Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бір мезгілде әлгі торғай жансыз тастай ағып түсті топ етіп. Ақбілек те оқ бойы жер кеп еді. Ол торғайдың түскен жері қалың шөп. Көз айырмай қарап келеді Ақбілек. Әлгі торғай қалың шөпке түсті де, қалбалаңдап, далбалаңдап, шөпке таман айналаңдап шыр-шыр етіп, безек қағып, олай-бұлай шоршыды. Бұ байғұсқа не болды?— деп жетіп келсе қасына — қалың шөпте жатыр екен білектей бір сұр жылан. Сұр жыланның найза басы қақшиған, бейне ажал, алмас көзі бозторғайға шұқшиған, айыр тілін жалаң-жалаң еткізіп, ысқырғанда өңбеніңнен өткізіп, арбап, буып, уытын жиып, торғай сорды топылдатып, қылқ еткелі тұр екен. Сұр жыланның атып жыққан оқ көзінен көз айырар бозторғайда дәрмен жоқ; қалбалаңдап, далбалаңдап, оршып түсіп, тұмсығына тиер-тимес елбелектеп жүр екен. Бір «Ап!» десе біткені ғой жұмысы. Торғай қашан аузына кеп түскенше, оқты көзін қадап, айыр тілін жалақтатып жатады екен, сұм жылан.

Бозторғайды аяп кетті Ақбілек, сұр жыланды сойылшамен салды келіп қақ бастан. Жауыз басы астына кеп, солаң ете дүрс етті. Торғай сорлы есеңгіреп қалған екен: жығылып тұрып, жер бауырлап, қырындап-қырындап барып жөндікті: шыр етіп, шыбын-шіркей боп аспанға бір-ақ ұшты. Тулап жатқан жыланды Ақбілек табандатып тағы екі ұрды да, жөніне жүре берді.

«Жылан торғайды арбап жейді» дегенді Ақбілек бала кезінде естіген. Мынаны көрген соң, «Құлақ естігенді көз көрет» деген осы-ay деп ойлады. «Бұ жауыздың көзіңде не сиқыр бар?!» — деп ішінен таң қалды. Манадан бері уайым басып, жабығып келе жатқан кісі жүрегі қаттырақ соғып, тамырлары желпініп, шаршағанын ұмытып кетті. Торғайды ажалдан аман алып қалғанына қуанды. Жыланды өлтіргенге ерленді. Әрі ырым көрді. Торғай бір бейбақ қой! О байғұста не зиян бар?

«Торғай, торғай атым бар,

Бір жапырақ етім бар.

Маған тиген балалар,

Ата-анаң өліп жетім қал!»,—

деп қарғайтын торғай емес пе? Ешкімге жазығы жоқ қой.

Соны ойлағанда, Ақбілек «Менің кімге жазығым бар еді?» деп тағы ойлады. Өзін торғайға, өзіне қастық қылғандарды жыланға теңеді. Торғайдың, жауын мен өлтірдім, менің жауымды да біреу өлтіреді екен деп, бұл оқиғаны өзінше жақсылыққа жорыды.

Соны ойлап келе жатқанда бір дөңестің астынан ағараңдаған бір шошақай нәрсе қылтың ете түсті. Ақбілек сасып қалды, бұғып отыра қойды. Отырып еді, көрінбей кетті. Түрегелуге орыс бола ма деп қорқып, отыруға тағы дәті шыдамай, не екенін білгісі келіп барады. «Орыс болса бәрібір құтыла алмаспын, жан-жағым жалтаң. Неде болса көрейін», – деп, әнтек отырған соң, ептеп көтеріліп, сығалады. Шошақайдың үкі секілді бірдеңесі былғаңдап, өзі қимыл-қимыл етіл дөң астымен Ақбілекпен жарыса кетіп барады. Орыста мұндай нәрсе жоқ еді ғой деп ойлауы-ақ мұң екен – шошақай жуандады: бас болды: кәдімгі дуананың басы. Әнеки қолындағы асасы да шошаң етті.

— Әй, дуана! — деген сөз аузынан қалай шығып, қалай қойғанын Ақбілек өзі де білмей қалды.

Дуана аяқ астынан үріккен жылқыша, жарқ беріп, лоқып, әнтек, тұра қалды да, бұрылып Ақбілекке қарай жүрді. Тани кетті Ақбілек: етегін кірмен зерлеген, төбесін үкі сәндеген басында найза, ақ тақия; қолында шаңкіш асасы: асасының өн бойы шығыршық, көбшік, сылдырмақ; үші қозы жауырын, мойнында жұмыр тәсбісі; танауы таңқиған, омырауы аңқиған, кеңірдегі сорайған, жіліншегі сидиған, саусақтары шибиған, үркек малша оқшиған, бес тал сақалы шоқшиған, шынжау етті, шың бетті, жағына пышақ жанитын, бір көргеннен танитын — Іскендір екен кәдімгі.

Іскендірің кім? Ақбілекке зияны тимес пе? Ендеше, ол аяңдап Ақбілекке жеткенше, Іскендірдің қандай адам екенін айтып көрейік.

Бұл Іскендір дуананың бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бұл Өскеменің, бұ Зайсаныңыз, бұ Семейіңіз, бұ Қарқаралыңыз — бәрін де Іскендір жалаң аяқ шарлаған. Ол ат арбаны да, барақотты да көрген, «Бо-о-ракөт-ау, бо-о-ракөт!..» деп оған өлең де шығарған.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий