Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Жанталас» повествует о борьбе Казахстана с иноземными захватчиками в XVII-XVIII веках и о завоевании Абулхаир-ханом западной части Казахстана Российской империи. В книге упомянуто вероломное нашествие Калмыцкого ханства на народ Казахстана, описаны бои под Алаколом, в районе Ордабасы, личные переживания Абулхаира, который попал под власть Российской империи.

Кочевники II. Борьба / Көшпенділер ІІ. Жанталас - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Сенің осылай дейтініңді сезетін едім, — Абылай езу тартқандай болды, — рас, хан тағына жету үшін мен ұзақ һәм бұралаң жол бастым... Бірақ сол хан тағы маған не үшін керек еді? Осы сұраққа көңіл күйім тағы бір қасірет шеккен күні жауап берейін деп едім ғой. Сол күн туған секілді... Адамға өлімнен артық қасірет бар ма? Ал тыңда... Иә, хандық құру, тек мансапқорлықтан туды ма сол арман? Жоқ, Бұқар аға, онда сен мені білмегенің. Қолыңда күшің болмаса, кімге айтқаныңды істете аласың? Ұлы хан тағына отырсам қазақ елін өзімнің дегеніме жеткізсем деп ойлағам... Ал соңынан... Әділетті ұлы хан болсам халық менің бұрынғы қиянаттарымды ұмытады ғой деп сенгенмін...

— Бірақ сенің қолыңнан ондай хан болу келмеді ғой.

— Хан бар жерде қиянат болмауы мүмкін емес екен. Бірақ мен сол қиянатымды да, озбырлығымды да, халқымды уысымда ұстау үшін жұмсадым, ел бірлігін күшпен сақтамақ болдым.

Бұқар үндемей отырып қалды. Бір кезде барып:

— Иә, Абылай, сен қанды көз қара бүркіт едің!

Саған еліңді аққу құстай әдемі әніңмен басқармадың деу күнә болар... Олай басқаруды мына замана көтермес те еді, — деп Абылайдың ұзын, арық саусақтарын сипады. — Ал енді бүл жалғаннан өтіп барасың, артыңдағы ұл-қызыңа айтар қандай кеңесің бар?

Абылай бұл сұрақты күткен секілді. Сәл ойланып жатты да, Бұқарға көзінің қиығын аударды.

— Ұл-қыз дейсің бе?.. Менің кеңесіммен жүрер ұл-қыз болар ма екен? Сөйтсе де екі айтарым бар. Бірі — қазақ аз ел ғой, азып-тозып кетпес үшін, қолдарынан келсе солардың бірлігін сақтасын. Бірлігі бар елді басқару жеңіл. Екінші айтарым — мен елу жылдан астам соғыс жүргіздім. Жетпіске келген жасымда, мейлі айла құрайын, қолыма найза ұстап майданға шығайын, әйтеуір шығыс жағымнан келген жауға, әсіресе, Қытайға қазақтың бір тұтам жерін бергем жоқ. Ал батыстан келе жатқан орыс еліне, оның бекініс, қала салуына қарсы шықпадым. Тіпті қара шекпендеріне егін-жай да бердім. Осыны неге істедім? Ақ патшамен тіл тапқым келді. Рас, кейде оның қиянаты да аз болған жоқ. — Абылай өзін үш жүздің ханы етпеген өкпесін айтқысы келді де кенет қоя қойды. — Бірақ «битке өкпелеп тоныңды отқа салма» деген, сол ақ патшамен найза арқылы емес, сөз арқылы тіл табуға тырыссын. Бұлай ету өздеріне сүйеніш болады. Ақ патша тірі тұрса, Абылай ұрпағынан ел билеу үстемдігі кетпейді...

— Абылай, — деді Бұқар жырау, — өмірде қиындықты да, қызықты да көп көрдің, ал сонда қандай өкінішің бар?

— Өкінішім, — деді Абылай күрсініп. — Өз басымның өкініші... Үш жүздің басын қоса алмадым; аз елге хан болдым. Қазаққа мал емшегін емізгенмен, жер емшегін емізе алмадым. Орда Көкшетауда тұрғанда ақылшым болған Тимофей Егорұлының кеңесімен Зеренді, Шортандыны жайлаған төлеңгіттеріме егін егуді үйретсін деп орыс мұжықтарын да әкелдім. Бірақ мал баққан, найза ұстаған сорлы қазақ, тез көндіге қоймады. Жер деген алтын қазына ғой. Екі тепе суды жері бар өзбек, екі үйір жылқысы бар қазақтан бай тұрады. Және жұттан да қуаңшылықтан да қорықпайды. Ал мен жаудан қазақтың жері біткенін қорғаймын деп жүргенімде дүние құрғыр өтіп кетіпті ғой, білмей қалдым...

Абылай үндемей сәл жатты да, жұмылып кеткен көзің қайтадан ашты, дүние шіркінді қимағандай салтанатты хан сарайына сұқтана бір қарады.

— Жырау, егер айтарың бітсе, менің де сенен сұрарым бар, соған жауап берші.

— Айтыңыз, хан ием.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий