Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

«Ә, рас екен-ау, апам сөйтіп айтып еді-ау» дегендей, бала жасын сүртіп, үн-түнсіз барып, көрпе-төсегін алып, ірге жаққа ұядай етіп салып, қабырғаға қарап, бүк түсіп жатып қалды.

Темір төсектің тұсына Наташа ақ сейсеп тұтып, шымылдық сияқтандырып қойды да, Рысқұловқа қарап қасқия күлді:

– Будуар дайын, менің қымбатты падишаһым, Шаһризадаң қасында.

Рысқұлов темір төсектің жақтауына келіп отырды. Наташа оның мойнына білектерін орай тастап, алдына жығылды. Екеуі осылай үнсіз-түнсіз құшақ жазбай ұзақ сүйісті. Көз жұмулы, көңіл мас сол бір шақта олар ақ сейсептің сыпырылып түсіп қалғанын да байқамапты.

Бір кезде Наташа шошып кетіп, жіңішке даусымен шар ете қалды. Рысқұлов басын Наташаның бетінен бұрып алды.

– Не болды?

– Анау, – деп Наташа жыламсырап Артур жатқан іргені көрсетті.

Бала көрпеден басын шығарып, Наташаға тесірейіп қарап жатыр екен. Рысқұлов үндеместен барып, бауырының басынан сипап, көрпесін қымтады да, білте шамды сөндірді.

Үнсіз қараңғыда ірге жақтан баланың көзі жасыл от шашқандай көрінді.

Рысқұлов ояна кетіп, бауырына тығылып жатқан Наташаның шашын сипады. Төсектен төмен қарай алтын толқын сусылдай төгіліп тұр екен. Рысқұлов басын жастықтан жұлып алып, төсектен төмен сауылдай төгілген алтын толқынға сұқтана қарады. Мұншама баға жетпес қазына түні бойы құшағында жатқанына бір реттен пендешілік жүректен мақтанып, насаттанып та қалды. «Арты жақсылық болғай, насырға шаппаса екен» деп күдік те қылаң берді.

Тар төсекке екі адам еркін симай, Рысқұловтың оң қолы, көрпе сырғып ашық қалған екен, суық қармап, зіл тартып тұр. Оны елегісі келмесе де, жанға әжептәуір батқанын байқайды.

Сол ауырсынған қолымен Наташаның сусыған шашымен ойнап жатып, келіншектің кішкентай сүйкімді құлағының ұшындағы бұршақтай бриллианты бар алтын сырғаға көзі түсті. Құшағында жатқан бай әйел, басқарып отырғаны ашыққан кедей ел. Қырылып жатқаны қанша...

Тағдыр Рысқұловқа дүниенің ойхой қызығын там-тұм ғана бұйыртқан: тұңғыш рет көңілі сүйген сұлу әйел құшағында жатқанның өзін көпсінгендей, Рысқұловты ашаршылық айбыны өкшелей іздеп, қызықты түннің іргесін тінтіп ашып, жалаң сайысқа шақырып тұр. Бриллиант еске соны салды.

Наташаның арайлы көркіне сүйсіне қараса да, көңілін бір көлеңке көлегейлей береді. Екеуінің қосылуы заңды, некелі болса да, осы қызық опасыз, аз күн дәурен сияқты көрінеді. Көкейіне шымырлардың:

Көкала үйрек,

Қанатын сүйреп,

Ұшады-ау Билікөлден

Түйдек-түйдек, –

деген әні оралды.

Әшіркүл, Зейнеп,

Отырмын сөйлеп,

Бұл қызық өтер-кетер

Өйдеп, бүйдеп...

Наташа баяғыда Рысқұловқа аспандағы жұлдыздардың біріндей көрінген. Оны аңсау, армандау болды, ал жетемін деп сене бермейтін.

Сол жұлдыз Рысқұловтың қолына өзі келіп қонды. Бәрі тым оңай, тым жеңіл шешілген сияқты.

Рысқұлов өзінің жиырмадан енді асқан ғұмырының ішінде ешқашан да оңай жеңіске жетіп көрген емес. Жеңістерге жететін, бірақ сол жолда аяусыз тер төгетін, тіпті басын оққа байлаған кездері де болған.

Жеңістің дәмі ылғи да тәтті ғана емес, кермек те келетінін Рысқұлов жақсы біледі. Жақсы білгендіктен де, мына қойнында жатқан ғажайып қазына – ұйқыда бір көрген тәтті түс сияқты ғажайып болатын сияқты көрінеді.

Және бұл екеуінің қосылуы әзірше жалпақ елге жариясыз жасырындау. Рас, Рысқұлов өзінің үйленетіні жөнінде Крайком мен ТүркЦИК-ті құлақтандырған. Ал той жасамады. Жасамағаны – сараңдығы емес. Кезең сондай еді. Ел аштан қырылып жатқанда, бұл асыр-тасыр той жасап жатса, оба кезіндегі мереке сияқты болар еді де.

Осы таяуда төраға Кушекин төтенше комиссар Кобозевтің Мәскеуден келу құрметіне деп қонақасы бергізді. Дастарқанға қымбат коньяк, алқалы шарап, қырғауыл еті, тіпті бөдененің етіне дейін қойылыпты. Кушекин бар және біраз жолдастар тіпті бейбітшілік пен молшылықтың теңізінде малтығандай, ақ түйенің қарны жарылғандай мамыражай.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий