Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ұлықтың урядник, стражниктері сайлау үстінде орындарынан қозғалған кісілерді жазғырып, қамшы үйіріп, мазалай беруші еді. Қазір Құнанбай балаларына тимегендей, бұларды да қағажулаған жоқ. Бұның да себебі жоқ емес-ті. Шашын шошқаның жон түгіндей үдірейте тікейткен қалың бет, қара сұр қазақ тілмаш бағана таңертең Жиреншенің қолынан бір топ кесек пұл және бір буда ұсақ ақша алған. Сонда Жиренше аса құпия сыбырлап, бұл тілмашқа екі тілек айтқан. «Ең әуелі, шар салған жерде тасты құтты қолыңмен сана! Менің де атайтыным болады. Егер күнім туып, сол дегенім болса, сенің жақсы лепесті жариялауың үшің алдын ала орамал етіп, мынаны ұсынамын...» деген.

Бұнысы — елубасылар шар салған күнде мұрты ғана емес, бүтілімен Оспанға қисайып отырған ұлық тас қағыстырмасын деп паралап жатқан әрекеті. Көптен бері сан сайлауды өткізген, тіс қаққан Жиренше біледі. Шарды, түбіңде, елубасылар салып болған соң, санайтын ұлықтың өзі болмайды, осы мынау столда отырған екі тілмаштың бірі болар. Сол себепті қазақ тілмашқа қолқасын салған. Екінші түйіншекті урядник, стражник атшабарларға, мынаны қоршап жүрген көп «жалаңқылыштарға беріп қой» деп тапсырған. Олар жөнінде қадағалап айтқаны: «Ал мынау жиын алдында, әсіресе, ұлық алдында оқыс сөзім, оқшау ісім бола қалса, қамшы үйіріп, қақап тұрмасын. Бұндайда бетке сермеген, шошайған қолдың өзі де кісінің пысына жақсы болмайды. Бағына нұқсан болғандай зіл, зеку болмасын! Соларына осынымды да асатып қойшы!» деп берген-ді.

Қазір, міне, сол бергені тап келгендей болды. Жиренше мен Оразбайға қосыла Бейсенбі, Абыралы, Күнтулар шар салатын жерге мінбелей кеп отырды. Сонда да оларды байқаған, қаққан ұлық қабағы аңғарылмады. Екі жақтағы осындай ұсақ қозғалыс біткенін тосқан Никифоров енді қазақ тілмашқа бір тізім қағазды әкелуге бұйырды. Өзі түрегеп тұрып, сол тізімдегі адамдардың аты мен әкесін атап тұр. Отыз елубасыны начальник санап тұрғанда, қазақ тілмаш та қатты саңқылдап қайталап айтып тұрды. Бар елубасы: «менмін», «бармын!», «мұндамын!» десіп үн қатып шықты.

Осы кезде крестьян начальнигінің алдына әдемі сырлы, төрт қырлы сұлу сандықша кеп орнады. Енді жаңағы аталған елубасыларға сол сандықты сипай тұрып, крестьян начальнигі ең бір мәнді, ең тиянақты қысқа сұрақ қойды:

— Жә, Шыңғыс болысының выборщиктері! Сіздер бүгінгі жаңа сайлауда өздеріңізге болыс етіп кімді атамақсыздар? Соны айтыңыздар!

Сол-ақ екен, Құнанбай балаларына қарап, жалтақтап отырған бірінші ауылнайдың елубасысы Есіргеп Шұбарға жалт қарады. Бұрынғы сайлауларда төселген омырау әдетімен Шұбар лезде емеурін берді.

— Атап қал! Бол, алдымен ата!—деп, Есіргепке күңк ете қалды. Сол арада Есіргеп:

— Уә, тақсыр ұлық! Болысымыз — Оспан! Өскенбаев Оспан!— деді. Анна Митрофановна бұл кезде өзінің нұрлы көзін жалт еткізіп Оспанға төңкергенде, оның қысылмай, қымсынбай еркін күліп тұрған жалынды жүзін көрді де, қоса жымиып күліп жіберді. Біраз үнсіз кез өтті.

Никифоров қағазға Оспан атын жазып жатыр. Ұлық пен барлық жиын енді, тегі екінші ат аталмас деп ойлаған. Таласқа түсетін кісі болар деп ойлаған Құнанбай жағы тіпті жоқ. Бірақ дәл осы кезде елубасының екінші шетінен Жігітектің көселеу қара сұр жігіті — Омарбек дейтін елубасы қатты дауыспен саңқ еткізіп:

— Уә, тақсыр ұлық! Болыстыққа атайтын тағы бір кісіміз бар. Оны да тіркеуіңізді өтінеміз!— деді.

Ұлықтар қалта қарасты. Сыртқы жиын мен Тәкежандар жақтан таңырқаған, сескенген үндер шығып қалды.

— Онысы кім? Бұл неменесі!? Кім айтты осы сөзді?— десіп жатыр.

Бірақ ендігі дауыс елубасы ішінен жалғыз Омарбектен шыққан жоқ, қатар отырған Жігітек, Бөкеншінің үшеу-төртеуі бірауыздан бір-ақ кісіні атады.

— Болысымыз — Күнту! Шоңқа баласы — Күнту!.. Күнту!— десті.

Күнтудыңда аты қағазға тіркелді. Осы екеуінен соң өзге адам аталған жоқ. Ырғызбай, Құнанбай жақтарының өздеріне сенімі сонша күшті еді. Қазір олардың жұртқа қараған жүздеріңде кезек ауысқан ызғар, әжуа не кекесін, мазақ күлкі бар.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий