Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жылтырдың білмейтін хабары, естімейтін өсегі жоқ ағып тұрған: сөз екен. Аузы аузына жұқпайды. Ол сөйлеген сайын Бекболаттың аузы аңқиып, жаны кіріп барады. Ол елдің партиясын, сайлауын, кімнің пара алғанын, кімнің бергенін, кім қызын сайлаушыға шырға қылғанын, кімнің үйі, малы таланғанын, кімнің үйінде тінту болғанын, кімнің қатыны, қызы кеткенін, кім мен кімнің керіскенін, төбелескенін, қызыл мен ақтың соғысқанын, кімнің басы сотты болып, кімнің үстінен арыз беріліп, газетке басылғанын, кім абақтыға түскенін, кім шығарып алғанын, кім кепіл іздеп жүргенін, — бәрін саулатты. Оның білмейтін әкімі де, сөйлеспеген адамы да, білмейтін заңы да жоқ. Соның бәрін көзімен көріп, қолымен ұстағандай, су төгілгісіз қыла, нандыра, жанын бере, орысшаны ара-арасына қыстыра сөйлейді. Манағыдай емес Бекболат Жылтырдың сөзіне ұюға айналды, нанып емес таң қалып ұйыды. Бір сәтте осынша сөзді, осынша хабарды, заңды үйіп-төгіп айтып тастаған неткен тілмар, неткен білгіш деп таң-тамаша қалды. Сөзінің арасына жік салмастан, бірді айтып келе жатып, бірге кетіп будыратқанда, қалың тобылғыдан андағайлай қашқан қоян көрген тазыдай, Бекболат қай сөзін ұстарын білмей даң болды. Даң болса да, оның айтқан бір хабары құлағына майдай жағып кетті; ол хабар – «Қарашаттағы» ақтардың қолға түсуі еді. Оны естігенде Бекболат:

— Е, бәрекелді!.. Япырай! Түгел түсіп пе? – деді.

— Түгел, бірін қалдырмай ұстап әкелді.

«Ақбілек қайда екен» деген сұрау Бекболаттың аузына келіп қап, келіп қап, бірақ ел қазағы отырған соң сұрауға қаймыға берді: орыс масқаралап кеткен қызды несіне сұрап отыр?— деп мазақ қыла ма деп ойлады. Бекболаттың сұрауы көбейіп, әңгіменің аяғы созылып бара жатқанын сезіп ел қазағы: «Бір айналып соғармын. Шаруам бар еді»,— деп тұрып кетті. Ол кетісімен, Бекболат қыбыржып, қобдиланып, Жылтырға қарай берді. Бір уақытта бір жасырын сөз айтатын кісіше көзін жыпылықтатып:

— Сізден менің бір сұрайын деген сөзім бар еді, – деді.

— Айтыңыз, айтыңыз,— деп Жылтыр жөпілдетті.

— Мамырбайдың қызы не болды екен? Оны естіген жоқсыз ба? – деді.

— Жоқ, оны естімедім. Ақтардың өзін кешке әкелді. Білуге болады. Ол айтпақшы сіздің қалыңдық екен ғой. Жалкі, жалкі!1 — деді.

— Япырым-ай! Білуге болса, соны маған біліп берсеңіз...

— Құп болады. Бүгін, ертең-ақ біліп берем. Күнде елден кісі кеп жатады ғой... Бірақ оның енді не керегі бар? — деді.

«Не керегі бар?» деген сөз Бекболатқа ауыр тиді: жұрттың аңызы да осылай екен деп ойлап қалды. Бекболат жабырқау тартып:

— Әйтсе де,— деді.

Жылтыр біліп бермек болды. Сөйтіп отырғанда есіктен ақ киімді матүшка шығып:

— Эй, киргиз!.. Доктор,— деп Бекболатқа орысшалап, саусағымен ымдап шақырды.

Бекболат орнынан тұрып жатқанда, Жылтыр матүшкеге түйіліп, басын шайқап, орысшалап жіберді де, Бекболатқа қарап:

— «Киргиз» деп қорлағанын әлі қоймайды, жалаңбұт немелер! «Жолдас», «Граждан» деп неге айтпайсың?— деп жатырмын, деді.

Бекболат жымиып, көпшіктеп:

— Бәсе! Бұларға да айғыр табылсыншы! — деп ауруханаға кіріп кетті.

— Е, аты шулы Жылтыр осы екен ғой,— деді Бекболат сенекте келе жатып.

Бекболатты тамақ ішуге шақырған екен. Қаңылтыр аяқтағы сылдыр сорпаны жеріген жылқыша тамсап, ұрттаған болды. Сорпа ішіп отырғанын да, су ішіп отырғанын да андаған жоқ; ойы бөлініп, қиялы әлдеқайда отыр еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий