Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Аты кім болушы еді оның? Оның аты ұры! – деп паранжалы әйел бажылдады. Бажылдаған сайын құлағындағы шеңбірек алтын сырға бұлғаң-бұлғаң етеді. – О, Құдай, ақырзаман осы ма? Ұры көбейді. Кеңірдегіңді суырып жей жаздайды. Қандай күнкөріс болады?

Азынаған әйелдің зарына құлақ аспай Рысқұлов баланы тағы айналып-толғанып көріп еді, ештеңе шықпады. Бала жақ ашпады.

– Уақыт өтіп барады, – деп тықыршыды Ләзиз. Нан ұрлаған құртақандай балаға бола, Рысқұловтың осынша әуреге түскеніне риза емес.

– Детдомға апарып тапсыр, – деді Рысқұлов милиционерге қатал қарап. – Ұрғызушы болма. Өзің де ұрма!

Рысқұлов пен Ләзиз бұрылып жүре бергенде, әлгі балаға ғайыптан тіл біткендей:

– Көке! – деп шыр ете қалды.

Рысқұлов жалт қарады. Жақындап жанына келді.

– He дедің?

– Тұрар көке, – деді бала енді сыбырлап.

– Мені қайдан білесің? – Рысқұлов та сыбырлап сұрады.

– Ана жылы Әулиеатада апам екеумізді сіз құтқарып қалғансыз. Атшабар... Мирз-ауф... мен Рысқұлдың баласымын. Атым – Арман. Апам солай деп айт деген.

– Апаңның аты кім?

– Ізбайша.

Ләзиз көмекші Рысқұловтың түрі өзгеріп кеткенін байқап, сескеніп қалды. Ал бұл кезде Рысқұловтың басынан не халдер өтіп жатпады? «Қалайша? Ойықтардың айтуынша, Рысқұл он алтыншы жылдың күзінде Талас бойында дүние салды. Моласын өзі барып көзімен көрді. Ақкөз көтерілісіне қатысқан. Оның алдында Шығыс Сібір каторгасынан қашқан. Ізбайшамен сонау бесінші жылдан кейін кездескен емес. Сонда бұл қайдан Рысқұлдың баласы болады? Ізбайша Рысқұлдың інісі Молдабекке тиіп алған.

– Сен, айналайын, Молдабектің баласы шығарсың? – деді Рысқұлов баланы басынан сипап тұрып.

– Жоқ, – деп қасарды бала, басын шалт шайқап: – Апам айтқан, әкең – Рысқұл, – деп.

– Апаң қайда?

– Білмеймін. Мені Әулиеатада детдомға өткізіп, өзі айтты:

– Рысқұл әкеңді іздеймін. Талас деген жерге барам деп. Coдан кейін келген жоқ. – Баланың аузы қисайып кемсеңдей бастады. Жаңа өзін ұрып-соғып жатқанда безірейіп, міз бақпап еді, енді жылайын деп тұр. Қайран ана!

– Мұнда қалай келдің енді?

– Әулиеатадағы детдомды Шымкентке көшірді. Шымкентте біреулер айтты: Ташкентте Рысқұлов Тұрар деген өкімет бар деп. Апам айтқан: Тұрар сенің көкең деп. Детдомнан қашып кеттім. Сізді қалай табарымды білмей жүр едім. Қарным ашты. Сөйтіп... – деп бала паранжалы әйел жаққа көзінің астымен қарап қойды.

– О тоба! – деді әйел. – Өкіметтің балалары да тентіреп, ұрлық істеп жүреді. Неткен заман – ақырзаман! Басқаларға не жосық!

Детдомнан қашқан баланың қарны ашқан. Аштық оның ілмиген көлеңкесі сияқты. Әулиеатада да, Шымкентте де, Ташкентте де сүмеңдеп соңынан қалмай қойды. Ал Ташкенттің базарында бетіне қалампыр сепкен аппақ тандыр нанның иісінен аш адамның басы айналып, ақылдан айырылар еді. Сатып алар қауқар жоқ. Содан көзі қарайған байғұс бала мына әйелдің себеттегі ақ нанына ілмиген арық қолын созған ғой.

Сөйтсе, ол Түркістанды «сұрап тұрған» әйгілі Рысқұловтың туысы екен. Өте ұят болған. Рысқұлов нан сатқан әйелден кешірім сұрады. Милиционерге айтты:

– Баланы мен алып кетемін. Бірақ бұл үлкен Ташкентте қарны ашып қаңғып жүрген жалғыз осы дейсің бе? Панасыз бала көрсең, детдомға өткіз. Қабылдамаса, маған хабарла. ТүркЦИК. Рысқұлов.

– Құп болад, жолдас Рысқұлов! – Милиционер қолын шекесіне көтеріп қалшиды да қалды.

* * *

Рысқұлов баланы әуелі моншаға апарып шомылдырып, тырнағына дейін өзі алып, шашын қырықтырғанда, байғұс жетім қабығын аршыған жауқазындай жайнап шыға келді.

Содан кейін Рысқұлов Әулиеата уездік атқару комитетінің төрағасы Қабылбек Сармолдаевқа телефон соқты.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий