Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Күнімжан өкінбеді, өйткені осыдан екі жыл бұрын қос қатынының үстіне тоқалдыққа алмақ боп сасық ұрт, бұзау тұмсық Қоңырқұлжа құда түсіп, үш үйір қара көк жорғаны қалың малына төлеп кеткен. Оның үстіне Қарақойын Қашырлыға ел жайлауға шыққан шақта ұрын келем деп жақында хабар

берген.

Таңертеңіне Терісаққанның ойпаттау жағасына қонған Байболат ақсақалдың ауылына Күнімжан мен жапалақ сары қызды ерткен Кенесары нөкерлерімен келіп түсті. Күнімжанның осы түнде Кенесары батырмен көңіл қосып шыққанын ең алдымен жеңгелері, одан шешесі естіп, суық хабар бірте-бірте жыландай жылжып Байболат ақсақалдың өзіне барып жеткен. Абылайдың аруағынан, Қасым төренің қаһарынан сескеніп, не істеуді білмей, оның үстіне абыройы айрандай төгілген қызының күйігі де арқасына аяздай батып отырған Байболат ақсақалға Кенесары көп кешікпей «Күнімжанды маған берсін» деп кісі салған.

Байболат ақсақал бұл тілекті шұғыл ақылға сап, қолма-қол шешімін

айтқан:

— Үш жүзге хан болған Абылай атасына Арғынның, Қарауыл, Атығай рулары алты қызын бергенде, сол Абылайдың батыр немересіне біздің жалғыз қызды қимағанымыз болмас, алсын — деген.

Бір апта өткеннен кейін әлке Байдалы, Аққошқар Сайдалы боп үш бозды көсем жеккен күмістеген қара пәуескемен, жасау артқан тоғыз нарды бір көш етіп Күнімжанды ырғалтып-жырғалтып Көкшетаудағы Қасым төренің ауылына ұзатқан.

Мұны естіген Қоңырқұлжа намыстанып бұлқан-талқан болған. Жасақ жіберіп Байболат ауылын шауып алуға да оқталған. Әйтсе де, байлығы өзінен артық Арғынның шонжар руы әлке Байдалымен жанжалдасуға батпаған. О баста Күнімжанды тоқалдыққа сұрағанда да Қоңырқұлжа тек қатын санын көбейтпек емес, Арқаның осы шынжыр балақ, шұбар төс руымен жақындаспақ ойы да болатын, ал сол ойдың бұзылғанына қатты қынжылса да, тайпа рулы елді өзіне жау етудің қатерлі екенін ұқты. Сондықтан Байболатқа берген қалың малына үш тоғыз айыбын қосып алды да, ұпайым түгел дегендей, көкіректегі ызаны ішке түйіп қала берді.

Бірақ Қоңырқұлжа енді Қасым балаларына әбден өшігіп алды. Ебін тауып, езуін қалай жырам деп жүргенде Көкшеден Жабайы өзенінің сағасында отырған Тарақты еліне ұзатылып бара жатқан Саржанның үлкен қызы Күнікейге жасағымен кездесіп, оны бір түн иемденіп қоя берген. Аға сұлтан Қоңырқұлжа мен Қасым төре балаларының арасындағы осы бір намыс ызасы енді бір-біріне мәңгі кешпес қанды кекке айналған. Бақ таласы, жер таласы, ру таласы, ар таласы, қатын таласы бәрі келіп, әбден шиеленіскен қыл түйін болып қатып қалған.

Мұны тек алмас семсер, өткір қылыш қана кесіп бере алатынын екі жақ та жақсы білуші еді.

Осы таластың бас себепкері Күнімжан сұлу шыққан жері де, түскен жері де мықты болған соң өзін-өзі тым еркін ұстайтын. Күйеуіне де айтқанын істететін, мейлінше ерке...

Күнімжан қазақ әйелдерінің салты бойынша Кенесарыны күйеуім, ерім демей тек «төрем» деп қана атайды. Бұнысы бір жағы күйеуінің төре тұқымынан екенін дәріптеу болса, екінші жағынан «төрем» деп өзіне билігінің мол екенін ескертіп еркелетуі еді. Сол әдеті бойынша ол:

— Төрем, сен Құдайменді батырдың атама естірткен сұмдығынан хабардарсың ба? — деді сәл жүдей.

— Жоқ, қандай сұмдық?..

— Азнабайдың балаларын білесің ғой...

— Қай Азнабай? Баянауылдағы Қаржас Азнабай ма, әлде өзіміздің Көкшедегі Ақсары Азнабай ма?..

— Қаржас Азнабай. Біз Арқадан көшпей тұрып Тайжан деген баласын патшаға қарсы шықтың деп Омбыда атып өлтіріп еді ғой, соның ағасы Сейтен батырды да өлтіріпті...

— Топырағы торқа болсын. Есіл ер ерте кеткен екен! Менің ажалым Қоңырқұлжадан келеді деуші еді. Сол иттің өшпенділігінен мерт болды ма екен?...

— Иә, солай көрінеді. Азнабай аулымен Балқашқа қарай көшіп келе жатқанда, Мың Арал төңірегінде Қоңырқұлжаның әлгі шоқынған кіші баласы жол көрсетіп әкелген әскер қарсы шығып ұстапты...

Кенесарының күлгінденген сарғыш түсі қара қоңырланып кетті.

— Қырылғандары көп пе екен?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий