Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Мынаны көріп Ақбілектің не жаны шықпай отыр десейші!.. Ақбілек үнін шығаруға мұршасы келмей, өлген кісідей отырған жерінде сіресіп қалды.

Әлден уақытта арсалаңдаған бір аш қасқыр Ақбілек отырған қостың аузына келіп қалды. Ақбілектің жан даусы түнді тіліп, жібергендей шыр ете түсті. Қасқыр біткен жарық беріп, көздері жалт етіп, тістері сақ етіп, оқшырайып тұра қалды. Қасқырлар ырылдасып, күрілдісіп, бураша шабынып тұрып алды. Ақбілек қасқырлардың қарсы шабатынын білгендей, жалма-жан ұшырып, қостан атып шығып «Қараңғыда көзім жоқ...» деген балаша айналана дөңгелене, айғайды салып, ағашын сермей берді...

Анда-санда арс-ұрс еткен дауыс шығады. Қасқырға тие ме, қосқа тие ме, әйтеуір ағашы кейде бірдеңеге тигендей қолы сүйсініп қалады. Қасқыр одан жаман өршеленеді. Ақбілек жан ұшыра сермейді. Қасқыр қимылдайды. Ақбілек сабалайды. Қасқыр абалайды. Ақбілек сабалайды. Қасқыр қамалайды. Ақбілек «Аллалайды». Қасқыр долданады. Ақбілек дөңгелейді... Қасқыр күрілдейді, Ақбілек шырылдайды. Қасқыр қырқырайды. Ақбілек шырқырайды... Сөйтіп Ақбілек көп қасқырмен көп соғысты...

Ақбілек әбден алқынды, алас ұрды, жұлқынды, әлі құруға таянды. «Енді жығылдым ғой, енді талайды ғой, енді ауызды салды ғой, енді жеді ғой...» деген кезде, Ақбілектің аяғы астынан бірдеңе жылт ете түсті. Қасқырлар жарқ берді. Манағы іңірде шай қайнатқан оттың көзі әлі сөне қойған жоқ екен. Ақбілек алас ұрып жүргенде аяғымен шашып жіберген екен. Қасқырлар отты көріп жарқ берген екен. Қасқырдың оттан қорқатыны Ақбілектің есіне сап ете түсті. Ауылда қой күзеткенде қотанның шетіне жағатыны қане.

Ақбілек от басындағы тезекті, құраған шөпшекті дереу тұтатып үрлеп жіберді. «Менің керегім жаңа болған жоқ па?» дегендей, жел де қошаметке иеленіп, жалынды лап ете түсірді. Жалын қалай шықты, солай қасқырлардың қарасы өше берді. «Өлмегенге өлі балық» деген осы да. От сөніп қалса, Ақбілектің өмірі де сөнетін еді. Отты тапқан адамның атасынан айналсаң болмас па!

«Заула отым, заула! Мазда отым, мазда! Қорқақ аңдар, тілсіз жаулар! Қаш, маңыма жолама! Күйдіремін, өртеймін!»— дегендей Ақбілек от тәңірге сүйініп, таң атқанша маздатып, жаны аман қалды.

Қызыл көз, қасқыр жүз, қаблан азу, қара түнді Алтай аңғарынан үркіткелі, қорғасын аспанға алтын айдар Күнекей сұлуын өрмелеткелі, күншығыс ұжмағы қызыл қақпасын ашқанда, Ақбілек артына алақ-алақ етіп жолға шықты. Белінде түндіктің бауы, етегі ышқырында, қолында түндегі сойылша. Кімді ұрып жығатынын кім білсін, әйтеуір ала шықты.

Аспанның күн жақ туырлығы ақшыл тартып, тау бастары алтын жалатқандай күлімдеп келеді. Таң ата жел де тынды. Бұлттар да ыдырады. Өлкеден ұшқан бозторғай тау иығының деңгейінде қанаттарын қалшитып, Күнікей сұлуды мадақтап, тау-тастан беташар сұрады. Бозторғай-ау, көрімдікті Ақбілектен сұрасайшы, Ақбілек алтын сақинасын атып тастағалы келеді ғой. Оның жүзінде нұр бар ғой. Ол керегін жарық күн бар ғой! Ұзақ түнгі топты қасқырмен арпалысқанын замат ұмытып, шоңқайма кебісінің жез нәлісі тастан-тасқа шықылдап, қашқан киіктей қаздаңдап барады ғой!

Ақбілек а дегеннен асуға тартты. Асумен асып елге бара жатқан, елден мал, азық-түлік алып келе жатқан орыстарды талай көрген. Осы тар асудан басқа бұл шаттан шығатын жолдың жоғын білген. Арты елсіз тау, тау толған жау: аю, қасқыр, қабан. Алды тар асу. Асу асты тағы жау: кешегілер алдынан қарсы шығып қалмасына кім кепіл. Енді Ақбілек қаздаңдамай кім қаздаңдасын. «Енді есен-аманында ел шетін көрсем-ау» — деп, ұйқы, тамақты, шаршағанды ойына алмай, көңілі алып-ұшып, ентелей басып, ентігіп келеді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий