Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қасым төре жолды әзірге Саржан мен Есенгелдіге бергенмен түбі Абылай жолын алып жүрер ортаншы ұлы Кенесары мен кіші баласы Наурызбай болар деп те үміттенетін. Нысанбай сөзінің өз ойынан шыққанына ол іштей «қателеспеген екем, мен аңғарғанды сыншы ақын да аңғарған екен» деп ойлады. Бірақ өзіне самсай қараған көзді байқамағандай, домбырасын қасына қойып терін сүртіп жатқан Нысанбайға:

— Көп жаса, ақсаңдақ жүйрігім, — деді, — көңілімізді бір көтеріп тастадың ғой.

Қасым төре Есенгелді менен Саржаннан бір айдан бері хабар ала алмай іші бітеу жараға толы еді. Суық хабар сумаңдап әп-сәтте-ақ тарайды ғой. Еш жаманаттың естілмеуі Саржан мен Есенгелді сау дегендей жұбаныш беретін.

Қасым төренің оқыс аталған Кенесарының атын хош көргендей болуы ортаншы ұлына үлкен сенім артатынын танытты. Жұрт та мұны аңғарса керек.

Қазір Кенесары осы жайларды әлсін-әлсін таразыға салуда. Әрине, қазір атасы Абылай ханның заманы емес. Ол кезде Россия патшасының әскері де Ақ Жайықтың арғы бетінде болатын. Қарт Қожақ шежірешінің бала күнінде, Абылай атаң хан болар жылы Қызылжар қорғаны, одан жиырма бес жыл бұрын Ескі Семей, сол жылдары Қараөткел, Баянауыл, Қарқаралы бекіністері салынды деп отыратыны әлі есінде.

Кенесары батыр қазақтардың өз тәуелсіздігінен айрылуының ең басты себебі — «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деп қарайтын ел ағаларының ауыз бірлігі жоқтығынан деп білетін. Сол қазақтың басын қосуға бола ма? деген сұраққа өзі де жауап бере алмайтын.

Тек соңғы кезде ғана бір жауаптың ұшығын тапқан тәрізді.

Ол ұшық Абылай атасының заманы мен қазіргі ел жағдайында жатқан секілді.

Абылайдың тұсында Россия патшасы Сарыарқаны төңіректеп бекініс салғаны болмаса, бәлендей ішіне кіре қоймаған-ды. Сондықтан атасы Абылай біресе Россияны еміндіріп, біресе Қытайды дәмелендіріп екі ортада бостандығын сақтап жүре берген. Ал қазір қазақта ондай мүмкіншілік жоқ. Бір жағынан әбден орын теуіп алған патша әскері болса, екінші жағынан қазақ жерінің бүкіл оңтүстігі мен Сыр бойын басып алған Қоқан мен Атырау, Арал тұсынан Үстірт, Маңғыстауға дейін өкімін жүргізген Хиуа хандықтары тұр. Абылай кезіндегіден қазір қазақ елінің басын қосудың қиындығы да, жеңілдігі де осында деп түсінеді Кенесары.

Ашынған жолбарыс ажалдан шошынбайды. Қазір қазақтың қалың бұқарасы осы ашынған жолбарыс тәрізді. Үш жақтан бірдей қадалған найза, қазақты да оятқандай. Кеше сонау Ұлытаудан Құдайменді батыр келген. Ол Жоламан мен Иман батырдың сәлемдемесін әкеліп, қазір Сарыарқаның қай қиырында болса да ақ патшаға қарсы шығатын жұрттың көп екенін айтқан. Бастайтын жан болса еретін жұрт бар деген. Ал Сарысу, Шу, Сыр бойы қазақтарының да күйі белгілі, ұран салып, ту көтерсең соңыңнан еруге дайын. Хиуа ханының қиянатына шыдамаған Адай, Тама, Табын, Шөмекей, Жаппас, Шекті рулары найзаларын жалаңдатып, қан жұтып ол отыр.

Қазір бас көтеруге ең бір қолайлы кез. Қиянат жанын жеген бұқара қураған шөп тәрізді, от тисе болды-ақ лап етіп бүкіл Сарыарқаны, Сыр бойын, Жайық, Маңғыстау, Үстірт даласын алып кетуі ғажап емес.

Абылай ханның қай қатынынан тараған ұрпағын алсаң да, тастай берік, ұйымшыл. Әсіресе Қасым төре ұлы-қызы: Есенгелді, Саржан, Күшік, Мұса, Кенесары, Наурызбай, әбілғазы, Кенесарының апасы батыр Бопай, олардың балалары Құдайменді, Ержан, Иса, Қошқарбай, әбілпейіз. Қасымның інісі Дайырдың балалары Тәті, әті, Сатыбалды, оның баласы Қалдыбай, бәрі өзен қайда құйса, тамшы да сонда құяды дегендей, үлкені қайда бастаса, өзгесі соңынан еруге бар. Нағыз бір ұялы көкжал қасқырлар тобы дерсің. Тек аталас Күшік қана бозөкпелеу. Әкесінің айтқанына тек қатігез бауырларынан қорыққанынан ғана көнетіндей. Бір биеден ала да туады, құла да туады, бір шіріген жұмырт-

қа кімді бүлдірер дейсің дейді ішінен Кенесары.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий