Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Рысқұлов жеңіл шарапқа ернін сәл тигізді де, басқа тағамға қол созбай отырып қалды. Соны байқаған сұңғыла ақылды адам Кобозев:

– Жолдастар, бұл дастарқан менің Түркістанға келу құрметіме емес, «Орынбор тығыны» атылғаны үшін, Орынбор майданында жеңіске жеткеніміздің құрметіне деп бағалайық. Жеңіс құтты болсын, жолдастар! – деп әңгімені әрлендіріп әкетті. – Ендігі жерде Орталық пен Түркістан арасында тығыз байланыс орнайды. Көп кешікпей Фрунзе бастаған майдан Түркістанды жаудан мүлде тазартады. Енді басмашылар да, ағылшындар да, атамандар да бізге аса қауіпті емес. Ендігі қауіп – аштықпен арпалыс. Егер сіздер айып көрмесеңіздер, мына дастарқан үстіндегі мол тағамды аш балаларға үлестіріп берейік. Меніңше, Рысқұлов жолдас та осыны қалайды.

Рысқұлов әрине қалайды. Рысқұлов онсыз да: Адамдар аштан қырылып жатқанда тамақтарыңнан бұл дәм қалай өтеді, найсаптар! – деп айқай салуға әрең шыдап отырған.

Наташамен қосылу тойын өткізе алмайтыны сондықтан. Мұны Наташа да түсінген.

– Тұңғышымыз болғанда екі тойды біріктіріп өткіземіз, – деген ол Рысқұловты құшақтап тұрып.

– Тұңғышымыз туғанда, жер жарылқап, ел тойынып, жеңіс туы желбіреп, береке кірсе – алыс-жақын, ағайын-туған, жора-жолдастың бәрін шақырып той жасаймыз, жұлдызым, – деп Рысқұлов ұйқылы келіншектің үлбіреген ақтамағын иіскеледі. Наташа оянып кетіп, көзін кең ашып, күйеуіне таңдана қарап, кенет атластай жұп-жұмсақ қос білекпен Рысқұловтың мойнынан қапсыра құшақтап, қатты қысып, бауырына тартты. Бірақ тез сытылып, шымылдық міндетін атқарып тұрған ақ сейсепті түріп, арғы ірге жаққа қарап-қарап жатты да:

– Жоқ! – деп шошына айқайлап жіберді.

– Не? – деп Рысқұлов та атып тұрды. Баланың жатқан орны бос екен.

– Артур! – деп дауыстады Рысқұлов.

Жауап болмады.

– Жар дегенде жалғыз қайның, – деді Рысқұлов.

– Сенің бала кезіңнен аумайды. Сол сенің өзің шығарсың, Тұрар? Біресе бала болып кетіп, біресе есейіп көрінетін шығарсың сен? Қорқамын, – деді Наташа.

– Қайдағыны айтпа, – деп күлді Рысқұлов. – Далаға шыққан шығар...

Кушекин көмекшісіне Успенскийді шақыруды бұйырды. Эсер Успенский ТүркЦИК төрағасының орынбасарларының бірі, әрі Ерекше бөлімнің бастығы болатын.

Көп күттірмей-ақ Кушекиннің кабинетіне сұңғақ бойлы, бір аяғын шамалы сылтып басатын, селдіреген бурыл шашын жылмита қайырған, ақсұр түсі суық кісі жорта жымиып:

– Ассалау-мали-кум! – деп кіріп келді. Тіпті еуропалықтардың өзіне әдейілеп мұсылманша амандасушы еді. Бұған сәлемші де, сәлем қабылдаушылар да мәз болып күліп алатын. Бұл жолы Кушекин ләм-мим деместен қызыл шекелі радиограмма қағазын ұсына берді. Онда: «Срочная. Правительственная» деген жазуға Успенскийдің көзі алдымен түсті. Бір рет мәтінді түгел желдірте қарап өтті де, басынан бастап қайтадан әр сөзіне қадалып, тағы оқып шықты. Радиограммада:

«Коммунистердің Орталық Комитеті Түркістан республикасы Кеңестерінің Орталық Атқару Комитетіне және коммунистердің Өлкелік Комитетіне мынаны хабарлайды: VIII съезд қабылдаған Коммунистік партияның программасы негізінде, жұмысшы-шаруалар өкіметінің Шығыстағы саясатының мүдделеріне сай, партияда бар-жоғына қарамай, мұсылман жұмысшы ұйымдарының ұсыныстары бойынша, Түркістанның жергілікті халықтарының өкілдерін халық санына қарай мейлінше тепе-теңдік сақтап, мемлекет басқару ісіне тарту керек.

Өлкелік Мұсылман ұйымдарының келісімінсіз мұсылман қауымының мал-мүлкін реквизициялау тыйылсын, ұлттар араздығын тудыратын әрекеттерден аулақ болыңыздар.

Түркістанның алдыңғы қатарлы революциялық кадрлары, орыс пролетариаты өзінің революциялық парызын өтейді, Орталық өкімет белгілеген шараларды іске асыруға бар мүмкіндікті пайдаланады, оларды жүзеге асыру жолындағы қиындықтарды жеңіп шығады деп сенеміз.

Осы тапсырмалардың орындалу барысы партияның Орталық Комитетіне хабарлансын:

Ленин, Сталин».

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий