Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жидебайдағы жиын Шұбардың «қарашығыны» жөнінде де Құнанбай балаларына жат ажар көрсеткен жоқ. Бірақ көп шығынды көп шаңыраққа бөлу оңай да болған жоқ. Таңертең келіп шай ішкен, одан көкқасқаның етін жеген жиындар түске шейін сөздерін тауыса алмады.

Түс ауа осы ауылға Дәрмен келді. Өзінің үлкен үйлерін жасы үлкен атқамінерлерге босатып берген Оспан түкпір үйде жеке жиын жасаған. Бұндағылар — Оспан сияқты қолы бостар. Қызық қуған, түстік аңдыған, жай қыдырмалар.

Орталарына Дәрмен келгенде Оспан қуанып қалды. Дәрменді өз қасына отырғызып, қысырдың қою қымызымен сыйлап отырып, қолына домбыра ұстатты.

— Жақсы келдің ғой! «Шығын деген боп, мешкей көмейлеріне тығын іздеп жатқан жуандарың анау! Аулымды басып, мазамды кетіріп болды. Тілеуің берсін, осылардың жон терісін сыдырған өлеңдерің бар ма Абай екеуіңнің? Соларыңды айтып, тым құрыса, етім мен шайымның есесін әперші?— деп, үй ішін күлдіре сөйледі.

Дәрмен бөгелген жоқ. Бұл жиын әлі естімеген бір үлкен өлеңді желдірмелей шұбыртып айта жөнелді.

Оспанның анық тілеген өлеңі. Елдің содыр жуанын, қу болысын, парақор билерін, тынымсыз партия басыларын қатты ызамен, кекесін мысқылмен әйгілеген анық Абай сөзі екен.

Оспан әр сәтте қарқылдап күліп;

— Бәсе... бәсе! Сой, сөйтіп! Таспа тілгендей соқ, бауыр сыртынан! — дей түседі.

Оспанның көңіл қызуы түкпір үйді тегіс желіктіріп, мәз етіп, күлдіріп отыр. Дәрмен де осыған орай шырқай түсіп, ағындап ойнақы жырлайды.

Аздан соң бұл үйдің қызу-дырдуы үлкен билер, шонжарларды да елең еткізді. Бірен-сараны есіктен қарап, өлең мәнін аңғарды да, арттағы көпке мәлім етті.

Сөйтіп, Дәрмен өлеңінің орта тұсында үлкен үйдегі Оразбай, Жиренше, Бейсенбі, Абыралылар да осы үйге кіріп, сөз тыңдады.

Абай өлеңінің бұлар келген тұстағы зілі де қатты еді. Дәл осы отырған, күнде жиын құрған, бәле қуған, елді жеген, ант бұзғыш, достық сатқыш, алдамшы арам атқамінерлердің бәрін таңбалапты.

Оразбай күлген жоқ, күлмек түгіл, жымиған да жоқ. Оспан өз тобымен әлі де мәз болысын отыр.

Ақыры Дәрмен бар ұзақ өлеңді, сыншы жырды айтып болды; Билер тобы томсарып, жым-жырт отырып қап еді. Оспан Оразбайға бұрылды да:

— Е, байеке, неғып тыжырынып қалдың? Дәл төбеңнен түскені жақпады-ау, ә, Абайдың?— деп тағы күлді.

Оразбай салқын қабақпен, түкпірлі тәсілін ойлап қалғандай ашулы сөйледі.

— Осы заман...— деп алыстан тарта бастап,— бұзылады-ау! Бұзылғалы тұр-ау! Сонда бұзатын сен боласың-ау, қажы баласы!— деп, Оспанның басынан аса, жоғарылай қарады.

Қасындағы айлашыл, алаяқ билер Оразбайға еміне, исіне қарап қапты.

— Бүгінгі игі жақсыны ауылыңа жиып алып, осылайша басқа соқ! Абыройын төк! Бет жырт, уә, перде жырт! Балаға да, малшы-жалшыға да құрық бер!.. Бұза бер!— деп, қолын бір-ақ сілікті.

— Уәй, Оразбай, не дауың бар!? Шын жақсы болсаң, саған айтылған сөз емес. Ал жаман болсаң, жаңағы сөзден өзіңді-өзің танысаң — өз обалың өзіңе!.. Мүрдем қат!—деп, Оспан сақылдай күлген-ді.

Дәрмен де сүйсіне күліп жіберді. Жуандар Оспанға дуана көргендей жирене қарасты да шығын кетті.

Күн еңкейіп бара жатты. Сол кезде тысқа шыққан Оспан өз қыстауының айналасында, қорықта қаптай жайылып жүрген өңшең ерттеулі аттарды кәрді. Жүз қаралы қонақтың аты мынау қыс аяғы бітпей, көктем шықпай, күн райын бағып жүрген кезде қолдағы малға керек қорықты ойсыратып жеп жатыр. Шұбардың жиыны мен ас шығынын көтерсе де, Оспан мынау жүз аттың қорықты жеп жатқанына шыдай алмады. Далада жүрген қоңқақ мұрын, зор денелі малайы Сейтқанға ақырып әмір етті.

— Етімді жегенінен, жерімді жегені батты-ау мыналардың! Тарасын! Тарамаса, қазір қолыңа сойыл ал да шапқылап барып, бар атын қуып әкеп қораға тық! Дастарқанымды жайлағанымен қоймай, қорығымды тағы шиырлатам ба? Қу, шапшаң! Сойылдап айдап кел!- деп, қатты бұйрығын берген де, қонақ ішіне кетіп қалған-ды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий