Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қаратаудың жыңғылы мен баялышы Көкшенің тобылғысы мен қарағанына жетпес, бозы менен көдесі, жұпар аңқыған көк шалғынына пара-пар келмес. Сонда неге жүр бұлар Сырдың сұрғылт даласында? Жан сақтау ма, әлде хандық па көксегендері? Егер жер кегі болса, таласпай ма сол жер үшін сол туған жердің өзінде? Сырда жүріп Арқаны қалай алмақ? Наурызбай осы жәйіттерді ойласа, ештеңеге түсінбейді. Әкесі Қасым төре, ағалары Есенгелді, Саржанның бұл жөнінде ұстаған жолы оған жұмбақ.

Наурызбайға мың Қоқан хандығынан Сарыарқасының бір жайлауы артық. Осы қайғы кеше Құдайменді батыр келгеннен бері тіпті үдей түсті. Қазіргі қабағының қатуына да себеп осы. Аға, жеңгесінің төбе үстінде оңаша тұрғанын көріп, сөйлесуге әдейі келген. Наурызбайдың реңінен көңілінің қапалы екенін аңғарған Күнімжан оған күле қарап:

— Кіші төрем, неден жүдей қалғансың? — деді, — бір жерің ауырғаннан саумысың?

Наурызбай қапалана жауап қайырды.

— Ауру екенім рас, жеңеше... Жаным ауырады, көкірегім ауырады, жүрегім ауырады...

Інісінің немен дертті екенін көптен бері сезетін Кенесары үндеген жоқ. Күнімжан енді жігер бере сөйледі.

— Қара бұлттан күн де шығар, бұл аурулардан айығар заманың да келер.

— Қашан?!

— Оны жүйрік аттың шабысы, ер жігіттің намысы біледі.

— Намысқа шабар алысымыз болып тұр ма? Біз қазір апан-апанға келіп тығылған бөрі тәріздіміз. Қанша бөрі болсаң да, тығылған жерің құр түкпір...

Кенесары кенет інісіне қарады.

— Апаннан атылған бөрі жауына қауіпті екенін білмейтін бе едің? Қол-аяғыңды бауырыңа жинап атылуға дайындала бер, Науанжан...

— Жоқ, Кене аға, апанынан бөрі тек ажалына ғана атылады.

— Кейде жауын да мерт етпей ме?

— Маған ондай ит-жығыстың керегі жоқ, — Наурызбай ағасына кішілік мінез көрсете ақырын сөйледі, — маған жауымды аңдып басар Көкшенің ыңғыл-жыңғыл жартасы, соңымнан жел де қуып жете алмас ұшы-қиыры жоқ Арқаның кең даласы керек.

Кенесары інісінің өзімен пікірлес екенін бұрын да білетін, бұ жолы да ойлаған жерінен шыққан соң іштей қуанып қалды. Сөйтсе де қатты мінезіне салып;

— Ұясынан ерте ұшқан қыран тез қартаяды, — деді, — алдыңда ағаларың барда жол таңдамай тұра тұр.

Наурызбай Кенесарыны өзге ағаларынан артық сыйлайтын, сондықтан қарсы сөзге келмей:

— Құба-құп, — деп төмен қарады.

Дәл осы кезде күншығыс тұстағы белестен ойдағы ауылға қарай көтерілген шаң көрінді. Әрі-беріден соң тау ішінен екі салт атты сытылып шықты.

Қырағы көз Кенесары тесіле қарады да:

— Ойпырмай, мынау Ағыбай болмаса етті, — деді кенет қобалжи, — астындағысы Ақылақ тәрізді...

Наурызбай да тесіле қарады.

— Иә, Ағыбай көкем! Ал жанындағысы кім? Ат жалына жабысқан түрі Ержанға ұқсайды.

— Иә, солар.

Сөйткенше құйындата шапқан екі атты жетіп те қалды. Енді олардың «ой бауырымдаған» айқайы да естілді.

Кенесары сазарған қалпынан қозғалған жоқ. Наурызбай мен Күнімжан шыдай алмай келе жатқандарға қарсы жүгірді.

Ағыбай пұшпағына дейін терге батқан атынан қарғып түсіп, белбеуін мойнына салып, қазақтың жамандықты естіртетін көне дәстүрі бойынша, екі қолын көкке көтере, тізерлей отырып ағыл-тегіл жылаған қалпы суық хабарды естіртті.

— Батыр Кене, қос боздағымыздан айырылдық, он сегіз асылдан айырылдық. Ташкент құшбегі қолынан Есенгелді, Саржан ағаларың қаза тапты. Қыршын жігіттерімізді де тегіс бауыздады.

Кенесарының түрі күреңітіп, ерні бозарып кетті.

— Қашан? Қалайша?

Ағыбай бетінен сорғалаған жасын сүртпестен, ауызы кемсеңдей:

— Осыдан екі күн бұрын. Жауыз құшбегі бізді алдап шақырған екен. Мәделіхан келген күні түнде Есенгелді мен Саржан сұлтанды диуан сарайына шақыртып алды. Сендердің Қоқан хандығына қарсы шығатын ойларың бар екен деп бастарын алдыртыпты. Ержан екеуміз төрелердің жарлығы бойынша керуен сарай ауласындағы аттарды қарауға кеткенімізде рабатта ұйықтап жатқан өзге жігіттерді жендеттері келіп бауыздапты. Біз әзер құтылдық.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий