Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Маған күліп болдың ғой, түге! Енді тегіс күлкіңді тыятын сөзді мен айтайын! Жігітек неге құтырып жүр деп едім. «Бір ауылы әнеугүні Көлқайнардың үстінен күзекке көшіп келе жатқан болып, менің маядағы шөбімді жылқысына жегізіп кетіпті» деп едім ғой, Абай. Ырғызбай жерінің мұртын басуға Жігітектің батылы қалай барды? Содан бері ызам бар. Есем кетіп жүр демеп пе ем? Кеше «Әзімбай мен Жігітектің ана бір өңшең сіңірі шыққан көп кедейі неғып тілге келіп тіресетін болды?!» деп те таңғалып ем. Өздері, тіпті, бас құрасып, шуласып, бөрі көрген сиырдай мөңірейді дейді. Ырғызбайдың жуаны Әзімбай болғанда, Жігітектің сімілтірі солар екен. Кіммен кім шайқасады?— дегенде, Дәрмен күліп жіберді.

— Міне, тағы бір шындық керек болса. Дәл жаңағы Абай ағамның айтқаны!—деп қалды Кәкітай қостай қойып, бас изеп. Жұман Дәрменге қараған да жоқ.

Абай да әлдеқашан бұны тыңдамай, бетін теріс бұрып алған, оны да елеген Жұман жоқ. Өз сөзін келелі кеңесім көріп созып отыр.

— Әй, осының бәрінің түбі тегін емес. Жігітекті құтыртқан тағы бір желік бар деп ем. Міне, сол тегін болмады. Жігітекке тағы желік біте бастады. Бүгін соның неден бу алып жүргенін біліп кеп отырмын!— деп жатыр.

Абай бұл сөздерді жақтырмай, енді қабағын шытынып, мойнын теріс бұрып, амалсыз тыңдап отыр. Жұман даңғырлаған даусын көтере түсіп:

— Енді мені тыңда! Тындандар, міне, қаладан хабар есітіп отырмын. Жаңа біздің ауылдың шетіне соғып, таудағы Жігітекке қарай бір шапқыншы кетті. Сүйінші сұрап, қуанышы қойнына сыймай барады. Әулекіленіп барады. Әлгі Түсіптің Мадияр дейтін, ана бір қоңқақ мұрын қу немесі «сүйінші» дейді. Ақ түйенің қарны жарылды. Жігітектің жылаған жасын құдай иді. Көз жасымды тыятын арысым қайтты. Базарылым айдаудан қашып кепті!» деп иен өлкені шулатып, жосытып барады!—деді.

Мынау хабар үйдегілердің бәріне Жұманнан күтпеген оқыс, оқшау жаңалық болды. Абай елең етіп, Жұманға жалт қарап: «Не дейсің, не дедің? Мынауың шын болса, жақсылық хабар ғой!»— деді. Өзге жастар мұны қостап, таңданысып жатыр.

— Япыр-ау, бар екен-ау!

— Базекең тірі екен-ау!

— Келгені-ақ қанат қағып!

— Сау жетсе, қуаныш-ау мынау!— десті.

Жұман бұл үйдің қуанышын қостайтын көңілде емес. Өңге көп Ырғызбай сияқты, Базаралының қайтқанына бұнда түк те сүйсіну жоқ, қынжылу ғана бар еді. Ол өз ойын өзінше топшылап таратып жатыр.

— Тәкежан мен Шұбар болыс болып тұрса, елге келмек түгіл, елді түсінде де көрмес еді. Мына биыл Күнтудың болыс болғанын біліп, қажы баласынан ұлықтық кеткенін есітіп, ананы арқаланын келіп отыр ғой. Неменеңе қуандың, түге! Қызығым келді деп пе ең? Қызыл көз пәлең келгенін білерсің! Айттым да қойдым!—деді.

Абай енді бұған ашулана сөйледі:

— Жә, тоқтат, ақсақал! Қырық жыл достық болмаса, қырық жыл жаулық та жоқ. Базаралыдан алмаған өшің бар ма еді?! Келсе қайырлы болсын! Қадамы құтты болсын!—деп, Жұманнан жүз тайдырып, өзге дос жастарына қарады.

— Қаталдық пен қастықты Құнанбайдың өзге баласына бердік. Біз бұл хабарды қуанып қарсы аламыз. Елімнің арысы болатын. Мен деген жастар, ертең көбің аттанып, Семейге барып, алдынан шығыңдар. Менің тілеулестігімді, бауырлық қуанышымды

алдынан ала барындар! Байлауым да, бұйрығым да осы!—деп, бір-ақ түйіп тоқтаған еді.

3

Жұман айтқан сөздің көбі дұрыс болатын. Базаралының қашып келгені де рас және «бұрын емес, дәл биылғы жылы қашып келуіне себеп — Күнтудың болыс боп тұрғандығы» дегені де дұрыс.

Базаралы өзін айдатқан Тәкежан, Шұбарлар болыс болып тұрса, бұл істі істеуге бекінбес еді. Өткен сайлауда Құнанбай балаларының қолынан бір жолы ұлықтық кетіп, Шыңғыстың болысы Бөкеншіден шыққан Күнту боп алды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий