Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Радиограмманы сіз екеумізден басқа ешкім оқыған жоқ, – деді Кушекин екі қолын алдына салып, тұқшиып отырған күйі. – Ал мұндағы жағдайларды Рысқұлов пен Кобозев талап етіп жүргелі қашан. Орталық Комитеттің бұл құжатты Түркістанға арнайы жолдауына қарағанда, Рысқұлов – Кобозевтердің әрекеті болуы да мүмкін. Сірә, хат түсірген болар. Кобозев көпе-көрнеу теріс жолда, Рысқұловтың жетегінде кетті. Бұл екеуін қалайша сүріндіруге болады? Екеуінен де құтылған жөн. Қандай ақыл айтасыз?

– Радиограмманы әзір жарияламай қоя тұру керек. Жарияласақ, Рысқұловта, Кобозев те жалынан ұстатпай кетеді. Бұларға, ең дұрысы, ауыр айыптар тағу керек те, радиограмманы содан кейін жариялату керек, – деді Успенский қысылмай-қымтырылмай.

– Ол айыптарды сіз көз алдыңызға қалай елестетесіз? – деп Кушекин көздері майқабақ астымен сызаттана жылт етіп, басын көтерді.

Менде біраз материалдар бар, – деді Успенский астыңғы ернін саусағымен шұқылай тұрып. – Рысқұловтың бұрынғы ояз Колосовский қызына үйленгенін білетін шығарсыз? Иә. Бұл таптық позицияның шатқаяқтап тұрған шағы. Сол әйелдің бөле ағасы кешегі Осипов оқиғасының бел ортасында жүрген Приходько деген бұрынғы ротмистр. Қазір түрмеде отыр. Рысқұлов өзінің қайын енесіне, яғни патшаның Черняев уезіндегі бұрынғы бастығының әйеліне Манкент учаскесінен жер бергізген. Бұл қалай ұнайды сізге? Түсінесіз бе, бұрынғы ояз Колосовскийдің әйеліне! Ал генерал Колосовский Ашғабад бүлігіне қатысты емес пе?!

Кушекин қуанғаннан екі алақанын былқ еткізіп бір-біріне соқты да, бір-біріне үйкелеп орнынан түрегелді. Жанарына ұшқын пайда болды. Успенскийдің жанына барды, Успенскиймен бой теңестіріп қатар тұру Кушекинге тиімді емес еді. Қасы мен кірпігі ақ көбелек шошып ұшқандай жалп ете қалып:

– Успенский! Сіз данасыз, – деді.

– Түк те даналығы жоқ, кәдімгі жұмыс.

– Қойыңыз, қойыңыз. Қарапайымдылық тек қайыршыларға жарасқан. Тым қарапайым бола бермеңіз. Ал енді мынаны тыңдаңыз: әлгі ротмистр Приходько түрмеден қашатын болсын. Оған Рысқұлов ықпал еткен болсын. Бұл бір. Айтпақшы, осы Рысқұловтың туыстары қай уезде көп?

– Рысқұловтың туыстары барлық жерде де бар.

– Ал дәлірек айтсақ...

– Дәлірек айтсақ, Черняев, яғни Шымкент уезінің Майлыкент болысында әкесі туған. Верный губерниясында өзі туған. Әулиеата уезінің Меркесінде оқыған. Әулиеата Уездік атқару комитетінің төрағасы болған...

– Ол белгілі... Негізі сонда Шымкент, Сайрам жағында болды ғой.

– Түлкібас, Майлыкент болысы, дәлірек айтсақ.

– Айтпақшы, сол Майлыкенттің болыстығына Рысқұловтың жақындарының біреуін сайлаттыруға болмас па екен? Байқап көріңізші. Бұл екі.

– Неге болмасын?! Болдырамыз.

– Міне, осы екі тапсырма орындалса, ар жағын көре жатамыз, Успенский. Сонымен радиограмма әзірше жарияланбайды. Есіңізде болсын: оқыған екеуміз ғана! Сыбыс шығып кетіп жүрмесін. Мұндағы «ұзынқұлақтың» лезде тарап кететінін білесіз ғой. Сау тұрыңыз, Успенский! Жолыңыз болсын!

Кушекиннің топ-толық, тырбық саусақтары Успенскийдің салалы қолына көміліп, көрінбей кетті. Успенский оның былқылдақ қолын қаттырақ қысты.

V

Майлыкент болысы мәңгі өзгерместей көрінетін. Бірақ мәңгілік еш нәрсе жоқ екен. Тіпті Дауылбайдың өзі болыстықтан түскен соң, еш нәрсеге дауа жоқ. Бірақ Дауылбайдың қолынан мөрді оның немере інісі Қорабек алды. Бұл енді Кеңес болысы. Қорабек жөндемдеу, орта шаруа, шіріген бай емес, кедей табына бір табан жақын деген саясат.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий