Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Абылайдың алдында ғана Орта жүз хан көтерген қырық мың жылқы айдаған Сәмекенің ұрпақтары Құдайменді балалары десе, Кенесары ұйқысынан шошып оянады. Аға сұлтан Қоңырқұлжа мен Кенесары арасында тек қана ежелден келе жатқан ел билеу, қоныс тебуден туған ата дауы емес, бастары көрге кіргенше кешірілмейтін уыты қанға сіңген өшпендік бар. Сол өшпендік, кешірілмес қастықтың енді ақ патша мен қазақ елінің арасындағы үлкен саясатқа да ықпалы тимек. Кенесары орнынан түрегеліп, сәл ерсілі-қарсылы жүрді де, қайтадан ой шумағын тізе берді.

«Хандыққа таласудың екі жолы бар. Оны сан айқастан өткен Кенесары жақсы біледі. Бірі саған хан билігін әперем деген халықтың артында тұрып басқара білу. Екіншісі соңынан ерген қолдың алдында жүріп ерлігіңмен өзіңе тартып алу.

Хандыққа жүз бен жүз, ру мен ру таласса, жұрттың арт жағында тұрып елді қырғынға айдап салып, ақыл-айламен, зұлымдық-жауыздықпен мұратқа жетуге болады. Ал бүгінгі таластай, қалың бұқараның тәуелсіздігін қорғау арманы мен сенің жұрт билігін қолға алам деген көкейкесті тілегің ұштасып жат-

қанда, соңыңнан ерген қолдың артында емес, алдына шығу қажет. Сонда ғана саған қара халық сенеді, соңыңнан ереді. Бұқара өз басыңның қамы үшін емес, халқың үшін алысып жүргеніңді көзбен көргені жөн. Сөйткен күнде ғана, арманыңа жетесің. Халық өзі арманыңа жеткізеді».

Осындай шешімге келген Кенесары, кенет тізесін бүгіп беліндегі Исфаған шебері соққан наркескенін суырып алып, қылшылдаған суық жүзінен сүйді.

— Анадан қорқақ болып тумап едім, — деді кенет даусы дірілдеп кетіп, —арманыма жеткенше қорқақтық білдірсем өз қанымды өзім ішейін, осы сертіме, түсі суық наркескен, сен куә бол!

Ол наркескенін қынына салып, енді көтеріле берем дегенде, арт жағынан сыңғырлай шыққан әйел даусы естілді.

— Төрем-ау, намаз оқып жатырсың ба?

Бәйбішесі Күнімжан екенін Кенесары қарамастан таныды. Түрегеліп, тізесін қақты да, қарсы жүрді.

— Жәй әшейін, семсерді тасқа салып дүзін сынап жатыр едім.

— Қас болатты жау жүрегіне салып сынамас па?

— Оның да жөн.

Кенесары әйелінің сөзіне риза болып қалды.

Күнімжан биыл жиырма алтыға шыққан. Оймақ ауыз, құмай көз, қара торының сұлуы. Екі бала тапқанына қарамастан, сұңғақ бойына жарасқан тіп-тік қос жұмырықтай қос анары алтын жамбылы алқасын тырсылдата керіп, аш белі үзіліп кетердей талып, мықынынан төменгі бура санды бөксесін мейлінше айқындап тұр. Үстінде шытырма ақ жібек көйлек, көгілдір торқа оқалы қамзол, оның сыртынан шетін құндызбен әдіптеген дүрия қызыл шапан, басында ақ меруерт өрген, алтын теңгелері көзіне түсе салбыраған қызыл барқыт сәукеле. Сыртынан ақ торғын шәліні көмілдіре жамылған. Құлағына таққан үш буынды сырғалары мен арқасына төгіле түскен тоқпақтай қалың шашының ұшындағы төрт қатар шолпысы патшаның кілең бір сомдық алтын ақшасынан қиыстырылған. Батырдың алдында өзін-өзі қымсынбай ұстауы, былқ-сылқ басып қасына бұрала келуі, ерке бәйбіше екенін аңғартады.

Расында да «жазығы қатын демесең, қыздан артық салдығы» деп Жүсіп қожа ақын айтқандай, Күнімжан Кенесарыға ақылымен де, сұлулығымен де әбден ұнаған әйелі. Шыққан төркіні де Қасым төреден салтанаты мен байлығы кем емес, арғынның шонжарларының бірі әлке Байдалы тұқымы.

Мынау үстіндегі торқа, дүрия киімдері мен алтын білезік, алтын шолпы, алтын жүзіктің бәрі де келіншек боп түскенде осы төркін берген жасауы.

Кенесары мен Қоңырқұлжаның бітіспес қас-жау болуларының да бір себебі осы Күнімжанда...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий