Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Генералдың бұл сөзіне Момышұлы мақтанатын, қуанатын болар деп ойлап едім. Бірақ Баукең ондай нышан білдірмеді. Чистяковтың бұл сөздері басылған журналды алтын тапқандай қуана қолтықтап ентелей басып, ентіге кірген маған ол жылы қабақ көрсетпеді. Журналдағы өзі туралы айтылған тамаша бағаны оқып бергенімде «оны неғыл дейсің?» деп зірк ете түскенде мен қатты қысылып, шынымды айтсам, ренжіп қалдым. Сол сәтте басыма осы кісі Чистяковті ұнатпай ма екен деген ой келді. Сасқанымнан мен: «Жай, Бауке. Сол кісімен қалай кездескендеріңізді айтпайсыз ба?» дей салғанмын. Бұрынғы барлық сұрақтарыма берген жауаптары сияқты, Баукең бұл сұрағыма да жауап қайтаруға кіріскен. Бірақ ол жауап осындай үлкен әңгімеге ұласып әрі драмалық, әрі жан тебірентерлік детальдары бар дүние болып шығар деп тіпті де ойламаған едім. Генерал Чистяковтың өз мемуарында жазған «Момышұлының маған ұнайтын тағы бір қасиеті — шыншылдығы еді» дегенінің мәнісі міне енді келіп шықты. Мұны да Баукең «Иә, біздің генерал ғажап кісі еді, мені жақсы көруші еді» деген сияқты құрғақ сөздермен емес, жоғарыдағыдай, жан тебірентерлік әңгіме етіп айтып берді. Онда да өзін-өзі дәріптеп, көтермелей сөйлеген жоқ, генералды алға ұстай отырып, өзінің іс-әрекеттерін генералдың әртүрлі бұйрықтарына байланыстыра баяндады. Ұзын ақ мүштікке жалғап, папирос тұтатқалы жатқан Баукеңнің саласынан ет қашқан арық ұзын саусақтарының діріл аралас қимылына көз сала отырып мен оның шыныдай мөлдір шыншылдығына сүйсіндім. Сонымен бірге оның әңгіме айтқыштық өнеріне тағы да ғажаптандым. Қандай сұрақ қойсаң да Баукең оның жауабын өзінше сюжетке негіздеп, қарапайым да болса композицияға желілеп айтады. Сюжет, композицияны ол алдын ала құрып алмайды, сенің сұрағың қойылғаннан кейін соған жауап бере отырып, қиюластырып құрастырып әкетеді. Бұл шапшаңдық оның әртүрлі жауынгерлік жағдайда тез шешім қабылдап үйренгендігін, сонау ескі әскери дағдыны танытқандай еді. Баукеңнің Чистяков жайындағы бұл әңгімесі мені одан сайын толғандыра түсті. «Сенің қандай ғажап ұстаздарың болған, Бауке! Сол ұстаздарың сені мәпелеп тәрбиелеген. Сені олар талай-талай апаттарға жұмсап, шынықтырған. Апатқа жұмсау арқылы олар өзіңді апаттан алып қалып отырған. Сенің тағы бір асыл қасиетің сол ұстаздарыңды ешқашан ұмытпайтындығың. Тірісінде ұстаз тұтқан ағаларын көзі жұмыла сала ұмытып кететін адамдар аз ба? Сен ондай кісі емессің Бауке. Сені халық сол үшін де жақсы көреді».

Баукеңнің менің не ойлап отырғанымда шаруасы болған жоқ. Темекісін тұтатып, бұрқ еткізіп аузынан түтін шығарды да: «Ал дайынсың ба? Енді не сұраушы едің?» дегендей бұрылып маған қарады.

IV

Автор. 8-ші гвардиялық дивизияның Чистяковтан кейінгі командирі кім болып еді, Бауке?

Бауыржан. Оны 1942 жылдың жазында полковник Серебряков деген кісі басқарды. Ал күзде полковник Серебряков 3-ші екпінді армия штабына оперативтік бөлімінің бастығы болып кетті де, дивизияға Панфиловтан кейінгі алтыншы командир болып Ч. деген кісі келді...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий