Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

—Тек! Тантымай сөйле! Былғама Нұрғанымды! Қаңқуға қимас қадірлім болатын!- деп, үй ішіне тегіс зекінгендей қарады. Жұрт күлкісі сәтке жым болды. Бірақ айлакер, тақыс ақын бір танауынан күле түсіп, қымсынбай қайта түзеліп, тағы соза жөнелді. Тағы да алғашқы айлалы есебінің арнасына түсті:

Арғы атаң би Кеңгірбай, әкең Қаумен,

Себеп боп елді таптың денең саумен.

Жеті қойлық бестімен орай болдың,

Алысқан сеңгір едің-ау талай таумен!—

деп барып тоқтағанда, жаңағы тыйылып қалған жұрт қайта құжынады. Тағы да көп сүйсінген мақтау алғыстарын айтысты.

Жалғыз өлең сөз емес, талай түрлі, сырлы-қырлы арбасудың талас сөзіне қатты ысылған айлакер ақын жаңағы айтып шыққан өлеңімен бұл үйдің ішін түгел таң қылғандай. Айтылған сөздің бар сырын бұлжытпай таныған жүйрік, зерек Жиренше енді Әріптің жүзіне сәл ғана сығырая қарап, ақырын ғана сылқ-сылқ күледі. Оқта-текте бір сөз тастап, шым-шымдатып тіл қатады.

- Кер асқақтың сөзін-ай! Құйқылжыған қырын-ай! Айтуын білсе, ақын сөз кәпір де, түлкіге түсер қырандай! Құйқылжып құйылады-ау!— деп қояды.

Шынында, Әріптің бастауы мен аяқтауында екі түрлі сыр болды. Әуелде Оразбай бетімен Базаралыны көтеріп, шындап: «Бара соқтық!», «Кегіңді ал!», «Іркілмей соқ!» дегендей, өшіктіріп, қайрап алған. Кейін өлең үстіңде Базаралыдан кеудеге соққандай қаққы көріп қалған жерде тақыс ақын қолма-қол құбылды. Өзінің де іргелі ел, жуан ата баласы екенін сездіре, сыздана сөйледі: «Бір кезде сеңгір болсаң да, бүгіндегі сенің құның жеті қойлық бестімен тең екенін жасырмаймын. Мен саған жағынушы емеспін, қытығыма тиіп кетсең, қауып алатын азуым да бар» дегендей бір қыр да көрсетті. Бірақ бұл соңғы жайды ұзаққа созбай, қысқа ғана түйіп, келте қайырып тоқтаған.

Базаралы да мына жиынның ақылы мен ақынын барламай қалған жоқ. Ішінен осы сияқты зәр аралас қошемет-құрметті ұнатқан да жоқ. Үн қатпай сазарды да, өз ішінде жұмылып қалды.

Дәл осы мәжілісте, кешке тақау мезгілде ойда жоқ бір топ қонақ келген еді. Бұлар — Оразбай, Жиреншелер салқын қабақпен қарсы алған Құнанбай аулының жастары. Абай жіберген жастар. Солар үй ішіне кіре бере даурыға қуанып, ұмтыла көрісіп:

- Қайран Базекем!

- Асыл ағекем!

- Ардақты арысым!

- Қош келіпсің еліңе!

- Келісің құтты болсын!

- Қадамың құтты болсын, Базеке!— деседі.

Базаралы орнынан тұрғанда, оны кезек-кезек құшақтап, төс соғысып амандасын жатқандар Көкбай, Шұбар, Ақылбай, Мағаш, Ербол сияқты кісілер болатын. Бұл топтың басшы ағасы есепті Ербол Базаралының саушылығын, келіс-барысын сұрап алғаннан кейін өздерінің де мәнін айтты.

Орамды тілді Ербол баппен жақсы айтады. Абайдың «достық», «жақсылық», «ақтық» жолындағы ниеті мен сәлемдеріне өмір бойы айнымай, таза тілхат, делдал болып келген Ербол бұл жолы да Базаралы мен Абай арасының достығын ыстық, тәпі сөйлеген.

Базаралы Ерболды тыңдап отырып, осы жиындар ортасында бірінші рет босағандық көрсетті. Екі-үш тамшы жас та ағызып жіберді. Сөзбен жауап қатқан жоқ, бірақ жаңағы қалпы үй ішіне байқалмай қалған жоқ. Базаралыға арналған Абай жүрегін осы жұрттың бәрінен артық сезіп, білетін Мағаш та қазір қалтасынан орамалын алып, көзін басып жылап отырды. Үй ішіне ұзақ орнаған үнсіздікті Көкбай мен Шұбар кезек сөйлеп, әрең бұзғандай болды. Біраздан соң Базаралы өзі де шешіле түсіп, Абайдың саушылығын сұрастырды. Бұл жоқта қаза болған Құнанбай жөнінде көңіл айтты. Енді біразда үй ішіне үлкен сары тегене толы қымыз келіп, асжаулық жайылғалы жиын жүздері жадырай бастап еді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий