Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ас арасында генерал тағы да Қиыр Шығыс туралы әңгіме қозғады. Уссурий өлкесінің қаһарлы қысы біткеннен кейін қырқұлақ ауруы басталатынын, әлденеше рет дивизия жауынгерлерін жүзімнің, ағаштың жапырағын қайнатып ішкізіп, ащы пияз жегізіп аман алып қалатынымызды айтты. Талай рет белуардан батпақ кешіп жасаған жорықтарымызды есіне түсірді. Осы арада менің құйрығы шолақ ақбоз атты жаяу жетектеп, батпақ кешіп дивизия штабынан полкке келгенім ойыма оралды да, генералға өмір бойы тісімнен шығармай көкірегімде сақтап келген сұрағымды қойдым.

— Жолдас генерал, бір сұрақ қоюға бола ма?

— Сұра, Бауыржан, — деді генерал.

— Комбриг Дотоль мен полковник Коваленко кетіп, Сіз біздің дивизияға келгеннен кейін бір күні мені шақырттыңыз, жолдас генерал. Сонда мені тек қана атымның құйрығын шауып алғаным үшін дивизия штабынан полкке дейін жаяу баруға жазалайын деп қана шақырдыңыз ба жоқ әлде басқа себебі болып па еді?

Генерал ол оқиғаның желісін еске түсіріп, сәл ойланып алды да басын шайқады.

— Жоқ, ол үшін емес. Сенің сол жолы халін мүшкіл болатын. Бірақ менің сенімен сөйлесіп, кім екеніңді білмей жатып қолыңнан жетектетіп қоя бергім келмеді.

— Онда мен осы өмірім, тіршілігім үшін Сізге қарыздар екенмін, жолдас генерал.

— Егер олай десең сен ол қарызыңды әлденеше есе ғып, асырып өтедің, Бауыржан.

— Онда менің Сізді әкемдей құшақтап, сүюіме рұқсат етіңіз, жолдас генерал, — деп жүйе-жүйем босап, орнымнан тұрдым...

Тағы бір сұрақ көмейіме келген еді. Өткен апрельде, 8-ші гвардиялық дивизиядан 2-гвардиялық корпусқа ауысып бара жатқанда генерал тағы да мені шақырып алып, былай деген болатын.

— Сен туралы ойларым бар еді, оны жүзеге асырып үлгірмедім. Бірақ Иван Ивановичке тапсырдым, сол кісі қамқорлық жасар, — деген.

Алдында сол ойыңыз не еді деп сұрағым келген болатын. Енді мына әңгімеден кейін оны сұраудың ешқандай қажеттігі болмай қалды.

— Басқа қандай сұрағың бар? — деді генерал.

— Ешқандай сұрағым жоқ, — дедім мен екі аяғымды сарт еткізіп. — Жолыңыз болсын, жолдас генерал, жауынгерлік зор табысқа жетуіңізге тілектеспін!

Сөйтіп, генерал Чистяков Москваға аттанып кетті. Одан кейін Дон майданына барғанын білдік.

Осылай деп Баукең бір тоқтап тағы да темекіге қол созды. Баукеңнің аузынан шыққан сөздерге кәнігі хатшыдай болып төселіп алған менің оң қолым жаза-жаза қатты салдырап қалған еді. Құрысын жазайын деп, моторы жаңа ғана сөндірілген кішкене самолеттің пропеллеріндей қалбаңдатып, қолымды бірер рет сермедім де, тез тоқтата қойдым.

Тоқтата қойғаным генерал-полковник Чистяковтың жоғарыда келтірілген: «Бұлардан басқа Момышұлының маған ұнайтын тағы бір қасиеті болатын, ол оның шыншылдығы еді. Мен оның қанша қиын болса да, тіпті одан өзіне зиян келсе де тек қана шындықты айтатынын білуші едім» — деген сөзі дәл осы сәтте сақ етіп қайтадан ойыма оралды. Алғашында мен бұл сөзді журналдан оқып бергенімде «Оны неғыл дейсің?» деп Баукең бетіме ажырая қараған болатын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий