родовой мотив / Тектік сарын» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Писатель рассказывает о событиях, происходивших в разных регионах, где не каждому доступна, лишенная цивилизации, природа… Автор описывает внутренние качества, ценности, жизненные ориентиры людей, живущих в этих местах...

Родовой мотив / Тектік сарын - Джек Лондон читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бұланнын кеуде тұсында қауырсынды жебе қадалып тұр еді, оны жанын жай таптырмай ызаландырған да сол болатын. Бэктің ежелгі дүниедегі ормандарда аң қаққан бабаларынан жеткен түйсігі ең алдымен көсемді табыннан ажыратып тастау қажеттігін ескерткен. Оңай міндет емес-ті. Ырылдаған ит бұланның алдында еңгезердей мүйізі мен бір соққысы дарыса-ақ мұның жанын жаһаннамға жіберетін темірдің тұяғы тиіп кетпейтіндей ара-қашықтықта ойнақ салды. Осынау азулы періге арқасын беріп, тайып отырудың ыңғайын таппаған бұлан қаһарына әбден мінді. Ызадан екіленген ол Бэкке бірінші болып тұра ұмтылған. Ал анау жорта қорғансыз көрініп. аса ептілікпен тайқып шыға беріп, сонысымен де бұланды біртіндеп алдап оқшаулата түсті. Бірақ кәрі бұлан топтан ұзай берген сайын екі-үш дөнежін жаралы көсемнің табынға қайта қосылуына жағдай жасап, Бэкке қарай тап-тап береді.

Жыртқыштарға, мәселен, өрмектегі өрмекшіге, шеңберлене жиырылған жыланға, тосқауылға бұққан ілбісінге бірнеше сағат тапжылмастан отырғызатын, өмірдің дәл өзі секілді айрықша төзім тән. Мұндай шыдамдылықты тірі жемтігін аңдыған жан атаулының бәрі көрсетеді. Қазір соны бір бүйірден соқтығып табынды бөгеп, жас бұқашықтарды ызаландырып, құнажындар мен бұзауларды үркітіп, жаралы көсемді қауқарсыз ашудан жарылардай етіп Бэк те жасады. Бұл әрекет тура жарты күнге созылған. Бэк тап бір бірнеше бөлікке бөлініп алғандай тұс-тұстан шабуылдап, табынды әлдебір үрей құйынымен матап, оралып соққан сайын онсыз да үріккен тобырдың дегбірін алып, жемтігін оқтаулаған сайын оқшаулай берді.

Кешке қарай, күн еңкейген шақта (күз құзырына кіріп, көз ерте байланып, түн алты сағатқа созыла бастаған) жас бұландар көшбасшыларына көмектесуге құлықсыздық көрсетіп, табыннан ұзамауға тырысқан. Қыс тақалып келе жатқандықтан алқапқа қарай асығу қажет-ақ еді, ал мынау жолды бөгеген қайсар хайуаннан құтылу мұңға айналып барады. Оның үстіне қатер тұтас табынға, жас бұландарға емес, бір ғана кәрі бұланның басына төнген еді де, әркімнің өз жаны өзіне тәтті болғандықтан, әлгілер ақыр аяғында көсемді құрбан етуді ұйғарған.

Ымырт жабыла бастады. Басы салбыраған кәрі бұлан өз табынына: талай серік болған ұрғашы бұландарға, бұзауларына, ырқына бағындырған дөнежіндерге қарады. Олардың батқан күннің шұғыласына шомылып асыға басып бара жатқанын көрді. Бұл оларға қосылып ілесе жөнеле алмады, өйткені тұмсығының түбінде ойнақтаған қатыгез азулы албасты тырп еткізбеді. Салмағы жарты тонна бұл күрес пен мұқтаждыққа толы қатал да ұзақ өмір кешкен, міне енді, ажалы сіңірі білем-білем тізесіне зорға жететін қайдағы бір аласа мақұлықтың азуынан келгелі тұр!

Осы сәттен бастап күндіз-түні жемтігінің қыр соңынан қалмаған Бэк жаралы бұланға бір мезетте тыныштық бермеуге айналды. Ол оған жас қайың мен қызыл талдың жапырақтары мен жасыл желегіне ауыз тигізбеді, өздері өткен бұлақтардың суын ішкізбеді, бұлан қатты қысқан шөлін баса алмай қор болды. Жиі-жиі жан сауғалап тұра қашады. Бэк оны тоқтатуға тырыспайды, бірақ өзінің осынау ермегіне сүйсініп, артынан бір елі қалмай, ақырын ғана бүлкілдейді де отырады. Бұлан бір орнында тұрған мезгілде Бэк жата кетеді; анау оттауға немесе су ішуге ыңғай білдірсе бас салып, жағаласа жөнеледі.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий