Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

«Красная стрела» является третьей книгой романа Шерхана Муртазы.

Красная стрелка. Третья книга / Қызыл жебе. Үшінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ал Арман түсінде теңбіл торғайды көрді. Теңбіл торғай шыр етіп, балаға жол нұсқағандай, алдына түсіп ұшты да отырды...

Рысқұлов кешке жақын үйге бөтен әйелді ертіп кіргенде, Арман аузын ашып, көзі бақырайып, бейтаныс кісіге қадалып қарады да қалды.

– О-о, сен жалғыз тұрмайды екенсің ғой, Тұрар, – деді бейтаныс әйел Арманның сонша тесіле қарағанынан қысылып. – Саған ұқсайды өзі. Верныйда сен тура осындай едің, Тұрар.

– Мұның аты – Арман. Менің інім. Жақсы бала. – Рысқұлов Арманның қайсар қара шашын ұйпалақтап қойды. – Танысып қой, Арман. Мынау сенің жеңгең Наталья Алексеевна. Енді біз үшеу болдық. Түсіндің бе?

Бала міз баққан жоқ. Аузы сәл әнтек ашылған күйі, сол босаға жақта Наташадан көз алмай қатты да қалды.

– Неге сонша тесірейіп қарайды? – деп Наташа ыңғайсызданды. – Мені жатырқап тұр-ау. Орысша біле ме өзі?

– Білмейді, – деді Рысқұлов. – Ауылда өскен. Детдомнан қашып кеткен. Шын аты Арман. Детдомда Артур деп әлдекімдер жазып жіберіпті.

Наташа ойына әлдеқандай бір ғажайып ой түскендей аңырып, біp саусағын шошайтып тұрды да:

– Тұра тұр, Тұрар. Қалайша сенің інің? Сенің әкең сүргінге кетіп еді ғой. Қайтып келіп пе еді?

– Каторгадан қашып келген екен. Сол қашып-пысып жүргенде пайда болған бала ғой.

– Қазір әкең?..

– Жоқ. Он алтыншы жылғы көтерілісте мерт болған.

– Қандай аянышты, Тұрар. Е, орысша дым білмейді де. Сонан соң екен ғой, мені тосырқап тұрғаны. Ештеңе етпейді. Орысша өзім үйретемін. Ең алғаш біздің үйге келгенде сен де түк орысша білмейтінсің, Тұрар. Енді орысшаны менен жақсы сөйлейсің, Артурды да үйретеміз әлі. Бірақ неге сонша тесіле қарайды? Көзі oт шашады өзінің...

– Әлі-ақ үйреніп кетеді, – деп Рысқұлов Артурға бұрылды. – Тым тесіліп қарай берме. Ұят болады. – Наташаға бұрылып: – Енді бізге бұл жалғыз бөлме тар. Басқармадан қосымша бөлме сұрау керек. Көрші пәтер бос. Соны берер, – деді.

– Комиссар! – Наташа күміс қоңыраудай сыңғыр-сыңғыр күле сөйлеп, тырнағын қыналаған аппақ салалы саусақтарын Рысқұловтың қалың қара шашына сүңгітіп жіберіп, жүзігіне шаш ілініп, қайтып шығара алмай қалды.– Түркістан жұмсаң – жұдырығыңда, ашсаң – алақаныңда. Ал үйіңнің түрі мынау. Бүгін екеуміз қайда жатамыз? Жалғыз төсек. Оның өзі бір кісілік, бала жерге жатып жүр ме? Жарамаған екен. Құдай-ау, маған әлі қадалып тұр. Онысы несі?

Енді Рысқұлов ыңғайсызданды. Есіктің көзінен не былай, не олай жылжымайды.

– Артур айналайын, төсек салып жата ғой. Ұйықтайтын уақыт болды.

Бала ағасына қарсы келмей, әрең дегенде көзін Наташадан тайдырып алып, төмен қарап тұқшиды. Оған мына әдемі келіншек өзін ығыстыра келгендей көрінді. Бала да болса сезіп тұр: бұл үйде бұл артық. Жеңгең болады дейді. Артурға жеңге болу үшін Артурды ұғу керек қой.

Бірақ бұл баяғы Наташа болса, Артурды шетқақпайлатпас. Нәсілдік ауруы ұстамас. Өйткені Рысқұловтың өзін осы Арманның жасында көріп, қор тұтпай, іші бұрып, бірге оқып, бірге тұрып, ақыры бала достық түбі таусылмас, тат баспас тәтті арман, махаббатқа айналған. Рас, Рысқұлов Наташамен бас қосып, үй боламын деп көп үміт етпеген. Тек Наташа есіне түскенде жүрегі елжіреп, әлдеқайда биікке, әсемдік әлеміне қол созатын.

Егер Рысқұлов – Рысқұлов болып, оның есімі Түркістанның үстінде жарқылдап тұрмаса, Наташа оны іздемеуі де мүмкін бе еді? Енді Наташа Рысқұловты өзі іздеп келді де, Рысқұловтың кеудесінде бала шақтан көмулі жатқан бір жасу шоқ тұтанып ала жөнелді. Наташа сол бұрынғы Наташа болса, Артурды кемітпес. Бірақ Артурдың өзі адырайып, жабайы киіктің баласындай бауыр баса алмай тұр.

Ағасы барып Артурдың басын көтеріп еді, бір уыс маржан сау етіп төгілгендей болды. Бала үнсіз жылап тұр екен.

– Не болды, Артур? Неге жылайсың?

– Апам... – деп сыбырлады бала, мұрнын тартып. – Апама қайтам...

– Барасың дедім ғой апаңа. Әзір қоя тұр. Мен не, бөтенмін бе саған? Апам-апам дей қалыпты ғой. Апаңның өзі айтыпты ғой, Тұрар көкеңді тап деп. Ендігің не?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий