Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Кенесары сол күні өзінің он екі қанат ақ ордасына Ағыбай, Наурызбай, Құдайменді батырлар мен Нысанбай жыршыны шақырып алып ұзақ кеңесті. Ертеңіне жанына үш батырды ертіп Қасым төреге келді.

«Ташкентті шап» деп ашу үстінде айтып қалдым ба, егер Сыр, Шу, Сарысу бойының ер азаматтары ермесе, аз ғана Алтай, Тоқа, Алшын, Уақ руларының Ташкентті алуға күші жете ме деп, Қасым төре де ақ мамық төсегінің үстінде түні бойы кірпік қақпай дөңбекшіп шыққан. Кенесарылардың келгенін естіп, бүктүсіп жатқан жерінен басын көтерді.

— Көке, — деді Кенесары әкесінің алдына тізесін бүгіп, басын иіп, — «Көппен кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей біз ақылға салып, Ташкентті шабуға әлі ерте деп таптық.

— Сонда не істемексіңдер?

— Күз түспей Көкшетауға көшкенді жөн көрдік.

Қасым «Көкшетауға неге көшесіңдер?» деп сұрамады. Басын шайқап үндемей ұзақ отырды да, әлден уақытта барып:

— Бөлтіріктерін қалдырған қасқырдың апанына аңшылар әрдайым қақпан құрады. Көкшетауда бізді күткен үлкен қатер бар, ол ара енді сендерге қоныс болмайды, — деді, — Арқаға көшкен жөн, онда да Ұлытауға... Үш жүздің қақ ортасы, бірі болмаса біріне иек артуға қолайлы.

— Ұлытау — Бағаналы жері. Патшадан шен алған Сандыбайдың Ерден, Дүзені қоныс бермесе қайтеміз? Келмей жатып тағы да сойыл, шоқпар қақтығыстырамыз ба?

— Иә, өзің бүлініп келе жатып, тыныш жатқан елге бүлік салсаң, сені жұрт бүйіден кем көрмейді, — Қасым ауыр күрсінді. — Сонда Абылайдың ақ туын көтерген Сарыарқадан енді бізге барар тау, басар жер қалмағаны ма?

Үйге кіргеннен бері үндемей отырған Құдайменді батыр тізесін бүкті.

— Сандыбай тұқымынан жақсылық күтуге болмайды, — деді ол. — Егер көшсе Терісаққан бойына, Қарақойын Қашырлыға көшкен жөн. Бізге ерген ой Алтай азаматтары болса, ол ара Жанайдар, Төлебай батырлар шыққан қыр Алтайының жері. Туыс туысты табады. Және Арғынның ардагер руы Абылай ханның ұрпағына бір қысқа қоныс беруі күмәнсіз. Ал жаз шыға Ұлытау төңірегінен орын тепкен келісімді. Сандыбайдың қос бөрісі Ерден, Дүзенінен Ұлытау, Кішітау маңын, Қаракеңгір, Сарыкеңгір бойын берсе қолынан, бермесе жолынан, алты қарыс азуларын көк құрышпен тілгілеп отырып тартып алу керек.

— Бұл табылған ақыл, — деді Қасым, — Терісаққаннан Күнімжан келіннің төркін жұрты да алыс емес.

— Онда Қарақойын Қашырлыға күні бұрын шабарман жіберіп хабарласқан жөн болар, — деді Кенесары.

Қасым иек қақты.

— Бұ да табылған ақыл.

Қарақойын Қашырлыны жайлаған қыр Алтайы елімен сөйлесуге қос атпен Құдайменді батырдың өзі жүрмек болды. Қалған жұрт Ташкент құшбегінің қолынан қаза тапқан ұлдарының жетісін берісімен Арқаға қарай көшуді уәделесті. Ер азаматтар, шал-кемпір, бала-шаға туып өскен сар даласын сағынып-ақ қалған екен. Бұл хабарларды қуана мақұлдады. Кешеден бері елегізіп жүрген жастар енді белдерін бекем буып, ат құйрығын түйіп алыс сапарға дайындала бастады. Қорамсақтарынан екі қырлы өткір ұшты сауыт бұзар, төрт қырлы қозыжауырын жебелерін алып, тартылар жеріне жаңадан күшігеннің қойлық жүні, тазқараның тайлақ жүні деп аталатын күшіген мен тазқараның қауырсындарын қондырды. Ал кейбіреулері болат ұшты қос құлаш қайың найзаларының ұштарын өткір қайрап, ат құйрығынан жасалған шашақ тағып жатыр. Бағзы біреулер беліндегі сүйек сапты бұйда пышақтарын қылшылдата қайрап, бөтен қарулары болмағандықтан жуандығы білектей сай бойына біткен тапал қарағайдың түзулерін тауып алып, жұмыр түбірімен суырып, кеспелтек шоқпар жасауға кіріскен. Арқа жеріне қайткенмен де тыныштық болмайды дегендей жауға арналып жөнделген қару-жарақ, алыс жолға деп дайындалған ер-тоқым, жүген-құйысқан, мінер ат...

Қаратау қойнауындағы ауыл біткен қаза болған сұлтандардың жетісін берісімен бірден көтерілді. Қайтқан қаздай тіркеліп, сыңсып көшіп бара жатқан жұрттың ту сыртынан қарап дөң басында Кенесары тұр. Бір тілегінің орындал-

ғанына іштей қуанса да, алдымызда қандай күн бар деп қобалжығандай...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий