Knigionline.co » Казахские книги » Акбилек / Ақбілек

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов

Книга «Акбилек / Ақбілек» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман описывает реальные события о неспокойных временах казахского аула, их традициях и быте, отношении между собой, подробно описан непростой жизненный путь Акбилек. Это один из первых казахских романов, описывающих жизнь сельчан во время революции. Одной из главных проблем, поднятых в романе, является неравенство женщин.

Акбилек / Ақбілек - Жусупбек Аймаутов / Жүсіпбек Аймауытов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бір жұмадан кейін сол жеңгемізді алды. Оқығандардың үйленгені де бір түрлі ғой. Құда түсер, қол ұстатар, шаш сипар, ілу, жыртыс, киіт-сиіт, кәде-сәде дегеннің бірде-бірі жоқ. Томаға тұйық үйге алып келіп, қонақ шақырады екен. Қыз ибасы да, қынамендесі де, тойы да — сол. Бір соғар.

Жаңа жеңгей де ұялған жоқ. Ағатайыммен тізелесіп отырып, қонақ күтіп, өзі жүгіріп жүрді. Естек болғанмен, өзіміздің қазақ сияқты қытығы жоқ, кең пейіл, тәуір адам екен. Көзі қап-қара, денелі, келбетті кісі...

Жеңешемді сөз қып кеттім-ау! Оны айтатын да жөнім бар. Ағатайымнан да маған оның қызметі асты. Мені адам қылған со ғой...

Он қолынан өнері төгіледі. Шаруаға да біртүрлі көріпкел. Тамақты қандай қып пісіреді! Неше түрлісін істейді. Ішпегенді ішкізді...

Өзі бір саудыраған, ақ көңіл, бала сияқты адам. Не десең соған нанады. Ағатайымның бар-жоғын білдірмейді. Келген кісімен еркекше сөйлеседі. Менің көзімді ашқан со жеңгем ғой, әйтпесе...

— Ал сонан кейін қайда бардың?

— Содан кейін ағатайым со жылы Семейге барды. Қызметке. Мені де ала барды. Пәтер-тұрмысымыз жайлы болды.

Сол кезде бір курс ашылып, ағатайым мені сол курске түсірді.

— Курсің немене?

— Ондайды елі білмейді екенсің ғой. Бала оқытатын сондай мектеп болады.

— Үйден шықпаймын. Қайдам...

— Оның да рас қой... Курсте менен басқа да төрт-бес қыз оқыды. Көбі еркек. Қазақша хат танығаным болмаса, дүкенді, оқуды кім көрген. Әуелде түк түсінбей жүрдім. Өзіміз оқитын ескі молдалар тәрізді емес, орысша киінген жігіттер түрегеп жүріп оқытады, Жазу жазатын, отыратын жерің, бәрі — үстел. Мұғалімдеріміз қара тақтайға бормен жазып-жазып, сөйлеп түсіндіреді.

Есеп дей ме, жағырапия дей ме — сен білмейсің ғой — көп нәрселер үйретеді, Мұғалімнің үйреткенін дәптерімізге жазып ала береміз. Үйге келген соң, білмеген жерімді жеңешемнен, ағатайымнан сұрап алам. Екеуі де айтып береді.

Не керек, сол курстан алты айдай оқып, әжептәуір нәрсе біліп қалдым.

Үйге келгенде, жеңешеме қолқабыс қылам. Омырауға алжапқыш байлап алып картоп тазалаймын, кеспе кесем. Пареміш, самса, тұшпара, катлет дейтіндері болады екен. Олардың істеуін де үйреніп алдым. Киімім де ыңғайлы. Семейге келген соң, ағатайым мен жеңешем маған да орысша киім тіктіріп, мені қылтитып сәндеп қойған. Кейде ағатайыма, кейде жеңешеме еріп тиатрға, суретке барамыз. Сен оларға барып көрдің бе?

— Әлгі қозғалып тұратын ба?

— Ия.

— Әлгі жақта бір таныс шәкірт апарған еді. Не екенін ұға алмадым.

— Әуелде мен де таң-тамаша қып: — бұ қалай қимылдап тұр? Жаны бар ма?— деп жеңешемнен сұрай бергем. Сөйтсем — жаны жоқ екен. Қозғалтып тұратын бір тетігі бар екен. Іспектакілге бардың ба?

— Онысы немене?

— Кісілер бет-аузын бояп, сақал жапсырып алып, сөйлесіп ойнайды ғой...

— Әне біреу... әлгі бір қойшы болып қатынын ұратынды айтады екенсің ғой.

— Е, сол, сол... Семейге сені қай жылы әкелді?

— Қай жыл екенін қайдам...Әйтеуір төрт-бес жыл боп барады ғой.

— Бізге де міне бес жыл боп барады. Біз жиырма бірінші жылы қысқа қарсы келдік... Сені не ғып естімедім екен?

— Ә... Келген жылы біз Қарқаралыға кеткенбіз.

— Бәсе келесі жылы тағы көре алмайтын жөнім бар. О жылы мені ағатайым Орынбордағы оқуға жіберген ғой.

— Ендеше, о жылы біз қайтадан Семейге келгеміз... Менің алғашқы бала көтерген жылым ғой...

— О жылы мен Орынбордамын. Ағатайым көбірек оқымасаң адам болмайсың,— деп оқу бөлімінен қағаз әперіп, Орынбордың раппагіне жіберген. Екі қыз барғамыз. Ажар екеуміз... Жеңілтек қыз еді. Қалалы жердікі ғой. Есіл-дерті бозбала. Бет-аузын бояп, әлектенеді де жатады...

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий