Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ерліктің негізі сүйіспеншілік. Кісі сүйгенінің құлы да, құрбаны да болады. Отанын сүйген солдат ол үшін отқа да, суға да түседі. Сөйтіп саналы түрде ерлік жасайды. Ол ерлікті қай күні, қай сағатта жасайтынын солдаттың өзі білмейді. Сәт-сағаты жетіп, жан толқыны тулап, шиыршық атып аспанға шапшығанда солдаттың жұдырықтай жүрегінен ерліктің жалыны бұрқ ете лаулай атылады. Дүниені дүлей тасқын кернейді. Жер сілкініп, тау төңкеріледі. Күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Солдат ерлік жасағанда осындай болады! Солдаттың жүрегін ерлік атты балапан жұмыртқадай жарып шыққанда осылай болады! Бірақ солдат оны ерлік жасадым деп есептемейді. Азаматтық міндетімді атқардым, Отан алдындағы перзенттік борышымды өтедім деп қана біледі. Ерлік жасаған сәтте солдаттың басындағы ой осы ғана болады. Өзінің ерлік жасағанын өлген солдат білмей кетеді, тірі қалған артынан ұғады. Онда да алғашында ол ондай ерлік жасаған мен емес, басқа біреу болар деп ойлайды. Мінеки, ерліктің ешқандай есепке көнбейтіні де сондықтан!

Әркімнің-ақ ер атанғысы келеді. Елім деп еңіреп туған асыл азаматтардың ерекше еңбегі ғана ерлік боп бағаланады. Екінің біріне ер атағы берілмейді. Он мыңның бірі, миллионның жүзіне ғана тиеді ол құрмет. Ердің еңбегін ел бағалайды. Бір ердің ерлігі жүз жауынгерге үлгі, мыңға өнеге болады. Ердің ерлігін ер қайталайды. Сондықтан да Ұлы Отан соғысында Матросов ерлігі — 275, Талалихиндікі — 176, Гастеллоныкі — 207 рет қайталанды. Ал сен ешкімге ұқсамайтын ерлік жасадың, Ваня. Сенің ерлігіңді үзеңгілес ер досың Шапшаев қана қайталады. Ал біздің 28 панфиловшы батырларымыздың ерлігін ешкім қайталай алған жоқ. Қайталамай-ақ қойсын! Жиырма сегіз ердің жүрегі жаудың Москва түбінде лаулап жанып жатқан елу танкісімен қоса ақтық тамшы қандарын сарқып, туған жердің топырағына құлап жатқан ауыр күндер біздің ешбір ұрпағымыздың басына келмесін! Мен сенің Отаншылдығыңды, азаматтығыңды, ерлігіңді мәңгілік мақтаныш етемін, батыр бауырым Курганский!

Осылай деп таң атқанша бір тебіренгенім бар еді, қарағым... Анда-санда жаңағы сен айтқан маузерді көргенде көз алдыма оны маған соншама ілтипатпен, туған інідей сүйіспеншілікпен, мақтанышпен ұсынған батыр бауырым Иван Курганский елестейді.

Автор. Ол маузеріңіз қайда, қазір, Бауке?

Бауыржан. Музейде.

Жауынгер достарын есіне түсіріп, тебіреніп отырған Баукеңе менің «Маузеріңіз қайда?» деген сұрағым орынсыз көрінді-ау деймін, ол «Музейде» деп бір-ақ ауыз сөзбен қатулана жауап берді де, теріс қарап кетті. Қойған сұрағымды ұнатпағанын білдім де, мен үнсіз отырып қалдым. Расында да ол адам туралы, азаматтар тағдыры жайында сөйлеп отырғанда, менің бір тұтам қарудың қайда екенін сұрағаным орынсыз да еді. Бірақ менің міндетім Баукеңе қатысты нәрсенің бәрін де білу, бәрін де анықтау. Ойыңа келіп тұрған сұрақты сол сәтінде беріп қалмасаң артынан, сөз аралап, ұмытып кетесің. Бірақ бұл Баукеңе дәлел емес. Сондықтан, батыр сабасына түскенше, төмен қарап, үнсіз отырдым. Үнсіз отырып, ақын Сырбай Мәуленовтың «Батыр ағам Бауыржанға» деген мына өлеңін іштей қайталап шықтым:

Кешіп өтіп кешегі от-жалыннан,

Дүниеге ерлігімен танылған.

Кең жаурынды,

Талғардай тік шықты,

Бөрі кеуде, бүркіт қабақ Бауыржан.

Қалтыраған атынан жау ордасы,

Панфиловтың жорықтағы жолдасы.

Даңқ туын майдандарда көтерген,

Гвардия бөлімінің колбасы.

Шежіресін жазып соғыс кезінің,

Бүгін сенің жырға айналды сезімің,

Бүгін тағы естіледі әлемге,

Айқастарда атой салған өз үнің.

Ел аузында ерлігі — аңыз, аты — жыр,

Халқымыздың мақтанышы батыр ұл,

Мерекелі мүшеліңді құттықтап,

Сырбайыңның жазған сәлем хаты бұл.

Қайрат-күшін қан майдандар сынаған,

Сенсің менің ардақтайтын бір ағам!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий