Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қалың ел екі аптадан кейін Бетпақдаланы көктей өтіп, Сарысудың құмға сіңіп жоқ болар етегіндегі Қызыл жыңғылда отырған Бәтеш ауылына жеткен кезде алдарынан Алтайдың жүрек жұтқан батыры, аталары Сеңгірбай, Жанұзақ Абылайдың үзеңгілес серіктері болған. Соңынан Жеке батыр атанған, Төлебай қарсы шықты. Қастарында ел билеуші екі-үш ақсақалы мен он шақты сойыл көтерген жігіттері бар. Астарындағы жұпыны аттары мен үстеріндегі елтірі тымақ, түйе шекпен, сірі етік, бұлардың кедей ауылдан екенін аңғартады. Төлебай батырдың да кигені бәлендей мәз емес, әйтсе де ол ерекше көзге түседі.

Төлебай көлденеңі мен ұзындығы бірдей төртпақ келген, қою, қара мұрты құлағына дейін жеткен үлкен қара көзді, қара сұр адам. Тақымындағы бұзау тіс шоқпары да өзіндей шомбал, астындағы мінген қара көк аты да ұзақ шабысты, ошақ тұяқ, төрт таған, құлаш кеуделі, жалпақ жаялы мықты қазақы жылқы.

Төлебай батыр Кенесары тобымен көштен ұрын кездесіп, Арқаға қайтқан ағайынды құшақ жая қарсы алатындарын білдірді.

Көш қозғалғалы көңілі қобалжып келе жатқан Кенесарының енді еңсесі көтеріле бастады.

ЕКІНШІ БӨЛІМ

І

Күн сәулесі түндіктен төгіле түссе де, Қараөткелдің аға сұлтаны Қоңырқұл-

жа әлі тұрған жоқ. Ақ мамық құс төсектің үстінде қос жастыққа көміліп қалың ойға кеткелі көп болған. Бір мезет Қоңырқұлжа аунап түсіп шалқасынан жатты. Енді мойылдай қап-қара кішкентай көздері дәл тұсындағы сырлы уыққа қадалып, мысықтың мұртындай түксиген сирек қасы едірейе қалды. Қамшының алақанындай жалпақ келте мұрны пысылдап, кебежедей жуан қарны дем алған сайын көтеріле түсіп ырқ-ырқ етеді. Салпы ерінді аузын қисаңдата шайнағанда саршұнақтың құйрығындай жіңішке ұзын мұрты едірең-едірең ете қалады. Бұл жатқаны кіші тоқалы Зейнептің жеті қанат ақ отауы. Үй іші салтанатты; жерге төгілдіре төселген қырмызы қызыл түкті кілем, төрде қызылды-жасылды қаңылтырмен өрнектелген әшекейлі қос сандықтың үстіне керегені сірестіре жинаған шәйі көрпе, құс жастық... Есікке таман оюлы сырлы кебеже, екі жақ босағада сәндік үшін іліп қойған тоғыз қара құндыз, тоғыз қара түлкі. Табалдырықта қара қылшықты екі қасқыр терісі жатыр...

Аға сұлтан қазір көйлек-дамбалшаң. Дамбалының кең балағы тізесіне дейін түрілген. Ышқыры мен көйлегінің салпылдаған етегінің әр жерінде кеуіп қалған қан көрінеді. Оған қымсынар Қоңырқұлжа жоқ, тышқан көзін кейде жұмып, кейде ашып қалың ойға шомуда.

Аға сұлтанның аяқ жанында оның бүйендей жуан жүнді жұп-жұмыр балтырын сипап, былтыр ғана түскен, торқа мен жібекке малынған бүлдіршіндей жап-жас бөкселі, тығыршық кеуделі, кіші тоқалы Зейнеп отыр. Ол күміс жүзік, алтын сақина салған мыртықтау саусақтарымен байының борпыл бұлшық етті балтырын шымши уқалайды. Шымшиды деген құр аты, бір жерін ауыртып алмайын дегендей, жәй әшейін бұрай сипайды. Бетінде не қуаныш, не реніш белгісі жоқ, бір тамыры бүлк етпей тұнжырап қалған. Тек найзадай сүйір ұзын кірпіктерін көтеріп, Қоңыр төренің етегі мен ышқырындағы қанға көген көзі түсіп кеткенде ғана, барқыт қабағы сәл шытынап, піскен бүлдіргендей томпиған еріндері бұртия қалады. Бірақ жас тоқалының қандай күйде отырғанына көңіл аударар Қоңырқұлжа жоқ, шытырман ойға шомып кеткен.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий