Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Медеужанға ұсаған бет-аузы қожалақ, кішкене самауырынның сол жағында, қызыл жиек шыны аяқты төрт саусағымен шошайтып ұстап, Алтынай тершіп, ащы шайын ышқына ұрттап отыр. Күйеуі де бауырсақты жүдемелете аттандырып, аузына тас салғандай, аяғын босатып жатыр. Ағасының тізесіне сүйеніп, бауырсаққа ұртын бұлтитып малжаңдап, көзін ашып-жұмып, Медеужан да қалысатын емес. Е, байғұстар шайларын ішіп болсын. Сұқым шалдарша, сұғанақ балаларша, көзімізді сатып, қылқиып отырмайықшы, өз үйімізде де шай бар ғой. Қазақтың сондай телмірген әдеті құрысын! Түндегі оқиғадан кейін ел не жайлы болды екен? Мамырбай отағасы не күйде екен? Бекболат не болып қалды екен? Одан да соларды барып көрейік. Оқушылар, бері жүріңдер!

Әлден уақытта жатып-жатып есін жиған еркектер ептеп басын көтеріп, бірте-бірте қыбырлап, індерінен шығып өзгелерін дыбыстап шақырып, қатын-қалаш ышқынып, шуласып, балалар енесіне табысқан қозыдай жамырасып, әкелерін, ерлерін, ағаларын іздеуге тырысты. Самбырлап, дүрлігіп, ентелеп, жүгіріп: «Балта, балта!» деп, бірін-бірі шошытып, Мамырбайдың еттігін бұзып: «Не болды? Не болды? Не боп қалды? Ойпырмай! Амансыңдар ма? Тірісіңдер ме?» деп анталаған, үрейленген еркектерді еттіктен шығарып алысты.

– Бәйбіше қайда? Ақбілек қайда? – деп көзі шарасынан шығып, Мамырбай отағасы күрс-күрс етті.

– Ойбай-ау! Олар қайда? Көргеміз жоқ...— десіп, таңданып, олай да, бұлай да жүгірісті.

Бір мезгілде өкірген сиырдай қараңғы түнді күңірентіп, қатындардың дауысы баж ете түсті. Жан шошырлық бажылға дір етпеген жүрек қалмады. Сөйтсе – апанда теңкиіп, серейіп жатқан бәйбішенің үстінен шыққан екен. Ақбілек үшті-күйлі жоқ. Алып кетті ғой.

Мамырбай өгіздей өкірді, сылқ етіп отыра кетті. Ауыл қойдай маңырап қозыдай шулап жатқанда дүрсілдеткен атты кісінің тықырын шеттегілердің құлағы шалып қалды.

– Атты, атты! – дегенде, су жүрек болып қалған жұрт, ішін тартқан дауылдай, кенет басыла қалды да, сонша болмады қайтадан дәуірлей, бажылдай, күңіреніп кетті. Ол келген қазақ екен.

– Немене?

– Бәйбішені атып кетті, Ақбілекті алып кетті.

– Ойбай, Бекболатты да атып кетті.

– Күйеуді ме?

– Е!

– О қайдан жолығып?..

– Мына жақтан құс салып келе жатқанымыз емес пе? Ойбайлаған әйелдің даусы шыққан соң, қуа жөнелгенімізде...

– Өлі ме? Тірі ме?

– Әзір тірі. Кім білсін...

Бекболатты жақын ауылға апарып жарасын таңып, жолдастары жан-жаққа шапқан екен. Сол шапқыншының бірі осы екен.

Ажал шіркін адамның алдынан айғайлап келген бе? Аңсызда артыңнан бұғып келіп, алып ұрғанын бір-ақ білесің. Ажал бір ұры ғой; «Ажалға не дауа?» – десіп, ертеңінде маңайдағы ел жиылып, бәйбішені көмісті. «Сабыр етіңіз, бұ да бір уақыт шығар...» десіп, Мамырбайға тоқтау, көңіл айтысқан болды. «Қаза, шығын... қайырын тілеңіз!» дегені болмаса, Ақбілекті ауызға алуға бір адамның тілі бармады. Өйткені ол жара атын атауға адамның аузы жиренетін жара еді, ол жалғыз Мамырбайға емес, бәріне де намыс, қорлық, масқаралық еді.

Жаназаға жиылған жұрт о жер, бұ жерде топтанысып отырғанда, бұл оқиға жайынан неше түрлі бал ашып, аңыз қылысты. Біреулері: — тегі ақсақалға азуын басқан біреу басып берді ғой. Әйтпесе, қиядағы ауылға келетін реті жоқ қой...— десіп, өз басынан ақыл шықпайтын қошаметшілер:

— Рас айтасыз, әйел іздесе, Қарашат маңында ел бар емес пе? Бәрін қылатын қазақтың өзі ғой. Кімнің несі барын орыс қайдан білуші еді, — деп жүптесті. Өздерінің берекесіздігіне, намыссыздығына, бірін-бірі аямайтындығына көздері жеткендей болып, біраз ежелесіп, басылған кезде:

— Бұл іс кімнен келді? Кімнің қолынан келер екен?— десіп, ойға жүгірісті.

— Ақсақалға ондай өшті-қасты кім бар екен?..

— Шөп тақырыпты дау-шары үзілмеуші еді. Жаманбайлар болмаса.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий