Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қара мұрт Ақбілекті қолтығынан ұстап, қостан шықты да, оң жақтағы бұлақтың бұтасына қарай алып жүрді. Ұйтқып соққан ызылдақ жел. Ай жоқ. Қараңғылық қоюланып келеді. Сабаған жүндей түйдектелген, шыңылтыр сұрқыл бұлттар тоғытқан қойдай шоғырмақталып, тауға қақпақ болатындай, тауды тұншықтыратындай, аш тауықша селдір жұлдыз – тарыларын, бір-бірлеп қылқып жатыр. Жұлдыздармен бірге үміт сәулелері де бір-бірлеп батып бара жатқандай Ақбілектің сұм жүрегі әлденені сезгендей болады; екі көзі жалт-жұлт етіп қара мұрттың бетіне қарай берді. Қара мұрттың беті сұрланған, көзі қанталап, танаулары желбіреп, қозғалған іспеттенеді. Аяқ басуы қатаң: Ақбілекке ұнамайды, жүрегі қысылып, өкпесі аузына тығылып барады. Шеткі шоқ талдан асып, көп талмен араңқайға барғанда, қара мұрт тоқтады. Ақбілектің бетіне тура қарап біраз тұрды. Құшақтап, қысып, аузынан үш рет құшырланып сүйді.

«Осылай тұр!» дегендей екі иығынан басып қалды. Өзі бес-алты адымдай анадай жерге тура қалды. Алтыатарын алып, Ақбілекке кезене бергенде, Ақбілек шаңқ етіп безілдеп кезеулі мылтыққа қарсы тұра жүгірді. Қара мұрттың кезенген қолы сылқ етті.

— Мені неге атасың? Не жазығым бар еді? Ағатай-ай! Не қылдым?..— деп Ақбілек зарланып, жылап, өне бойы қалшылдап, қара мұрттың мойнынан құшып, аймалап сүймесін бе?

Қара мұрт қолын салмақпен көтеріп, керенеу құшақтап, арқаға қақты, аяғандай болды. Бетіне қарап, біраз тұрды да, мылтығын қабына салып, Ақбілекті қосқа қайта алып жүрді. Қосқа кірген соң тілмашын шақырып алып айтқаны:

— Мен сені сүйдім, сен үшін жанымды қидым. Өзімнен кейін өзгенің сүйгенін қаламаймын,— деді. Ақбілектің іші мұздай боп кетті. Ой жасаған! Орысқа сенім жоқ екен-ау! Әнеугіден бері ерлі-зайыпты кісідей жолдас боп жүріп, кетер күні өлтіріп кетем дегені неткен өзімшілдік, неткен тасбауырлық, неткен қанішерлік. Орыс шіркін өзім ғана өмір сүрсем екен дейді екен-ау! Өзгені жан екен десейші! Аяу деген болсайшы... деген ойлар дереу сап ете түсті де, дереу айла тапқысы келді:

— Мені өлтірме! Қасықтай қанымды қи! Мен саған тағы керек болмасымды қайдан білесің? Мен түсімде саған еріп қала барып жүр едім. Сен бұл жолдан аман-есен қайтасың, елге аман барасың... – деді.

«Жақсы лепес – жарым ырыс» деген мәтел өте-мөте өлімге бара жатқан адамға жылы тисе керек. Қара мұрт Ақбілектің әлгі сөзіне ырым көріп сенді де, «Айтқаның келсін!» дегендей аузынан сүйді.

Сам жамырап ел орынға отырған кезде, орыстар бастығының ақырып қалған даусымен қаздай шұбырып, асудың тар аузына қарай арқандай созылды.

***

Ақбілектің жанын жынның ойнағындай ойрандап кеткен озбыр омырау, өксікті күндер орыс мінген аттардың аяғымен бірге алыстап бара жатты. Тықыр ұзаған сайын «Алла, алла, алла..» деген лебіз кеудені керіп ауыздан еріксіз ағылуда еді. Көшкен орыстың жұртында бұралқы күшіктей қаңғырып Ақбілек жалғыз қалса да, жалғыздығына өкінген жоқ. Орыстың оғынан өлгеннен де, құлазыған иесіз тауда тентіреп өлгенін артық көрді. Орыстардың дыбысы өшкенше: «Құтқарғаның шын ба, жасаған!» дегендей, арттарынан топырақ шашып, қарасы өшкен соң: «Үүһ!» деп демін бір алып, төңірегіне көз салды.

О кезде ызғырығы ызылдап, бойды мұздатып, сабалақ қара бұлттан тон жамылған күздің көзсіз қара түні ақ бас Алтайдың үстіне қара бурадай шөгіп, сай-салаға бауырын төсеп, дүние қарауытып келе жатыр еді. Көк жүзінде жайылып жатқан жұлдыз — қойларын көздеп тұратын шопан атасындай жау көргендей зым-зия жоғалыпты.

Сабалақ қара бұлттар-ау, Ақбілектің, жанын тұншықтырған қара тұман аз болды дедіңдер ме, үстіне мұнша төнгенше, анау асқар таулардың басына түнесеңдерші.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий