Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осынша өліп-өшіп, өзеуреп, еркек басымен әйелге мұнша кішірейіп, ит сияқтанып, аяғына шейін жалағанына Ақбілек түсіне алмайды. Мені алдаймын, жұбатам деп істей ме? Жоқ, шынымен жақсы көргені ме? Болмаса, көптен әйел көрмей құмартқаны ма? Әйтеуір орыс шіркіннің орыстығы-ау деген ойға келіп тоқтайды да, одан арғысын болжай алмайды, Қайткенмен қара мұрттың қылығы бәрі жат. Кейде Ақбілек сонша бәйік болып отырғанына, еркек басына ұят қой деп, ішінен жиренеді, кейде өзін әлдеқандай көріп, өзін-өзі жұбатқан болады. Қалайда екеуінің арасы жер мен кек тәрізді, дене жақындығы болғанмен жан жақындығы жоқ тәрізді.

Бір күні қас қарайған кезде, орыстар бір жаққа баратындай қару-жарақтарын қамдап, мылтықтарын сытырлатып, оқтап, ер-тұрмандарын салдырлатып, балдырлап сөйлеп, аттарын ерттеп әбігерлене бастады, Қара мұрт пен екеуі тоғай аралап келгені жаңа еді, Ақбілек қосқа кіріп, солдат көрпесінің үстінде шынтақтап, үһілеп, ауылы есіне түсіп, босаға жақтағы қара астауға көзін салып жатыр еді. Даладағы олай-бұлай жүгірісіп, ат ерттесіп, әр жерде күбірлескен көп орыстарға қара мұрт барып бірталай сөйлесті. Қабағы түсіп, түсі сұрланып, қайтып келді де, о да мылтықтарын сүртіп, оқшонтайларына оқ толтырып, киім, ер-тоқымдарын жинап, қамдануға кірісті. Ақбілек басын көтеріп алып, «Қайда барасың?» дегендей қара мұртқа таңдана, үрейлене қарады. Қара мұрт төмен қарап, күйбеңдей берді, бір мезгілде тысқа шығып кетіп, тілмашын алып келді.

— Біз соғысқа барамыз. Сен қайтесің? — деді Ақбілекке. Ақбілек көзі бажырайып, не дерін білмей, сасып қалды.

— Қайда болғың келеді? — деп тағы сұрағанда, Ақбілек мойнын әнтек қисайтып, бұғағын бұлтитып, жалынған, назданған дауыспен:

— Ауылыма қайырмайсың ба?— деді.

Қара мұрт басын шайқады.

Ақбілек кірпігін жыпылықтатып, жерге қарады.

Тілмаш тағы сұрағанда, Ақбілек:

— Тым болмаса жақын жердегі бір ауылға жеткіздірсеңіз... — деп көзіне жас келіп қалды.

Қара мұрт басын тағы шайқады да:

— Бізбен бірге жүргің келмей ме? — деді.

— Соғысқа ма? – деді Ақбілек еңсесін бүкжитіп.

— Соғысқа, — деді қара мұрт, иегін бір қағып.

Ақбілек басын шайқап:

— Ендеше, мені осында-ақ тастап кетіңіз, — деді.

— Түнде жалғыз өзің қорықпайсың ба?

— Қорықсам да қалайын... сіздер қайтып келмейсіздер ме? – деді жұлып алғандай.

— Мәлім емес, — деп қара мұрт мұртын дірілдетті.

Сол сөзді бітірген кезде, тағы үш орыс келді. Олардың басын сілкуінен, қол сермесінен Ақбілек: «Бір жаққа апарайық, жабылып масқаралайық, атып өлтірейік» деп тұр ғой деп түсінді. Қара мұрт оларға ашуланып, көзін тікірейтіп, тістене ежірейіп сөйлеп, еді, беттері қайтқандай, алақандарын жайын, мойындарын қылқың еткізді. «Сендердің талқыңа бермеймін» деп тұр екен деп, Ақбілек қара мұртқа жалтаңдап қарай берді. Әрі-бері сөйлесті де, олар кетіп қалды. Қара мұрт отырды. «Жүре бер» дегендей тілмашқа бас изеді, төмен қарап, маңдай терісін үш саусағымен уқалап біраз отырған соң, оң қолын сілкіп қалып, ұшып түрегелді де өз кеудесін өзі түртіп-түртіп Ақбілекке, қолын ұсынып: «Жүр!» деді. Ақбілек жып-жылдам түрегелді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий