Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Естігенде өз баламыздан жаман аядық... Қайтейік, не амал бар? – деді.

Әмірдің бір жолдасы:

— Ағайынның ағайындығы осындайда көрінеді де, — деп, «Бозінгенге» көзінің құйрығын жіберді. «Жайда көсемсіп жүруші ең, бұ күн қайда қалдың» дегендей қылды. Өйткені Мұсабайдың Мамырбайға қиғаштығын білуші еді. Және Мұсабайдың биесін ұрлаған кісімен бұ жігіт жекжат еді.

Жігіт оны айтқанда, қызыл қатын мардымсып, иығын бір көтеріп:

— Е, о не дегенің... біз анау-мынау қазақтай боқтан өзгені қылға тізбейміз,— деп келе жатыр еді, Бірмаған отырып:

— Керегі не сондай сөздің!— деп қатынын тоқтатты.

Бұл сөздің бәрі «Бозінгенге» жарадай тиді: ләм деуге айтары болмай, тымырайып, жаялық ернін жымыра берді. Түнде әлгі қорсылдаған шошқа бір атты қинағанда, бүгін «Бозінген» бұл сөзді естір ме еді! Шірік ит! Талай жерде өлтірді-ау!

Күмсінай шай даяр екенін білдірді. Ауыл кісілері тысқа шықты. Қызыл қатын Ақбілекті үйіне қонаққа шақырып еді, Әмір тәңір жарылғасын айтып, ауылға жеткенін мақұлдады. Бірмаған жабысып көріп еді, қонақтар асыға берді:

— Ендеше, Ақбілекке кер жорғамды ерттеп, өзім апарып салып, қайтайын,— деп, Бірмаған тысқа жөнелді.

«Бозінгенге» бұ жұмыс та қатты тиді. Үйіне келіп:

— Өмірі абұйыр байланбаған сұқым! Отыр енді албасты басит! – деп, байын тағы бір мүжіді.

Мұсабай үндемеді. Қатын шіркін бір жеңіп алған соң, таң атыра ма? Өзінен шығар өнері болмаған соң, Мұсабай қатынға қол тапсырып, пір қылған ғой. Қатыны болмаса, бұл Бірмағанның құлы емес пе? Бірмағанның әнтек қолы кеміп бара жатқаны, әйтпесе, мұның қасында анағұрлым адам ғой. Бірмағанның қолы кемігеннен ғой ана жылғы сайлауда ауылнай болып, кісі қатарына ілінгені. Одан бұрын бұл кісі ме еді. Бір «Безер ит» еді.

Сол Бірмаған кер жорғасына көрпе салып, ерттеп, Ақбілекке мінгізді, бір байталға мініп өзі қасына ерді. Дуана өз жайына кете барды.

* * *

Жолда келе жатқанда, Әмір ағалары: «Дуананың кез болып алып келгені жақсы бопты» десіп, дуананың да пайдасы тиетіндігін, оның жүрмейтін жері жоқ екенін, бірақ тіленшілік қылмайтынын, жазы-қысы жалаңаяқ жүретінін, тегінде «тегін» еместігін айтысты. Одан кейін ұсталған ақтарды, Мұқашты сөз қылды.

Ақбілек орталарында жорғақтатып, төмен қарап келе жатып, әңгімелеріне құлақ салды. Ақтардың тұтылғанын сонда білді... Әнеугі апанда бұғып жатқандағы қасына келіп, «Тоқтай тұр» деп кетіп қалған қазақ Мұқаш екенін де топшылады. Өткен күндерді бір-бірлеп есіне түсіріп, жағалап, қара мұртқа да келді, оның түрлі қылықтары көз алдынан демде елестеп өтті. Енді мынау ағаларының ортасыңда ауылына келе жатқанына таң қалды; таң қалып қана қойған жоқ, өзін бейне бір арам сирақ ұрлық малындай, әкесіне арам жегізетіндей көрінді. Енді бұрынғы нәрестедей уыз денесі былғанып, арамданып қалған тәрізді, бұрынғы кіршіксіз, аппақ кеудесіне енді қара құзғын ұя салып кеткен тәрізді; күнә-сұмдықты білмейтін ақ жүрегі арамдықтың неше атасын біліп, бұрынғы қыз басы қатын боп қалған тәрізді: бұл былғанған дененің кірі, жанның күнәсі өмірі тазармайтын тәрізді. Өз ауылының тауына, жеріне жақындаған сайын таза жерді басуға өзінен-өзі ұялын, атылып өліп кетпей, қара мұрттың мылтығына бекер-ақ жармасқан екем деген өкініш пайда болды; ит жалап кеткен ыдыстай, өзінің денесін де, демін де арам деп білді...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий