Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ал Иван Иванович Серебряковке келетін болсақ, ол кісі өте ақылды, өте бейнетқор адам еді. Басынан кешкен тәжірибесі де ұшан-теңіз мол болатын. Өйткені Иван Иванович бірінші дүние жүзілік соғысқа қатысып, оны аға унтер-офицер боп аяқтаған кісі. Содан соң азамат соғысының университетінен өткен. Міне осы кісі 316-дивизия ең алғаш құрылғанда штаб бастығы болып келген еді. Штаб жұмысын жанындай жақсы көретін, өзіне тапсырылған істі жан-тәнімен беріле атқаратын. Біздің дивизияның даңққа жетуіне бұл кісінің сіңірген еңбегі аз болған жоқ. Өйткені штаб әскерді басқарудың тұтқасы ғой. Ал Серебряковтың қолындағы ол тұтқа дивизия Москваға қарай жойқын ұрыспен жылжымалап шегінгенде де, Крюковаға келіп табан тіреп тоқтағанда да, Москва түбінен ілгері қарай шабуылға шыққанда да үнемі оңтайлы күйде болды. Қолындағы сегіз таспалы бұзау тіс қамшының сабы мықты болса ғана оны жауыңның басына найзағайдай жарқылдата сілтейсің. Сілтегеніңді сілейте аттан құлатасың. Қамшыңның сабы сынық болса, онда ештеңе тындыра алмайсың. Ал Серебряков штаб жұмысын әрқашан алып батырдың сегіз таспалы бұзау тіс қамшысының ырғай сабындай ықшам күйде ұстады.

Бұған қарап полковник Серебряковты қағаздан бас көтермейтін бюрократ екен деп әсте ойлауға болмайды. Оның қағаз құмарлығы өз ісіне қалтқысыз берілгендіктің белгісі еді. Иван Иванович тек қана қағаздағы жазу мен картадағы белгілерді оқуға ғана сауатты емес, сонымен бірге адамның жүзіндегі ой мен жүрегіндегі сезімді оқуға да зерек кісі болатын. Полковник Серебряков солдат үшін қоң етін кесіп беруге әрқашанда әзір еді. Оның штаб жұмысын өте мұқият атқаруы да сондықтан болар деп ойлаймын.

Жоғарыда мен Горюны түбіндегі қиян-кескі ұрыстар кезінде полковник Серебряковтен өмірі ұмытылмайтын жылы хат алғанымды айтқан болармын. Біз Горюны селосын тактикалық есеппен алдымен жауға беріп, артынан оған кірген дұшпанды түнде тас-талқан ете құртып жіберіп, селоны қайтадан өзіміз алып жанталасып жүрген түндердің бірінде мен Серебряковтан... бұйрық емес, әкенің ұлына, ағаның інісіне жазатын кәдуескі сәлем хатын алдым. Ол хатта полковник маған генерал Панфиловтан бастап бәрінің біздің ісімізге риза болып жатқандығын айтыпты. Қай полктің қай жерде екенін көрсетіп, генералдың жоғарыға кеткенін хабарлапты. Содан кейін ісімізге рақмет айтып, алда да абыройлы болуымызға тілектестік білдіріп қолын қойыпты.

Өзің ойлашы, Гитлер Москваны алуға топырлатып елу бір дивизиясын айдаған екен. Соның тура бес дивизиясы біздің бір ғана 316-шы дивизияға жабылған екен. Шекараны бұзғаннан бері күніне 20, 26, 30 километрден алып, ілгері анталап келе жатқан жауды тұсаулы аттай шоқақтатып, күніне бір-екі километрден артық алға аттатпай, бес дивизияның бірдей жағасын жыртып жатқан дивизияның штабында тыныштық бола ма, жоқ па? Оның адамдары бел шешіп бір сағат ұйықтай ала ма, жоқ па? Жоқ қой! Міне сондай жағдайда: дивизия қос қанатын кезек қозғап тағы да бір-екі шақырымға шегініп бара жатқанда, түн ортасында, бірнеше күн бойы кірпік айқаспай көзге ұйқы, шақпақ қантқа жабылған қара шыбындай үймелеп, шаршаған дене сырқырап тыныштық тілеп тұрған сәтте жартылай қоршауда қалған батальонның командиріне ешкімнің бұйрығынсыз өз еркімен хат жазу, сол хатты жазуға өзін-өзі күштеп көндіріп, анау адамның жанына қуат боларлық жылы сөздер тауып қағазға түсіру, ол хатты оқ астында иесіне жеткіздіріп беру кімнің қолынан келеді? Мұндай ауыр жағдайда ондай іс әкеңнің де, адал досыңның да қолынан келе бермейді, қарағым.

Міне Серебряковтың сол хаты қолыма тигенде мен сынық батальоным бүтінделгендей, бүтін ротам батальонға айналғандай қуанып, қайраттандым. Соғыс сияқты ауыр жағдайда жасалған адамгершілік адамға қайрат береді екен. Серебряковтың сол ағалығын, адамгершілігін мен өле-өлгенше ұмытпаспын деп ойлаймын.

Автор. Полковник Серебряковтың ол хаты бар ма Сізде?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий