Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Путь Абая» - известный во всем мире роман-эпопея М. Ауэзова, который поднял казахскую художественную литературу и принес в мировую литературу эстетический вкус и энергию. Автор рассказал о народе Казахстана и его традициях. Абай – человек, обладающий творческими и деятельными качествами с индивидуальностью в искусстве речи. Роман высоко ценят многие зарубежные писатели, среди них Луи Арагон, Н. Тихонов, Б. Матип.

Путь Абая. Книга II / Абай жолы. II кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Биылғы қыс ел сөзiнен, тынышсыз жүрiстерден Абай өзiн босатып алып, үйде көбiрек орнығып отырған қысы. Көп өлең жазылған жылдың бiрi де осы болатын. Сондай өзiмен өзi боп толғана ойланған уақыттарында, көз алдына көптен көп оралатын – осы адырлар. Бұлар күн райына қарай әр түрлi ажар көрсетедi. Ақындық шабыт кейде осы адырмен көп сырласқандай болады. Бұлтты сұрғылт күнi, ол адыр күн шуағын сағына мұңданады. Ашық күнi жылы, жарқын, жазын көксегендей көрiнедi. Жеткiзбес арман жеңсiгi жеңген адыр.

Қазiр Абай сол адырдың жадыраңқы бiр қабағын көргендей болды. Қоралы қойдың алды солай қарай өрiп барады екен. Сарылып, сазарған үнсiз адыр ендi тас басында жүрiп, шырқаған қойшы әнiнен сергiген сияқты.

Абайдың осындай боп үндемей ойланып қалған кездерiн қабағынан танитын жолдасы бар. Ол – мұндай шақтарда үндемей, көп қозғалмай отыратын Баймағамбет. Қазiр, тiптi, қарап отырмас үшiн ол Абайдың тобылғы сапты сарбас қамшысына бүлдiрге тағып отыр. Анда-санда Абайға қарай түсiп, өз жұмысын iстейдi.

Бiр кезде Баймағамбет Абайға көз тастап едi, оның ернi күбiрлеп, қолы да әлдекiммен сөйлескендей қозғала түседi. Бұрын мұндай әдетi болмаушы едi. Биылғы қыс жалғыз отырған шақта, анда-санда Абай осылай ететiн бiр машық тапты. Баймағамбет бiледi, бұндай күйдiң артынан Абай көбiнесе, қағаз қарындаш алғызады.

Сондай бiр нәрсенi бұйырар деп күтiп отырғанда, Абай Баймағамбетке шұғыл бұрылып, жалт етiп салқын қарады да, үйдiң сол жақ бұрышына қарай қол созып, үн қатпастан, бiр нәрсенi "әкел" дегендей белгi еттi.

Баймағамбет оның ненi керек қылғанын түсiндi де, шапшаң тұрып барып үстелдiң үстiне екi үлкен кiтапты әкеп қойды.

Абай бiр кiтаптың бетiн ашып, өзiне керек жерiн тапты да, сол беттерге қарап, шалқайыңқырап, бiраз бөгелiп отырып қалды. Көзi екiншi кiтапқа да түсе бередi.

Бұл екi кiтап – осы ауыл, өлкенiң Абайдан басқа көп жанына әлi тiлiмен де, сырымен де ұғымсыз кiтаптар. Тек Абай көңiлiне ғана, құрметтi боп алған екi ақынның кiтаптары. Ол жатқан Пушкин мен Лермонтов.

Осылармен Абай анық терең танысып, табысқалы әр алуан "хикметтер", "шейх", "хафиздер", "рауайлар" да сыртта қалған. Кейбiр намазқой дiндәр кәрiлер мен шала сопы молдалар Абай үйiне қонып отырып, бұл кiтаптарды үй иесi күндегi машығы бойынша қасына алғызғанда iштерiнен:" шариғат жайын оқып отырады екен-ау мына кiсi" деседi.

Кейде бiрiне бiрi:

– Әлде аруақтарға құран хатым қып жатыр ма екен?! Молдаға аудартпай өзi оқиды. Оның сауабы мол ғой, – десетiн.

Бiрақ кiтап терiс жағынан ашылып, суреттi беттерi көрiнгенде және әр харпi кесте бетiндей жиi-жиi шұбартып тұратын арап жазуынан басқарақ, бiркелкi боп жылып аққандай орыс жазуын көргенде, әлгi адамдар iштерiнен сұқтанып, жымдай тынатын. Абаймен арбаса жүрген кейбiр ел жуандары болса, сырттай қыжыртады.

– Бұл терiс оқуды неге сонша қадалып оқиды екен, ә? – деп кеп, – Е, бұл да бiр асқандық қой. Қазаққа iстеген қыры да. Мен ұлыққа сендерден жақынмын деп отырғанын көрмеймiсiң! – деп кекетiсетiн.

Абай өзiмен үнсiз тiлмен ұзақ-ұзақ сырласатын достарын, сырт адамның көпшiлiгi жат жұмбақша бағалайтынын бiледi. Бiрақ оны елеп ескерген емес.

...Өткен жандар. Тек мұндай өлiм, өлiм бе? Мәңгi бақи өлместей боп, кейiнгi дүниеге өз аттарын ұмытпауды бұйырып кеткендер. Өзгеден жер үстiнде қалатын белгi – томпайған мола. Сол белгi жер бетiнде орнаған бос топырақ мезгiл сайын шөге барып, ақырында мүлдем жермен жер боп тапталады, бiтедi. Шамасы, осы мола жер болумен қатар, адам аты да өшедi. Мәңгiлiкке жұтылады. Ол да бiтедi. Мыналар болса, сол өзiнен қалған жер үстiндегi белгiнi тау етiп, мәңгi мықты берiктiкке бекiтiп кеткендер. Олар, анау көрiнiп тұрған екi Ақшоқы биiгiндей. Абай күрсiнiп ойланады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий