Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Ей, құдая шүкір тоба!— деп тәубе келтірді. Пәлтелерін жамылып, қалпақтарын шекесіне салып, сымдай болып Төлеген мен Балташ шыққанда; «Заманына қарай бұ да жарастықты екен!» деп ойлады. Мынау екі төре баласы тұрғанда, өле-өлгенше кемқор болмастай көрді.

Балалар шайын ішіп жатқанда, ақсақал жеті биесінің сабасын пістіріп, ыдыс-аяқты жуғызып, өз үйін сыпыртып, төрге көрпе салдырып:

— Ақбілектерге әне жерге сал! — деп қатынына оң жақты нұсқап жатыр еді.

Шәй ішіп жайланған соң, Әмірді жіберіп, балаларын өз үйіне шақыртты.

— Жоғары шығыңдар! — деп Төлеген мен Балташты төрге шақырды.

— Е, со жаққа отырыңдар! — деп келіні мен Ақбілекті өзіне қарсы оң жаққа отырғызды.

Қымызды бәйбішесіне сапыртып, балаларына қызыл кесемен қайта-қайта бергізіп, ауыл кісілеріне де, бала-шағаға дейін құр тастатпай, өзі қадағалап отыр.

— Келіннің аяғын11 ұста, келіннің,— деп қояды. Келіннің дөп-дөңгелек қара көзі, маңқиып отырғаны, атасынан әнтек именгені қолайына жағып отыр. Өрік Ақбілекке қарауға беті шыдамай:

— Ақбілектің аяғы,— дегенде аяқшыға бұғып қана сыбырлайды.

— Неге ішпедіңдер? Қымыз жақсы ғой!— деп ақсақал Балташ жаққа қарап қояды.

— Болғанымыз со ғой!— деп Балташ кесесін қайырғанда:

— Қалалы жер адамның ішін қуырып тастайды ғой!— дейді. Ақсақалдың көңілі тасқын. Тамағын кенесе бүкіл ауыл естиді. Түкіріп жіберсе, есіктен өтіп сары иттің тұмсығына жалп етеді.

Кешке таман Төлегенді оңаша шақырып, ақсақал құрмалдық беру жайын ақылдасты. Ақсақалдың көңілі: ірі жылқы сойып, үлкен той қылуда еді. Төлеген тай да жетер деген соң, бала да бірдеңе білетін шығар деп мақұл көрді.

Ақсақал тай сойды. Көңілі жетер ағайын он шақты қой сойды. Недәуір үлкен той болды. Жұрт сабалап қымыз әкелді. Тай, құнан жарыстырып, күрес қылып, көкпар тартып, ерігіп жатқан ел бір кенеліп қалды.

Көл басындағы төрт-бес ауыл жас төрелерді кезекпе-кезек қонаққа шақырысты. Дырду басылған соң, аз күн болса да, қарап жүрмейік деп, Ақбілек пен жеңгесі бес ауылдың ортасына қызыл отау орнаттырып, жас әйелдерді бір мезгіл оқытып, хат танытпақ болды.

Кейде еркектерді де шақырып, Балташ пен Төлеген газет-журнал оқиды. Тазалық, денсаулық, мал дертін емдеу, каперәтіп жайынан әңгіме құрып қояды. Қызмет адамдарына жол жоба көрсетеді. Елге керекті уақ кітаптардан ала барған еді. Оның пайдасы тиді.

Ақбілек баяғы емес, өзгерген: өнер тапқан, жетілген, ысылған, әйелдерге көсем болған. Бұрынғы бұйығы, ұялшақ, сызылған, мұңайған Ақбілектің ізі де жоқ. Ақбілектің қызығын, ісін көргенде ақсақал таңданады: «Бұл қалай боп кеткен? Қаланың не қасиеті бар? Жұп-жуас, ұялшақ бала емес пе еді!» деп ойлайды. Қалайда Ақбілек жат. Ақбілек өнерлі. Ол енді ақсақалдың ғана баласы емес, көптің баласы. Енді ақсақал одан именеді. Мынауың теріс деуге бата алмайды. Баяғы өзінің қаталдығын ойлағанда, өзінен-өзі ұялады. Кешірім сұрасам қайтер еді деп бір ауық ойланады. Бірақ әке басымен балаға кішіреюді лайық көрмейді. Сондықтан Ақбілекке кездескенде:

— Қарағым, немене?.. Шөлдеген жоқсың ба? Қымыз іштің бе?— деген сияқты қалбалақтап қалды.

Әкесінің онысын Ақбілек те сезеді. Әкесін аяйды.

— Жоқ, әке! Шөлдегем жоқ...— деп еркелеген секілді, қасына келіп отырып, бала оқытқанын, жеңгесінің тілі келмегенін, әйелдердің күлгенін әңгіме қылады.

— Қарағым-ау! Елге келіп тынығады десе, жүдеп қаласың ғой... О қатындардан не шығады деп жүрсіңдер?— деп маңдайынан иіскейді.

— Әке-ау, заман оқығандікі ғой! — дейді.

— Оқығанмен келін екеуіңдей болар деймісің!— деп баласын көтеріп қояды.

Ақбілек әкесімен айтыспады. Әкесін жаңа тауып алғандай қуанады.

Сара он екіге шығып, ұзын көйлек киіп, бұрымын артына селтитіп өріп қоятын болған екен. Ақбілек оған:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий