Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Анау үйге барайық!— деп адырдың баурындағы үлкен қораны нұсқады.

Ақбілек:

— О кімдікі?

Дуана:

— Мұсабайдікі.

Ақбілек:

— Мына жақын үйге барсақ қайтеді, – деді. Өйткені Мұсабай ауқаттырақ адам екенін білетін. Ақбілек тәуірлеу үйге барғысы келмеді. Тәуірлеу үйдің қатын-қалашы да таңырқайды: әркім көр-жерді сұрап мазасын алады; тәуірлеу үй сарылтып, жуырда тамақ та бермейді; ондай үйде сыпайы отыру керек. Кім біледі тәуірлеу үйдің қылжақ бастары да болар, тәлкек етер. Одан да барысымен сусын ішіп, жантая кететін кедейдікі жақсы болар еді деп ойлады. Және осы күйсіз қалпында тәуір үйге бас сұғуға қорланды: «Не бетіммен барамын» деген ой келді. Ақбілек:

— Жақын үйге барсақ қайтеді, — дегенде, дуана тұрып:

— Бұл үйлер жарлы ғой, қонақ асыға зарлы ғой, қарның ашып қалады ғой...— деп жыбырлатты.

— Жарлы боп неғысын... бір сусын жұтып, жантая кеткендей жер табылса, болады да,— деп Ақбілек тағы айтты. Әйел көңіліне бірдеңе алса, қарысып бола ма, Ақбілектің бетін білген соң, дуана да таласқан жоқ.

— Ә, балақайым! Мейлің, мейлің, – деп жақын үйге бұрылды. Дуана бұрылған кезде Ақбілек етегінен тартып:

— Сіз бұл үйге менің кім екенімді айтпай-ақ қойыңыз. Тезек теріп жүріп адасып кеткен екен, тауып алдым дей салыңыз,— деді. Дуана Ақбілекке оқшия қарап:

— Ә, балақайым! Өтірік айтқан жарай ма? Өтірікші алланың дұшпаны ғой,— деп аяңдай берді. Сүмелек сары ит дуананың сылдыраған асасын естіп, одан барып қоқиған тақиясын көрген соң, «Енді жатудың жөні болмас» дегендей, даусы қарлығып, алды бір бөлек, арты бір бөлек қиралаңдап үрді. О кезде қара сиырдың астынан сауыс, жыртық тері шалбары тылтиған қатын да шелегімен қабат түрегеліп, қисайған кір кимешегінің милығына сұқ қолын жүгіртіп, көзін сығырайтып, бір аяғын ілгері салып:

— Кет былай, кет былай! — деді.

Дуана асасымен артын жайқап, таяна беріп:

— Ә, шеше, құдайы мейман боламыз, — деді.

Қатын жауап бермей жатып, дуананың артын ала тоқтаған Ақбілекке қарай мойын созып, бір тамсанды да:

— Мынау не қылған бала? – деп сұрады.

Дуана байыз тауып тұра алмай:

— Жата-жастана естірсіз. Рұқсат па?— деді.

— Ойбай-ау! Ана байдікі тұрғанда... біздің қонақ күткендей не жайымыз бар...— дей бергенде, Ақбілек те ілгері таман бір аттап:

— Жеңгей, шалап берсеңіз де ырзамыз. Сіздікін қалап келдік,— деді.

— Ойбай-ау, қарағым-ау! Қалап келсеңдер енді амалым бар ма... айран-шалапты бөліп ұрттарсыңдар,— деп қатын Ақбілектің нәуетек даусын естіген соң, әрі іші жылып, әрі таңырқап, «Қонамыз» дегенге әлдеқандай боп қалды.

— Ендеше, үйге кіріңіздер!— деп, көң-күлімсі сасыған тапал қорасына қарай бастады. «Қадаға бастарыңды соғып алмаңдар. Бері, бері!» деген дыбысымен екі қонағы соңынан еріп, шалжиған тапал есіктің орқаш табалдырығынан аттап, үйге кірді. Есіктің жіп тұтқасын Ақбілек бір-екі тартып еді, мұрны жырық тартыншақ түйеше кегжиіп келмеген соң, қоя берді.

Үй-іші тастай қараңғы. Қатын: «Былайырақ, әр таман» деп, дуананы итбектеп бір жерге таман апарды. Дуананың етегінен ұстап Ақбілек те барды. «Бұ кім апа, бұ кім?» деген жас баланың даусы да шықты. Ақбілектің аяғына шөп сыбдырлайды. Үйдің іші сасық. Әйнек сымақ бір күңгірт тесік көрінеді. Жерде жатқан бір шоқпытқа сүріне-мүріне Ақбілек дуананың қасына таман келіп отырды. Отыра бергенде дуананың «һақ» деген даусы саңқ ете түсті. Ақбілек шошып қалды. Қатын: «Көтек» деді. Бір бала шыр етіп жылап қоя берді, ересектеуі: «Апа, апалап» апасына ұмтылды. Апасы жылаған баласына:

— Шығарма дауысыңды! Ал, дуана! Құлақ кеседі!— деген соң, баласы қоя қойды.

— Ә, балақайым, жылама! Кеспеймін, кеспеймін...— деп дуана да уатты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий