Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ұзақ жолдан үздіккен Базаралы Семей қаласына келгенде өз үйіне жеткендей боп, бар дүниесі кеңи берді. Қалада бұл кезде күзем жүні мен киіз, тері-терсегімен базаршылай келген ел жолаушысы көп болатын. Күзектен Шыңғысқа, алыс қыстауға қайтатын кез де тақау. Қалаға да елдің қонысының жақын келетін шағы осы. Тобықтының күзектерінен шыққан түйелі, арбалы керуендер Семей қаласының «ар жақ», «бер жақ» атанатын екі жағасындағы қазақ үйлеріне мол-молынан кеп, асықпай киіз-кепшегін сатып жүр. Базардан ұн, шайын, бұл-бұйымдарын және де асықпай алып жатқан кездері. Осы ретте Жігітек, Бөкенші керуендері жататын үйлердің барлығында бір күңде: «Базаралы аман-сау кепті» деген, шүйінші тілеген хабарлар қаланың ішін кернегендей боп, көпке тегіс тараған.

Қазіргі шақта Базаралы келгелі бір жұмадай болса да, оны қала ішінде қарсы алған көңілдес ағайын күндіз-түн қонақ етеді.

Қаумалап, қоршап, мәз-мереке етісіп жүр. Жылап көріскен, құшақ қауышқан қалың қарындас арасында жырлап көріскен шешен ділмар да аз емес.

Осы аз-ақ күннің ішінде Базаралы айдау, азаптың бәрін үйіп-төгіп, бекем бойынан бір-ақ серпіп тастағандай. Жүдеген жүзіне айлар мен жылдар салған жудеу таңба да тез айыға бастады. Ақшыл сарғылт жүзіне енді қайтадан қызғылт қан жүгіргендей. Ұзын, қоңыр сақалына араласқан күміс ренді ақ талдар ғана айқын көрінеді. Бірақ нұрлы, жылтыр жүзінде өлі кәрілікке жеңгізген, жасыған ажар білінбейді.

Базаралыны қалада қоршаған жиынның оқшау бір тобы бүгінгі кеште Жиренше пәтерінде. Бас жатақтағы Үдері деген саудагердің үйінде. Базаралыдан басқа Жиреншенің достары: Оразбай, Бейсенбі, Абыралы бар. Және орталарында өз қолдарымен сайлаған әкімі, Шыңғыстың болысы Күнту да отыр. Жұрт көңілін көтерер «жаңа пері» — Сыбанның жас ақыны Әріп те бар. Алтындай сары сақалды, кең қызыл жүзді, келбетті жігіт Әріп бүгін түстен бергі отырыста арғы-бергіден көп өлеңді жосыта айтқан. Қазіргі сөз Оразбай бастаған бір жайға соғып еді.

Базаралыға ентелей түсіп, көзіне көз қадап, «осынымды ұмытпа» дегендей етіп Оразбай салмағы ауыр, мәні көп сөздер айтып кетті.

— Алысыңнан тілеп ұшып сен жеттің. Кеткенінде қанаты қайырылып қалған елің бар еді. Ол тек мынау тұрған Жігітек қана, мынау отырған «жертабан» Бейсенбі ғана емес-ті. Сен жарға жығылғанда, исі Тобықтының бір қанаты бірге басылып қалған-ды. Алыстық! Алладан медет келді. Мұндағы досыңның ежелгі жауыңмен терезесі теңеліп, бойы өсті. Білемін, астыма түссе де «жеңілдім», «жығылдым» деп қалмайды. Жығылып жатып та аяғымды шайнаудан тайынбайды. «Жағаласқан жан сақтау, жалынған жан сақтау емес» екенін бәрімізден бұрын білген, ұққан сен едің. Мынау есе тиіп тұрған бір күннің өзінде болса да, қару мен қимылдың барлығын баршамыз өзді-өзі тұсымыздан жұмсамасақ, жер қабамыз әлі де, «Құнанбайдың құрығынан Құдайдың құрығы шолақ па!» деген күдікті біз ойлағалы көп заман. Ес жиған сайын бір-бірлеп, әрқайсымызды бұтарлап тауысады. Мына Күнту қолында мөр тұрғанын бел қылып, кейбір еліміз Шыңғыс болысынан Мұқырға, Бұғылыға қағазымызды ауыстырмақпыз. Біреуміз сыртынан алып, жабыла қапсыру үшін жартылай сыртта отырғанымыз дұрыс деп жүрміз. Бұ да жауға қарсы ойлап жүрген қамымыздың бірі!— деді.

Базаралыны соңғы екі-үш күн бойында қоралай қоршап жүрген осы топ бір отырыста Жиреншенің, тағы бірде Бейсенбінің немесе Күнтудың аузымен, бүгін міне, Оразбай аузымен жаңағыдай орағытқан тұспалдарды айта жүрген. Базаралы Оразбай сияқтылардың: «Құнанбаймен алысайық, шыдасайық, жаулықты ұмытпайық»- дегенді айта жүріп, бір жағынан басқа болыстарға шығып кеткісі келетінін түсінбейтін. Және анығында, ұнатпай да жүрген. Қазір өзінің турашыл ашық бетімен сол көңілін дағдылы әзіліне сүйеп, айтып та салды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий