Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Қоңырқұлжа төрт күн емін-еркін жас тоқалын жайлап, бойы сергіп Ақмола бекінісіндегі бәйбішелерінің үйіне қайтты. Бұл келгенде қорған қақпасының алаңында жасақтарымен жаңа ғана оралған Шыңғыс пен Жәнәділ отыр екен. Талызинның жарлығын орындаймыз деп бұлар ереуілге көтерілген Тыналы, Қарпық, Темеш болыстарына дейін барыпты, бұнда ат құйрығын шарт түйіп, қолына түкіріп отырған қалың жұртты көріп, әрі қарай жүруге қауіптеніп кейін қайтыпты.

Қоңырқұлжа балаларын көргенде, мыстан кемпірдің алдындағы алтын сақасын қотыр тайымен алып келген тазша бала өгей шешесінен кем ренжіген жоқ. Әсіресе Кенесарыға қараған елден Шыңғысының сау қайтқанын кешер емес. Екі беті дорбалана күреңітіп, қамшысымен жылтыр етігінің қонышын сабалай, үн-түнсіз отырған екі баласының алдында ерсілі-қарсылы жүре бастады. Бұларды тағы қандай «Барса келмеске» жіберуді ойлап іштей әлем-тапырық.

Дәл осы кезде бекіністің күзет мұнарасында тұрған солдат:

— Бір салт атты көрінеді. Жүрісі тым асығыс, қақпаны ашайын ба? — деп дауыстады.

Қоңырқұлжа бұрылмастан жауап берді.

— Аш!

Ашылған қақпадан, қара терге малынған кер төбел қазақы аттан, көйлегінің оң иығы жауырынына дейін қан боп қатқан, ұзын сары солдат «Беда! Беда!» деп құлай-мұлай жерге түсті. Жақын тұрған казарманың есігінен қылышын сүйрете, қазақ атаулысы «Қарапұшық Иван» деп атайтын, келте мұрын, деңбелтек қара, көк көз, осы Қараөткел бекінісінің коменданты войсковой старшина Иван Карбышев жүгіре шықты.

— Не болып қалды? — деді ол солдатқа түйіле.

— Беда, войсковой старшина, — деп солдат ауырған иығын бір қолымен баса, ыңқылдай сөйледі, — біз хорунжий Котовтың басқаруымен елу солдат, он урядник Петропавлдан Ташкентке бара жатқан Строганов купецтің керуенін шекараға дейін апарып салмақ боп шығып едік. Салынып жатқан Ақтау бекінісінен өте бергенімізде кілең сойыл, найза ұстаған Кенесары жігіттеріне кездестік. Солдаттардың байланыспайық дегеніне қарамай, хорунжий Котовтың бұйрығы бойынша екі-үш есерсоқ мылтық атып, бір-екі адамын оққа ұшырып еді, ылғи жүйрік мінген жігіттер лап қойып отрядтың быт-шытын шығарып, тегіс сойылға жықты. Астымдағы жүйрік атым қуғандарға жеткізбей тек мен ғана құтылдым...

Бұл кезде солдаттар да жиналып қалған-ды, бәрінің де жүзінде қобалжу, қорқу...

— Өздері қанша?

— Бес жүз адамдай.

— Кенесарының өзі ме басқарып жүрген?

— Жоқ, інісі Наурызбай. Мен оны бұрын Көкшетауда көргем.

— Солдаттардың қаншасы тірі қалды?

— Білмеймін... Қолға түскен солдаттарды және керуенді бар мүлкімен өздерімен бірге алып кетті. Қайта оралып кеп, сайдан көрдім...

— Беттері қалай? Бізге бұрылған жоқ па?

— Жоқ. Әрі қарай күнбатысқа кетті.

Солдаттың жарасын қарап болған жас фельдшер оған;

— Ағай, лазаретке жүріңіз, — деді өзі жаралы болғандай аяншақтап.

Жаралыны қоршаған солдаттар енді гуілдей сөйлеп кетті.

— Осылай айдалада жүріп қырыламыз да бір күні!

— Айдалаң не? Бұ да Россия жері ғой...

— Иә, саған осы далиған «Россия даласынан» өлгеніңде ғана екі метр жер бұйырар:

— Онда да тереңдігі бір құлаш...

— Бізді осы жаққа қандай сор айдап әкелді.

— Өзі келгендей сөйлеуін қарашы! Менің еркіме салса, бұл желі азынаған қу даланы о дүниеде де көрмес едім.

— Қысқартыңдар сөзді! — деді кенет ақырып жіберіп Қарбышев, — Кенесары қарақшылары бізге соқпай кетпейді. Ертеңнен бастап, бекіністің бар солдаты, жұмысқа жарайтын еркек-әйелдері ор қазуға шығады! Таң сәріден!

Расында Кенесары ереуілшілері Қараөткел бекінісіне соқпай кетуі мүмкін емес еді, өйткені қазақ даласына Россия патшасының отаршылық саясатын жүргізуінде Ақмола бекініс қаласы ерекше қызмет атқарған.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий