Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Күздің сарғыш жапырақтары-ау. Кімді әлдилеп, сыбдырлап тұрсыңдар? Қалың бұтаның қайғысыз, қамсыз быт-былдықтары-ау, несіне қара түнді жаңғыртып тұрсыңдар? Сұлудың жүрегін жанышқан ауыр шерді сендер сейілтем дейсіңдер ме? Қанатын қаршыға күйретіп, қиқайған қостың алдында бір қолымен жер таянып, аспанға қарап отырған сұқсұрдың налыған зарын тәңірісіне жеткізем дейсіндер ме? Бұлттар-ау, серпілсеңдерші!

Жапырақтар-ау, сыбдырлап жерге төгілгенше, шерлі сұлуға сая болсаңдаршы!

Ызғырық-ау, ызылдағанша жапанда жалғыз қалған баланың әкесіне хабар берсеңші!

Ой, мейірімсіз шіркіндер-ай! Сендердің тіліңді Алтайдың жаралы аруы білмейді ғой! — Сендердің қас-қабағыңа қараймын, сендерге еркелеймін деп есіл сұлу мұндай күйге ұшырады ғой! Жел мен бұлттың алласына сенем деп сенделіп қалды ғой!..

Түн түнереді, Ақбілек үрейленеді. Төбесінен зу етіп бір топ шөрегей өтеді, Ақбілек дір етеді. Шөпті сыбдырлатып торғай ұшса да, тоғай ішін тартып уілдесе де тау үкісі таңдайын қақса да, Ақбілек жан-жағынан жау қамап келе жатқандай елегізіп, қымтырыла береді. Жатайын десе, көзіне ұйқы келмейді. Отырайын десе, қорқып барады. Жүрейін десе, қараңғы түңде жол таба алмай адасам ғой, әлденеге ұрынам ғой... деп қорқады. Есі-дерті: осы арадан кету, бірақ түн ішінде кете алатын емес. Қазақтың қосын, қазақтың астауын, шөмішін ес көрді. Үңірейген иесіз қосқа кіруге тағы батылы бармайды.

Ақбілек қайтерін білмей, алақтап, құнысып, бүрісіп көп отырды. Түнге түн ұласқан тәрізденеді. Қос алдында жатқан астау да көрінбейді. Жасаған-ай! Таң да атар ма екен?

Бір мезгілде орман жақтан бір үрейлі дауыс шыққан секілденді. Ақбілек елегізи бастады. Манадан бері жалмауыздай көріп отырған үңірейген қосқа жалма-жан кіріп кетті. Ауылда қой күзетіп жүргенде қасқырлардың ұлығанын әлденеше естіген: әлгі дауыс соған ұқсайды. Апырым-ай! Қасқыр келе ме?.. Онда қайтем?.. Қой, келмес: қоста кісі бар деп ойлар, қорқар: қостың айбыны бар ғой... Әлде манағылардың кетіп қалғанын олар да білді ме? Олар барда қасқырдың даусы естілмеуші еді ғой...

Қостың есігінен ептеп сығалайды. Қараңғыда бірдеңе қараң еткендей болады. Бірақ дыбыс білінбейді. Қорыққанға қос көрінген шығар деп жориды. Өзіне қайрат бергісі келеді. Оған да болмайды: ұлыған дауыс әнтек толастап бара жатады да, тағы да естіледі. Бара-бара ұлу молаяды, тауды күңірентіп өзге дыбыстың бәрін басып кетеді. Ақбілектің қолы өзінен-өзі қостың бір сырығын суырып алады. Құлаш төс жарадай қайың сойылша. Сойылшаны қос қолдап бауырына таман қысып қояды, бір ұшы қостың сыртында. Қасқыр келсе қару қылмақшы. Ұлыған дауыстар саябырлаған тәрізденеді. Сойылшаны жерге сұлатып салып, Ақбілек азырақ бой тоқтатады. Бірақ онысы ұзаққа бармайды: бұлақ жақтан су сылдырлағандай болды...

Бұл немене?..Адам ба? Аң ба?.. Кім болса да қатерлі. Ақбілек сойылына тағы жармасты. Демін ішіне тартып, сілейіп қалды.

Кешікпей-ақ қара түнге қаз қатар, дөп-дөңгелек екі көз пайда бола кетті. Екеуі де қып-қызыл жайнаған от. Ақбілек атып түрегеліп, қостың түкпіріне бұғып отыра қалды. Әйтсе де байыз таба алмады, сойылы қостың аузында қалып қойыпты. Ақырын еңбектеп, қостың аузына қолын созып, жерді сипалады. Сипалап жатып сығалап еді, екі от төртеу болды. Сөйткенше болмады, олардың артын айнала көлденеңдеп екі қызыл көз тағы өте шықты. Алты от Ақбілекке алпыс оттай көрінді. Қараңғы түн қаптаған қызыл көз болды да кетті.

Оттар бір жалт етіп, бір сөніп, елбелектеп, таянып келе жатқан тәрізді.

Ойлағаны келді ме?.. Мінекей, шөпті сыбдырлатып келіп қалды.

Әне, қараң ете түсті...

Ойбай-ай! Бір топ қасқыр!..

Енді қай жаққа барайын?..

Ал, міне қостың төңірегін сылдыратып, жер тіміскіп жүр...

Ой, жасаған-ай! Тауып алар ма екен?..

Ойпырым-ай! Әне біреусі от басындағы сүйекті қытырлатып кемірді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий