Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

Аға сұлтан қайтадан тоқалының бетіне көз тастады. Таң ата Қоңырқұлжа үйге кіргенінде Зейнеп, ұйықтамай күтіп жатыр екен. Тоқалға нәпсіқұмар сезіммен көңіл қосқан жүйрік дөнендей Шыңғыстан гөрі азбан жылқыдай ауыр денелі Қоңырқұлжаның жөні бөлек тәрізді. Аға сұлтан төрге келіп жантайып көзі ілегіп кеткенше, Зейнеп болыскей кереуетті сақырлатып, «жаныма келсейші» деп шақырғандай әлсін-әлсін дөңбекши берген. Бір шапса ұзақ шабатын әбден қалжыраған кәрі мәстек, жас байталдың ойнағысы келгенін білсе де, шаршағандықтан жастыққа басы тиісімен қор ете қалған. Содан сәске кезінде көзін ашса, аяқ жағында тоқалы отыр екен. Ызалы жастан бұлауланған екі көзі Күмістің абыройы қан боп қатқан Қоңырқұлжа көйлегінің етегіне қадалған...

Қоңырқұлжа қымсынар емес. «Өзіңнің көп істегеніңнің бірі ғой менің түндегі бозбалашылығым», — деп қанды етегінен именбестен жүнді балтырлы аяғын созып;

— Уқала, — деген. Содан қайтып тіл қатқан жоқ. Ал Зейнеп сол сәскеден күн көтеріліп, түске таяғанға дейін әлі қозғалмай отыр. Ұзын жібек кірпіктерін анда-санда бір көтеріп, қара көздерін Қоңырқұлжаның кіндік тұсынан төмен бір қадап қояды да, қабағын сәл шыта көйлегінің етегіне аударады. Ақырын ғана күрсінгендей боп демін алады да байының жүнді жуан балтырын қайтадан уқалай түседі.

Қоңырқұлжа тынығып қалған екен. Әлі де болса бірдемені дәметіп мөлиіп отырған тоқалды кенет аяп кетті.

— Қамзолыңды шешіп, ана есіктің тиегін салып кел, — деді Қоңырқұлжа өзі ыңғайлана беріп. Қуанып кеткен жас тоқал орнынан асыға тұрып ырғала басып барып есіктің тиегін салды. Дәл осы кезде сырт жақтан біреу есікті тарт-

ты. Зейнеп босағадан сығалап жіберді де:

— Сұлтаным, Шыңғыс пен Жәнәділ, — деді, — ашайын ба?

— Жандары шығып кетпес, күте тұрар, өзің бері кел...

Тоқалдың ұпайы түгенделіп болғаннан кейін, әлден уақытта барып, есік ашылып, үйге Шыңғыс пен Жәнәділ кірді. Түстері солғын. Әсіресе Жәнәділ. Екі ұрты суалып, көзі кіртиіп, бір түннің ішінде сүзектен тұрғандай ілмиіп қалған. Күнәні әкесі емес, өзі істегендей, Қоңырқұлжаның бетіне қарай алмады, басы төмен салбырап кеткен. «Бәсе, нағашыңа тартқан бөз өкпе боларсың деуші едім, дауыс көтеруге жарар түрің жоқ қой. Күмістің де енді маңайынан жүрмессің», — деді ішінен аға сұлтан. Жәнәділ расында да әкесінің айтқанындай боз өкпе, босаң бел, жігерсіз жігіт еді. Бар махаббатын түнде жылап тауысқандай Күмістен де күдер үзген, әкеге де қарсы сөз айтар дәрмені жоқ, қазіргі тұрысы қажырсыз, салы суға кеткен адамның кейпі еді.

Ал Шыңғыс болса сусыны қана умашталған тоқал шешесінің жайраңдаған түрін көріп, жанжалдың жеңіл біткенін түсінді. «Татуласқан екенсіңдер. Бәсе, қара ниетті кәрі қорқау, жүзге істеген қиянатының өзіне қайтарылған бірін кешірсе керек етті. Енді әкеден келер қауіп жоқ».

әкесінің сырын осы күнге дейін анық түсінбеген Шыңғыс, оның баласына өлмей кешпес кек сақтап қалғанын қайдан білсін!

Қоңырқұлжа боқшантайынан Талызинның бұйрығын қайта алып, балаларына оқып берді де:

— Сендер ақ патшаның офицерлерісіңдер. Бұйрықты орындау — борыштарың. Әрқайсың жүз сыпайдан алып, ереуіл көтерген елдерге жүріңдер. Айтқандарыңа көнсе көшкен жұртты кейін қайтарыңдар, көнбесе бастарына ақыр заман орнатыңдар, — деді.

— Егер күшіміз жетпесе қайтеміз? — деді әкесінің сөз төркінін аңғарып қалған Шыңғыс, — Кенесары сұлтан осал жау емес.

— Ақ патша офицерінің сөзі емес айтып тұрғаның, қарғам. Құдайменді ұрпағының атына кір келтірмеңдер! — деді аға сұлтан келте қайырып.

Көрер көзге өлімге айдап салғанынан Шыңғыс қатігез әкенің өз күнәсін кешпегенін ұқты. Аға сұлтанға енді сөз қайтармай екі баласы үн-түнсіз үйден шығып кетті.

Аздан кейін олардың Қараөткел бекінісіне қарай шауып бара жатқан дүбірі естілді.

Қоңырқұлжа сәл тыңдап тұрды да:

— Қашанғы тоқал шешесінің етегіне жабыса береді, Шыңғысқа да өзін көрсетер мезгіл жетті, — деді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий