Knigionline.co » Казахские книги » Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу

Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин

Книга «Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Эта история о восстании 1916 года, о политической ситуации в Казахстане. В изданиях 1936, 1960, 1977 годов оригиналы 1927 года «Интеллигенция Алашорды, служащие, рабочие, казахские читатели» постепенно превращались в «тиранов, феодалов, врагов Советского правительства». В оригинальном тексте: «…Господа, которые учились, те, кто хотел стать джентльменом, приветствовали Бокейхана... В Омске, Семипалатинске Алекин был единственным, кто просил у Бога поздравления…», а в тексте 1977 года он сказал: «Казахские националисты не должны забывать, к чему может привести жестокая цензура и массовая пропаганда».

Узкая, скользкая дорога / Тар жол, тайғақ кешу - Сакен Сейфуллин / Сәкен Сейфуллин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қазақ комитетінің алдынан қазақтардың топ-топ аты кетпейтін болды. Шұбап қазақтың қыз-келіншектері комитетке келіп, «бостандық қағаздарын» алып кететін болды. Бір күнде он сегіз әйел «бостандық қағаз» алған кезі де болды.

Комитеттің ісі солайша жүре берді. Ақмола облысының басқа уездерінде де осындай уездік комитеттер ашылған. Бәрі де әлінше істерін жүргізуде. Әр уездің және қазақтың әр облысының істеп жатқан істері газеттер арқылы және кей жерлерден алып тұратын хаттар арқылы белгілі. Қазақтың әр уезінде-ақ, әр облысында-ақ әлінше іс жүріп жатыр. Бәрінде де осындай комитет бар. Істің жүрісі бір жерде екпінді, бір жерде баяу, шабан.

Әр жерде-ақ газет шығара бастады. Семейде «Сарыарқа» газеті, Ташкентте «Алаш» газеті, соңынан «Бірлік туы». Бөкейлікте, Астрахань қаласында «Ұран» газеті, Ақмолада «Тіршілік» газеті, Орынборда бұрынғы белгілі «Қазақ» газеті.

«Сарыарқаны» басқарған — Қалел Ғаппасұлы. Жазушылары: Ермеков, Бөкейханов, Тұрғанбаев және басқалар.

«Алашты» басқарған — Көлбай Тоғысов.

«Бірлік туын» басқарған — Мұстапа Шоқайұлы. Жазушылары: Болғанбаев, Төреқұлов, Қожанов және басқалар.

«Ұранды» басқарған — А. Мұсаұлы. «Тіршілікті» — басқарған — Рақымжан Дүйсенбаев пен Садуақас Сейфоллаұлы (мен). Жазушылары: Асылбеков, Өмірбай Дөнентаев және басқалар.

«Қазақты» басқарған — Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов. Жазушылары: Бөкейханов тағы солар. Бұл газеттер, «Тіршіліктен» басқасынын бәрі, бір бетте болды. Бәрі Орынбордағы «Қазақ» газетінің ықпалымен жүрді. Бәрінің құлақ күйін «Қазақ» газеті бұрап беріп, нұсқау беріп отыратын болды. «Қазақтың» басындағылар Қазақстанның әр жеріндегі ниеттес адамдарына нұсқа беріп, хат жазып жатты. Газеттердің бәрі көзжұмбай ұлтшыл болды. Ұлтшыл болған соң, еріксіз байшыл газет болды. Бәрінің ортақ туы «Қазақ» газеті болды.

Міне, осы газеттерді оқып, Қазақстанның қай жерінде не болып жатқанын сырттан бақылап жаттық. Қазақ комитеттерінің көбінің-ақ саяси жолы, әлеуметтік ісі, біздің Ақмоланың облыстық комитеттерінен өзгеше емес, көбі-ақ бір қалыпта. Комитеттердің басында қазақтың бұрынғы үлкен оқығандары: адвокат, судья, доктор, чиновник, переводчиктер — байдың балалары. Ал бұларды билеуші — молдалар, ишандар, бұрынғы жуан болыстар. Мысал келтірейік.

«Алаштың» «тіреулері» — жуандар, қазіреттер.

Орал облысында. Сол қарсаңда қазақтардың облыстық съездері болды. Орал облысының уез-уезінен облыстық қаласына (Орал-Текеге) қазақтар жиналды. Жиылыс қаланың ат ойын үйінде (циркте) болды. Съезд ашылды. Басқарма сайланды. Басқарма цирктің ортасында үстел құрып қойып отыр, съезд адамдары цирк ішінде жағалай толып отыр. Және цирк ішінде айнала иін тіресіп, съезді көруге, тыңдауға келген көп халық тұр. Іштерінде бірен-саран оқыған әйелдер де бар. Қарап тұрсаң, съезге Орал губерниясының қазақтарының «қаймағы» жиналған. Ылғи «қасқа мен жайсаң». Съезді меңгеріп отырған, барлық Қазақстанға белгілі, зор оқығандар: Қалел Досмұқамбетов, Жанша Досмұқамбетов, Ғұбайдолла Әлібеков тағы да көп зор оқулылар. Құрылып отырған съезге қарап жібергенде, осының бәрін көріп, ә дегенде кісінің көңілі толғандай. Көңілі толмай қайтеді!.. Ылғи зор, оқыған, көзі ашықтар. Іштерінде оқыған әйелдер де бар... Жұрттың бәрі тізіліп орындықта отыр... Бірақ өзгеден бөлек бір-ақ кісі жерде. Жерде болғанда, ол кісі қара жерде емес, астында төселген кілем бар. Екі иініне екі кісі мінгендей ұзын бойлы, толық. «Мәйегі аузынан шыққан» манаураған манаптай. Үстінде шұға шекпен. Белінде күміс кемер белбеу. Басында кәмшат бөрік. Шүйдесі тоқпақтай. Шекесі торсықтай. Төңірекке көзінің астымен қарап қояды. Съездің басқармасына қарап қояды. Съезді басқарып отырған алты-жеті білгіштер де иесіне қараған аңшының иттеріндей әлгі «жердегі жалғызға» қарап қояды.

Міне, «жердегі жалғыз» цирктің төңірегіне қарады. Қаһарлы көзі орысша киінген бір-екі қазақ әйеліне түсті. «Жердегі жалғыз» қабағын түйді.

— Әне бір селтигендер кім? — деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий