Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

әлсіреп қалған Ержанды Наурызбай мен Күнімжан сүйеп тұрған. Суық хабарды естісімен Күнімжан басындағы үкілі сәукелесі мен күлгін торғын шәлісін жұлып алып, қара шашын жая, екі белін таянып жоқтау айта жөнелді.

Қапыда кетті қос арлан,

Жау сөзіне бос нанып.

Аямады қас дұшпан

Батырып қанға кек алып...

Жамандық хабар соққан желмен бірдей, іп-ілезде бұл сұмдықты барлық ауылдар да естіді. Шаштарын жұлып, беттерін тырнап боздаған ана, егіл-тегіл еңіреген бала, үй-үйдің қасында жоқтау айтып топтанған қатын-қалаш, көзінің жасын сүртіп күрсінген шалдар, ашулы көздері оттай жайнап кіжінген жігіттер. Ойпатта отырған бар ауыл көл үстінде тып-тыныш жүзіп жүрген қаз-үйрекке ителгі тигендей әп-сәтте азан-қазан болды да қалды.

Қанды уақиға әбігері тек ертеңіне таң атып келе жатқанда ғана басылды. Ағыбайдан Есенгелді, Саржан қалай қаза тапқанын толық естіген Қасым төре бір түннің ішінде у ішкендей боп жүдеп шықты. Үлкен мұрынды сарғылт жүзі көгілдір тартып, қою қызғылт сақалы қырау басқандай бозарып, жайшылықта қанды балақ қасқырдың көзіндей білеулене қызарып тұратын шегір көздері кенет жасып ағара түскен. Жетпіске келсе де, тіп-тік қапсағай денесі айдалада жел өтінде өскен жалғыз ағаштай тез-ақ бүкірейе қалған. Бұл кейін «Наурызбай — Ханшайым» қиссасында:

Қасым хан өзгелерден асып туған,

Көңілін дұшпандардың басып туған,

Қарнында анасының қан шеңгелдеп,

Қызарған екі көзін ашып туған,—

деп бесігінен қанқұмарлығы, аяусыздығы дәріптелген, аузынан жалыны шыққан сотқар, ұрда-жық, қатігез Қасым төре емес. Иленген терідей жұмсарып, үстіндегі жүні уыс-уыс түсіп қызыл шақа болған көтерем қойдай әлсіз кәрі-құртаң шал. Тек көзінде ғана ыза, ашу қалдығы бар.

Ол сәске көтеріле Кенесары, Наурызбай, Ағыбайды және аулында қонып жатқан Құдайменді батырды шақырып алды.

Аз уақыт үндемей отырып басын көтерді.

— Жас кезімде, есер кезімде Көкшетауды мекендеген тағы ақ бураны садақпен атып өлтіріп едім. Бұл қылығымды естіген аузы дуалы ақсақалдар «Шырағым, Абылайдың ақ бурасы Көкшетаудың иесі еді, киесі ұрып жүрмесе нетсін!» — деп еді. Көкшетауымнан айырылғанымды сол қылығымнан көруші едім. Есенгелдім мен Саржанымды да сол ақ бураның киесі атты ма? Олай болса алла тағала жолыңа ақсарбас айтып, мойныма бұршақ салып тілеймін: қаһарыңды, өзге балаларымнан аулақ ет!..

Қасым төре көкке көтерген қолын төмен түсіріп ұзақ уақыт отырып алды. Өзге жұртта да үн жоқ. Тек «Ақсарбас!» Ақсарбас!» деп іштерінен күбірлейді. Әлден уақытта барып Қасым төре басын қайта көтерді. Кенет көзінде сөніп бара жатқан оттың қызылындай бір әлсіз ұшқын пайда болды.

— Қыран қартайып өлмейді, қайғырып өледі, — дейтін еді Бұқар жырау. Сол күй маған да жеткен екен. Не болса соны айтып кеттім білем. — Кенет ол бойын жинап алды. — Ендігі кезек сенікі, — деді ол Кенесарыға қарап, содан соң алақанын жайып батасын берді, — әумин!

Қасым төре түрегеліп, күміс қынды сапысын белінен шешіп Кенесарының алдына қойды да, керегеге сүйеулі тұрған киік мүйіз мосысы бар, білтелі құлдыр мамай түрке мылтықты алып:

— Бес жүз қадамнан жаңылмай тиетін әкем Абылай ханнан қалған мұра еді. Өзге ағаңа бермей келіп едім, енді саған бердім. Ие бол, — деді.

Қасым төренің бұнысы ендігі билік сенде, қолды, Кенесары, сен басқар деге-ні еді.

Кенесары мылтықты жанында тұрған Наурызбайға беріп, бір тізерледі де, қынынан қылшылдаған сапыны суырып алып маңдайына тигізді.

— Осы сапының алмас жүзіндей дұшпандарымды аямасқа ант етемін.

Қасым төре тағы да бір тілегін айтты.

— Екі ағаң мен он сегіз төлеңгіттің кегін қайтар. Бүкіл Қоқан хандығына шамаң келмегенмен, Ташкентті алуға күшің жетеді. Ертең сарбаздарыңды жина. Арғы атаң Тәуекел хандай Ташкенттің шаңырағын ортасына түсір. Сонда мен риза!

Кенесары басын төмен иді.

— Ташкенттен алатын кекті Ташкенттен бастау керек пе, әлде бөтен жолы бар ма, ақылға сап ертең жауабын берейік.

— Мейлің.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий