Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Дәрмен іркілген жоқ. Сұлу жүзді, қиылған қара мұртты, ақ сұр жігіт домбыраны шешен сарнатып отырып-отырып барып, жортып бастап кетті. Үлкен қара көздері сәл қанталай түсіп, шабыт отын маздатады. Ширақ, сергек қайратына ызалы жүрек оты араласқан, әділет жоқшысы туғандай. Жас, асқақ ақын жаңа сазға бой ұрған. Бұл — кәрі заманға жаңа буынның сынын айтатып, кекшіл қыран нәсіліндей. Бір жағы Абай ұясынан, тағы бір тегі әділ қазы — халықтан шыққан. Бар жылаулардың жаңа жоқшысы.

Ол дастанын әсем туған халық қызы Еңлікті көріктеп, мадақтаудан бастаған. Атасы кәрі Ықан Хан тауының бауырында

адал, момын, еңбекпен күнелткен әзіз жан. Екі абзал кәрінің ұлы да, қызы да өзі боп, сыпайы өскен Еңліктен сөз кетеді.

Шыңғыстың қыс басындағы көркі. Аңшы, мергендер, жортуылдар — күнделік аңыз тудырған қайратты, өнерді, қастық, араздықты да баян етеді. Ерлік қасиетпен атақ-абырой тапқан азаматты да ауызға алады. Жалғыз, ойшыл, сабырлы сұлу Еңлік құлағына бір ерекше асыл жанның аты күнде жетеді. Ол бұның қиялын қытықтайды. Түн ұйқысын аша бастады. Сондай бір шақтарда, ақпанның басында, бүркеп жауып тұрған қарлы борасын ішінен бір белгісіз жан келді. Кешіккен жолаушы жалғыз екен. Қолында томағалы қыраны, қанжығасында қызыл тағы, жаңа осы апақ-сапақта алғызған түлкісі.

Жігіт қарлы боранда, беймезгіл шақта бөтен ауылға келсе де, күңгірт жолаушыдай емес, ашық-жарқын, жақсы дос жүзімен келді. Жабырқау үйге жадыраған күлкі, аң туралы қызу әңгіме, орамды әзіл, жайдарылық ала келді. Еңлік жігіттің қызу нұрлы жүзіне сүйсіне қарап, күлімсірей көз тігеді. Қайта-қайта қарағысы келеді бұл жанға.

Сол кезде жігіт Ықан қартқа өз жөнін айтып кеп, атын мәлім етті. Кебек!.. Кебек осы екен!.. Отқа жақын отырғандықтан аңғарылмады. Бірақ қыздың жүзі жігіт атын естігенде ду етіп қылды. Жүрегі де су еткендей, белгісіз бір сезім лебі шарпып өткендей... Ет жүрек сәт суына қалып тулағандай!..— дей беріп, әнші, еркін ақын домбыраны баяулата бәсендетіп кеп, дастанын үзді.

— Жеткен жерім осы еді, Абай аға!

— Алда, жігіт-ай! Тым құрыса, бір табан бастырып тоқтатсаң нетті! Қанымды қыздырып кеп, осыншама мысымды құртып тоқтармысың!— деп, Базаралы кінәлай қарап отыр.

Мағаштар да ынтығудан өкініп қалысты. Абай Дәрменге көп уақыт қызыға қарап отырды. Дастанды анық ұнатқандай жүзі бар. Бірақ байлауын басқаша айтты.

— Екі ғана жайды айтам, Дәрмен. Қызды айту, қызықты айту тек құмарлықты қоздырмасын. Ақ жүрекке қанат бітіріп, ойды алысқа создырсын. Екінші — бұрынғыны, бүгінді айт! Жұрт көмейінде жұмарланып түйілген тас түйінді айт. Әкіміне өкімін айт жұртының... Халық атаулы арғы-бергі хан-бегіне қарғыс ойлап жүрсе де, айта алмай келген. Соны жеткіз!.. Жылаған жас, елдің жасымен жыласын. Парашылды, зорлықшылды, қиянатшылды таңбала!— деді.

Жастар тегіс ойлана тыңдап қап еді.

— Абай аға, ол кезең алдында тұр ғой Дәрменнің. Айтатыны сол болар!..— деп, Кәкітай ғана сөз қатты.

Дәрмен осы сөзді құптағанын бас шұлғып білдірген еді.

Базаралы да Абай сөзінің төркінін тез ұғынды. Өзінше шешті

— Зорлықшының, өктем әкімнің арамын аш дегенің маған қандай жағады десеңші, Абай-ау!

— Бұл тұста Кеңгірбай ісі ашылатын боп отыр-ау!— деп, Кәкітай ескерте сөйледі.

— Е, алыстағы Кеңгірбай, қасындағы Құнанбай ғой. Бірін айтса, бірі аман қалар дейсің бе? Атам Кеңгірбай еді деп кейін басар деп пе едің айтқанынан!— деп, Базаралы салқын, салмақты сөз тастады.

— Бәсе, бүйтпесе Базекең бола ма?— деп, Абай Дәрменге қарады да,— міне, заман үні, ендігі сапалы буын үні деген осы!.. Ақын артқа қарап табынбай, алға қарап қыбла тапсын!—деді.

Осы соңғы отырыс, мәжілістер кезінде бір-екі рет Базаралы өзінің айдаудағы кездерінің кейбірін еске алды. Бір орайда адамгершілік, достық көмек деген жайлар сөз болғанда, Базаралы осыған мысал етіп, өзінің орыс баласынан көрген адамгершілігі мен достық көмегін мысалға келтірген.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий