Knigionline.co » Казахские книги » Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов

Книга «Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Продолжение культового произведения, которое стоит прочитать любителю прекрасной литературы. Немецкий писатель Альфред Курелла говорил: «Когда ты живешь в степи, мир наполнен прозрачной природой первого творения, всей его жизнью, самостоятельными личностями…»

Путь Абая. Книга III / Абай жолы. ІІІ кітап - Мухтар Ауэзов / Мұхтар Әуезов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Соның орайына Шүйгінсудан бастап Қарауылға, қалың шағыл ішіне шейін тарап отырған көп Жігітек тақа тұралап қалды. Келер жазда жайлауға шығар қауқары болмай, таланып, тақырланған кедей ауылдар тегісінен ши-жалаңаш, жоқ-жітік жүдеулікке түсіп, жатақ жатып қалды.

"ҚАРАШЫҒЫН"

1

Жас шалғыны мол, кең қоныс — Барлыбайда отырған Абай аулы. Мұнда бүгін үлкен әбігер бар. Ақ үйлер мен отаулар, қонақ үй, ұраңқайлар арасында асығып басып жүгіргендер көп. Көрпе-жастық, асжаулық, тегене, тостаған, самауырлар тасыған жас әйелдер, еркектер қарбаласады. Таза көйлек, камзол киіп, көкбараздаған кимешек-шаршы тартқан келіншектер мен үкілі бөріктері бар қыздардың ажарында мереке күн белгісі сезіледі. Әлденеге қуанып, шулап жүгіріскен үлкенді-кішілі балалар да таза киімдер киіскен. Оларды оқудан да босатқан күн сияқты.

Ауыл сыртындағы көгалға апарып, қағып-соғып тазалаған кілем, түскиіз, алаша, текемет, жаңа сырмақтар көрінеді. Бұлар Абай үйлерінің айналасын оюлап, кестелеп, ерекше әшекейлеп тұр. Күміс қарғылы сыландаған екі сары тазы да үйлер арасында қарғып ойнап, әсем көрініс береді. Шашақты құлақтары жалбырап, ұзын құйрықтары шиыршықталып жүр. Олар секірсе де, ортқып ойнап алысса да, сыпайы сұлулықты байқатады. Еркелі шапшаңдықпен ұстарадай өткір қуатты да танытқандай. Барлық жинақы сәнді бітімімен еріксіз көз тартады.

Ауыл сыртында, үйлер арасында ат үстінен үн беріп әбігерленіп, жорта жөнеліп жүрген жас жігіттер жиі кездеседі. Ауыл үстіндегі әбігер, құнан-тайлы балалардың тоқтаусыз дабыстап, айқайлап, шапқылап жүрген қозғалыстарынан, әсіресе, анық танылғандай. Олардың желу-жортулары, кейде ауылдың тазыларын, жас күшіктерін де еліктіріп, бірге шапқызып ойнатады.

Осындай қозғалыстан туған қызумен қатты дабырлаған адам үндері кермеде тұрған аттарды да еліктіреді. Ерттеулі жарау аттар байсалды тұрғанымен, үлкен үйге тақау байланған қара жал, қара құйрық, құрым сары ат көптен тықыршып, тыныштық ала алмай тұр. Қасынан тазы иттер жүгіріп өтсе, балалар шапқылап кетсе немесе қыз-келіншек пен жігіттер әзілдесіп, қатты күлісіп, дабырласып сөйлесіп өтсе де семіз сары ат кермені сүзе жөнеліп, ары-бері бұландап елегізіп қояды.

Ауыл сыртында, көк бетегелі ұзынша төбешіктің басында Абай бір топ көршілерімен, Шыңғыс жаққа көптен көз салып отыр. Кейде ауылға да бұрылып қарасады. Ондағы киіз қаққан, үйлерді жасап жүрген, жерошақ басында самауырларды түтіндетіп қайнатқан, көп қазандар асқызып жүрген таза киімді әйелдерге, күтуші жігіттерге де бейілді жүзбен қарайды. Әдеттегі ауыл тәртібін бұзып, үй қасына қатты жүріп келген аттыларға, үйлер арасынан, қотан ортасынан шапқылап өтіп жүрген балаларға бүгін Абай кінә қоймайды. Қасында отырған үлкендер де әдеттен тыс әбігерін түсінеді де, кешіріммен қарайды.

Бүгінгі Абай аулындағы үлкен әбігер мен қарбаластың жөні бөлек. Бұнда тартыс-таластың жиыны болмақ емес. Бөтен, бөгде, жат-жалаң келмек емес. Мазасыз, жайсыз кеткен ауылдың тәрізі жоқ. Бірақ күйеу келтіретін, келін түсіретін, қыз ұзататын дағдылы той әбігері де емес. Абай мен оның барлық үй іштері, әсіресе, іні-шәкірт, достары үшін ең бір қадірлі әбігер. Бұның себепшісі — Әбіш. Екі жылдан бері елге қайтпай, осы бүгін, енді ғана «туған аулына келеді» деп, ата-ана, аға-бауыр ерекше тосып отырған Әбіш.

Оны тосушылар тек ауылда ғана емес. Ат үсті әбігер ауылдан алыста. Шыңғыстан Барлыбайға қарай асатын Бөкенші асуының маңынада созылып барған. Ересек азаматтар, бозбалалар ауылдан алыста, асуға тақап барып, таңертеңнен бері сонда тосып жүр. Ол кеткендер Көкбай, Ақылбай бастаған — Кәкітай, Дәрмен, Мұқа, Әлмағамбет сияқты жастар. Оспан аулының жігіт-желеңі де бірге кеткен.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий