Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бауыржан. Немене, менің философиям ұнамай отыр ма саған? Онда тыңдамағын!

Автор. Қойдым, Бауке, қойдым. Ал Сіз қазір, қырғыз ақыны айтқандай «аспаннан бөлінген ақ бұлттай» немесе «ақ сүтке малып алғандай» Ақбоз атпен корпусқа қарай келе жатырсыз. Чистяковпен кездесейік, кәне.

ІІІ

Менің жаңағы сөзіме шамданып қалған Баукең дүрдиіп біраз үнсіз отырды. Содан кейін, арамызда ештеңе болмағандай қайтадан сөзін жалғады. Менің ойыма қазақтың бір ескі мақалы түсті. «Жаманның ашуы — басы жерге жеткенше, жақсының ашуы — жібек орамал кепкенше» деген осы екен-ау деп ойладым ішімнен.

Бауыржан. Мен корпус штабы тұрған жерге күн батар алдында келген едім. Штабтағылар Сізге генерал блиндажға келсін деп бұйырды деді. Блиндажда корпус комиссары. С. А. Егоров екеуі ғана отыр екен. Мен генералға келгенімді баяндап рапорт бердім.

Панфилов марқұм кісімен тек қана «сіз» деп сөйлесуші еді. Тек қана «жолдас пәленше» деп фамилияңды атайтын. Ал Чистяков ұрысарда немесе бұйрық берерде ғана «сіз» деп сөйлеп, ресми емес жағдайда «сен» деп және атыңды атап сөйлесе беретін.

— Кел, кел, Бауыржан, — деді ол маған қолын ұсынып. — Ескі достардан жетпей тұрғаны сен ғанасың.

Буған қарап мен болатын әңгіменің ресми емес екенін аңғардым. Әңгіме ресми болмаса да, мен өзімді ресми күйде ұстап, генералдан соң комиссардың қолын алғаннан кейін де тік қалпымда тырп етпестен тұрып қалдым.

Генерал стол басына шақырды. Өзі ортаға жайғасты да, комиссарға сол жағынан, маған оң жағынан орын нұсқады. Отырарда, орындыққа тиіп менің қылышым сарт ете қалды. Генерал жымиды да:

— Бұл қылышты қашан тастайсың, Бауыржан? — деді.

— Жауды жеңіп, әскерден босанғаннан кейін мұны музейге өткіземін, жолдас генерал.

— Жігіт! Осындай өзгермейтін өз дәстүрі бар адамдарды ұнатамын, — деді де генерал Егоровқа қарай бұрылып, содан соң оған өзінің мені ең алғаш осы қылышты көтеріп шауып жүргенде көргенін айтты. — Бірақ сол жолы астындағы атының құйрығын шауып алды бұл батыр. Ал оның дәлелді себептері бар еді...

Мен қысылып, үнсіз отырдым. Генералдың адьютанты дастарқан жайып, үшеуіміздің алдымызға ас қойды.

— Ал, Бауыржан, — деді генерал асқа икемделген ыңғай таптым. — Мен ертең Москваға жүргелі отырмын. Тегі басқа жаққа ауысармын. Ауыспасам қайтып келермін, кет демессіңдер.

— Әрине,— деді комиссар басын изеп. — Сол дұрыс болар еді.

— Оны бара көреміз, Сергей Александрович, — деді генерал сөзін жалғап. — Басқа жолдастармен телефон арқылы тілдестім. Бірақ ешкімді шақырмадым. Сені шақырып отырған себебім екеуміз 8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясынан бұрынғы ескі доспыз. Сонау Қиыр Шығыста, қиын кездерде табысқан адамдармыз. Сондықтан сенімен қоштаспай кетуді жөн көрмедім.

— Рақмет, жолдас генерал, — дедім мен басымды иіп. Генералдың бұл сөзі маған соншама жылы тиді. Іштей қатты толқып, тебіреніп қалдым.

— Осыны, — деді генерал қырлы стаканды орталай құйылған арақты қолына алып, — мына сіздердің денсаулықтарыңыз үшін, осы отырған үшеуіміздің ұямыз 8-ші гвардиялық дивизия мен 2-ші гвардиялық корпустың және менің туған жерім Калинин облысын жаудан толық азат ету үшін күресіп жатқан Калинин майданы әскерлерінің жаңа табыстарға жете беруі үшін, алып қоялық.

— Бәлкім, қайтып келерсіз, туған жеріңізді жаудан бірге азат етерміз, Иван Михайлович, — деп күлді комиссар онымен және менімен стаканын соғыстырып жатып.

Екінші тосты генералдың денсаулығы мен барған жерінде абыройлы болуы үшін деп Егоров көтертті.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий