Knigionline.co » Казахские книги » Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары

Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары - Джонатан Свифт

Книга «Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Путешествия Гулливера» опубликовано автором в 1726 году. Несмотря на то, что книга была опубликована через несколько лет после «Робинзона Крузо», она была не менее популярна, чем история Дефо. Направленность произведения - общественно-политическая. Главный герой - Гулливер был пожарным, а после стал капитаном корабля. Автор своим сатирико-философским произведением вдохновляет и детей, и взрослых.

Путешествия Гулливера / Гулливердің саяхаттары - Джонатан Свифт читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осы уақиғадан соң екі күннен кейін таң қаларлық тамаша көрініс ұйымдастыруға патшаның көңілі ауыпты. Астанадағы және астана маңындағы барлық әскер жорыққа дайын болсын деген патшаның әмірі болды. Ол менің Колосса Родос кейіпімен екі аяғымды алшақ басып тұруымды қалады. Бұдан кейін әскерін сапқа тұрғызып, тобын жазбастан, туды жоғары ұстап, найзаларын көтерген қалпы, салтанатты марш күйін ойната отырып, менің екі аяғымның арасынан өткіз деп бас қолбасыға тапсырды (бас қолбасы көпті көрген тәжірибелі адам еді және ол менің қорғаушым болатын). Сапқа тұрған жаяу әскердің әрбір қатары жиырма төрт солдаттан, атты әскердің қатары он алты солдаттан болсын деп бұйрық берді. Бүкіл жасақ үш мың жаяу әскерден және бір мың атты әскерден құралған еді. Салтанатты жүріс үстінде солдаттар тәртіпті болсын, тәртіп бұзушыларға өлім жазасы берілсін деген қатаң жарлық шығарды. Бірақ, менің екі аяғымның арасынан өтіп бара жатып, бірсыпыра жас офицерлер көздерін жоғары аударып, маған қарамай өте алмады. Шынын айту керек қой, сол кезде менің шалбарымның сиқы өте нашар еді, сондықтан да бұл жағдай солдаттардың бірсыпыраларының күліп, қайран қалуына себепші болды. Бұған дейін басыма ерік сұрап әлденеше рет патшаға өтініш беріп, баяндама хаттар да жазған болатынмын. Ақырында, патша бұл мәселені өз кабинетінде қарап, одан кейін мемлекеттік кеңестің мәжілісіне салды. Мәжілісте Скайреш Болголамнан басқа кеңес мүшелері тегісінен мені жақтапты. Неге екенін білмеймін, осы Скайреш маған өшікті де жүрді. Болголамның қарсы болғанына қарамастан көпшілік дауыспен мәселе менің пайдама шешіліпті. Болголам галъбет (король флотының адмиралы) қызметін атқарады, оны патша да жақсы көретін еді. Ол өз жұмысына өте берік, бір сөзді әрі өткір адам болатын. Мені босату жөніндегі қаулыға амалсыздан көніпті. Бірақ шарттың негізін сол жасайтын болды. Болголам екі хатшысы мен бірнеше белгілі адамдарын ертіп, жасалған шарттың негізін өзі әкеліп оқыды. Шартта көрсетілген міндеттемелерді бұзбауым үшін салтанатты түрде ант беруім керек болды. Анттың ырымы алдымен біздің дәстүрше, одан кейін жергілікті халықтың заңымен белгіленген тәртіп бойынша жасалды Ант берудің тәртібі мына түрде жүргізілді: сол қолыммен аяғымды ұстап, оң қолымның ортан саусағын төбеме қойып, басбармағымды оң құлағымның ұшына тигізуім керек болды. Бостандық алуым үшін нендей міндеттемелер алғаным туралы құжат төмендегідей:

«Гольбасто момарен эвлем гердайло шефин молли олли ғой, Лиллипутияның құдіретті патшасы, жер шарының шетіне жететін көлемі бес мың блестрег (айналасы он екі миль шамасы) жерге қожалық етеді. Ол аяғымен жер кіндігін басса, төбесі күнге тірелетін адам баласының асқан ұлысы, патшалардың патшасы, оның бір қарауының өзі жер бетіндегі патшаларды тітіретеді. Сүйкімділігі көктемдей, қайырымдылығы жаздай, молшылығы күздей, қаттылығы қыстай. Біздің ұлы мәртебелі патшамыз жерімізге жаңадан келген Таудай Адамға төмендегі шарттарды ұсынуға кеңшілік етті. Таудай Адам бұл шартты Салтанатты түрде ант етіп қабылдаумен қатар, құрметтеп орындауға міндетті.

Бірінші, біздің үлкен мөріміз басылған рұқсат қағазымызсыз Таудай Адамның біздің мемлекеттен кетуге хақысы жоқ.

Екінші, ол біздің ерекше рұқсатымызсыз аяғын аттап баспайды, рұқсат етілген күнде де тұрғын халықтың үйді-үйіне кіріп, бой тасалауы үшін екі сағат алдын ала елге ескертілетін болсын.

Үшінші, жоғарыда аты аталған Таудай Адам серуендеген кезде, тек қана үлкен жолмен жүруге міндетті. Оның өсіп тұрған шөпке жатуына немесе басқа алаңдарда жүруіне тыйым салынады.

Төртінші, ол көрсетілген жолдармен серуендеп жүрген уақытта, біздің сүйікті халқымыздың бірер адамын немесе ат арбаларын басып кетпеуі үшін аяғының астына қарап жүруге міндетті және адамдардың өз ризалығынсыз ешкімді қолына алмауы керек.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий