Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Құдай ақыңа рас, — деді ол. — Онда мен батальон командирі едім. Баяғы өзіңнің бірінші батальоныңды басқаратынмын. Полкқа жол ашуды біздің батальонға жүктеді де, Курганский жауынгерлерге қысқаша сөз сөйледі. Сонда жаңағы сөздерді айтты. Ол сөздерді бірнеше рет кейін мен де айттым. Курганскийден кейін 19-шы гвардиялық Талғар полкының командирі болып тағайындалдым. Онда біз генерал Қазақовтың қарамағындағы 10-шы армияда, сенің 9-шы гвардиялық дивизияң генерал Чистяковтың 6-шы гвардиялық армиясында болатын. Бұл екі армия талай рет иін тіресіп, көрші жүрді емес пе. Қырық бесінші жылы мартта генерал Казаковтың 10-шы армиясы шабуылға шыққанда 8-ші гвардиялық дивизия жаудың ит тұмсығы өтпейтін қалың орман ішіндегі шебін талқандап, бірінші боп алға ұмтылды. Оның ішінде Талғар полкы тағы да алға кетті. Біз тағы да қоршауда қалдық. Панфилов дивизиясы мен өзінің уысынан талай рет шығып кеткен Талғар полкына өшіккен жау бұл жолы бір полкқа екі дивизиясын жапты. Бізге қарсы танктерін де айдап салды. Артиллериядан да талай рет оқ боратты. Бізді сөйтіп он күн мыжғылады. Біз берілмедік. Сонда мен Курганскийдің сөзін қайталап:

— Панфиловтың батырлары, Бауыржанның бауырлары ешқашанда қамауда қалмайды. Гвардиялық полк қоршауда қалып құрымайды, — деп сан рет айттым. Біз Панфиловты дивизияның рухы, сені Талғар полкының рухы деп есептейтінбіз. Сол он күнгі ұрыста Панфилов пен Бауыржанға сан рет сиындық. Сендердің аттарыңды атағанда солдат ерлер сан рет жігерленіп, жауға қарсы ұмтылды. Солдаттар ғана емес, менің өзім де сендерден сан рет қайрат алдым. Сонау Алматыдан Панфилов бастап бірге келгеніміз, Москва түбіндегі қиян-кескі ұрыстар, сенің батальонды бастап талай қоршаудан аман алып келгенін, декабрь шабуылында сенің полкты бастап, ақ қарды бұрқыратып, ақбоз атпен шауып бара жатқаның, сонда сенің менің көзіме атқа мініп шауып бара жатқан адам емес, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін қара бурка қардың үстінде өзінен өзі қалықтап ұшып бара жатқан сияқты боп көрінгенің — бәр-бәрі есіме түсті. Талғар полкының пірі — екі танауы шелектей боп делдиген ақбоз атты көсілте шауып жүрген қаһарлы Бауыржан әрқашанда көз алдымда болды. Ол қоршауда мен қатты жараландым. Жараны сылтау етіп, бірдеңе ғып қоршаудан шығып кетуіме болатын еді. Бірақ Бауыржан менің орнымда болса, полкын тастап кетпес еді деп ойладым да, полкта қалдым. Егер полк құрыса, сүйегім Талғар полкы солдаттарының ортасында қалсын деп ойладым. Зембілде жатып полкты басқарумен болдым... Дивизия мен полктың пірі Панфилов пен Бауыржан деп есептегеніміз рас екен. Оныншы күн дегенде дивизия артиллериядан оқ боратып, бізді қоршаған жауды қиратты да, полкты өз қарамағына алды. Сол жолы маған Совет Одағының Батыры атағы берілді.

Мұны маған 19-шы гвардиялық Талғар полкының соғыс кезіндегі соңғы командирі Совет Одағының Батыры подполковник Шапшаев айтты. Бұл соның әңгімесі. Мен саған содан естігенімді ғана айтып тұрмын. Понятно тебе?

Автор. Түсінікті, Бауке.

VI

Бауыржан. Мен Иван Леонтьевич Шапшаевты ерлігі үшін, әңгімесі үшін құшақтап, бетінен сүйдім. Шапшаев сонау Амурда туғанымен, біздің Қазақстанда өсіп, Турксибті өз қолымен салысқан етене ескі достардың бірі еді. Оның осы әңгімесін естігеннен кейін мен түні бойы Курганскийді есіме алып, қатты толғанып, тебіренумен болдым. «Сақтықта қорлық жоқ» деген қазақтың мәтелі бар. Бұл рас сөз. Бірақ ерлік сақтықтың жетегінде жүрмейді. Өйткені сақтық — есеп. Ерлік есеппен істелмейді. Ерлік ешқандай есепке көнбейді. Ерлікті сантиметрлеп өлшеп, грамдап салмақтап, секундтап санай алмайсың. Ерлік адам жанының лап еткен жалыны, жарқ еткен найзағайы. Ерлік биіктегі кемерінен асып, лақ етіп құздан құлаған тасқын; жер сілкінсе салдыр-күлдір болып таудан төмен қарай лықситын сан алуан тастардың ағыны. Тасқынның қашан төгілетінін, жердің қашан сілкінетінін білмейсің. Білсең де қанша текше метр су құлап, қанша тас домалайтынын, ол зілзаланың қанша уақытқа созылатынын болжай алмайсың.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий