Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бекболат ауруханада жатқанда Төлеген екі-үш рет келіп, көңілін сұрап кеткен. Төлеген бір сыпайы, жатық жігіт. Келгенде: «Жараң қалай? Бойың тәуір ме? Тамаққа көңілің шаба ма?», деген тәрізді, жарасының жайын ғана сұрайтын. Төлеген қайынағасы болған соң, Бекболат Ақбілек жайын сұрауға ұялатын. Қарындасы жайынан о да сөз қылмайтын. Өзі бірдеңе айтып қалар ма екен деп, Бекболат елдің хабарын сұрап жақауратқанда Төлеген: «Жалпы аман болса керек... бөтен хабар білінбейді...»— деп, Ақбілек жаққа жуымайтын. «Шешесін өлтіріп, қарындасын алып кеткенде.. соларды барып бір көрмейтін, соларға бір жәрдем қылмайтын неткен жан? Әуелден көңілі қатты адам ба екен? Қалада жүріп қақайып, қатайып кетті ме? Мұның пайдасын әкесі қашан көреді?»— деген сұраулар Бекболаттың ойына талай келсе де, өзіне бірдеңе деуге аузы бармайтын. Өйткені көңілі қатты деуге — Бекболатты жан тартып, дәрігерге қаратып, көңілін сұрап келіп-кетіп жүреді. Қарындасы болса кетті. Енді менен не үміт қылады?— деген ойлар келгенде Бекболат Төлегеннің неткен адам екеніне миы жетпейді, дағдаратын. Бекболаттың имене беретіні де Төлегеннің жұмбақтығы еді.

Енді далаға шығысымен, Бекболат Ақбілектің не болғанын білуге көңілі кетті. Қалай, кімнен біледі? Мұнда қазақ бар ма екен? Кеше төсекте жатқанда бір қазақтың есік алдынан өткенін көз шалып еді; со қазақ жылт етіп жоқ боп кетіп еді, сол кім екен?.. Немесе дәрігерге келіп тұрған қазақтар жоқ па екен?— деп қабырғаны жағалап, қақпа жақтағы бұрыштан асты. Асып еді ауруханаға кіретін екінші есіктің тепкішегіне көт қойып, бір-екі тымақты қазақ сөйлесіп отыр екен. Бекболат іздегені табылғандай қуанып кетті:

— Ассалаумаликүм! — деді,

Қырындап, төмен қарап сөйлесіп отырған екі қазақ жалт қарады. Ел қазағы нұсқынды біреуі: «Әлік» алды. Аятында орысша етігі бар ықшам шапанды, жекей қара тымақты, аузы-басы пияздай, қожаға айтқан нияздай, қара сұр жігіт ойнақы көзі жалтаң етті де, ернін қыбырлатты, Бекболат амандасты. Ойнақы көз жігіт:

«Сені кім шақырды?» — дегендей жөнді амандаспады. Бекболат келген соң сөздерін қоя қойды. Онысы өздеріне қолайсыз көрінді білем: жуан етік қазақ Бекболаттың аты-жөнін сұрады. Бекболат жөнін айтқан соң, ойнақы көз жігіт:

— Ә, Бекболат, сіз боласыз ба? Отырыңыз, — деп сырғып, орын берді. — Әнеугі оққа ұшқан жігіт екенсіз ғой, — деп біле қойды.

Бекболат:

— Өзіңізді мен танымадым ба? — деп сұрап еді:

— Мен «Тақырдың Жылтыры» деген жігіт болам,— деп Тақырдың Жылтырын білмейтін қазақ жоқ тәрізді. «Жылтыр» дегенге езуін бір қисайтып, басын бір шұлғып тастады: өз атын мардамсып атағаны көрініп тұрды. — Мына кісі Мұстай деген біздің бір ағайын,— деді.

«Тақырдың Жылтыры» дегенде, Бекболат:

— Ә, естуім бар,— деді.

Жылтыр жұлып алғандай, тікірейе қарап:

— Мені кім деп естідіңіз?— деп сұрады.

Бекболат әнтек мүдіріп қалды да:

— Көзі ашық, пысық жігіт деп естиміз,— деді.

Бекболат әлгідей дегенде:

— Әйтеуір, халықтың көз жасы үшін Матайдың Әбенімен ұстасып жүрміз. Ақырын бір «Алла біледі», – деп, қаз көрген қаршыға бастанып, мойнын қылтың еткізді.

Бекболат мақұлдағансып:

— Е! – деді.

«Е» дегені: «Ажалы жеткен қарға қаршығамен ойнайды» деген осы-ay! Әбен кім? Бұл кім? Ол арыстан да, бұл – тышқан ғой. Ол сегіз болыс елді, бір дуанды аузына қаратқан Әбен емес пе? Ол Петрамборыңа да барған, патшаға да білікті болған Әбен емес пе? Онымен таласқандай мұның не айбыны, не күші бар? Шілтиген бір қораш жігіт...» деген ой келіп еді. Бірақ Бекболат бұл ойын неге білдірсін, іші пысып қалған кісі ғой: оны-мұны сұрай бастады:

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий