Knigionline.co » Казахские книги » Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин

Книга «Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Кахар» повествует о победе казахского народа во главе с Абылай-ханом в XVIII веке над калмыцкими захватчиками. В книге описывается как Абылай пытался объединить казахский народ, образовать независимое ханство.

Кочевники ІІІ. Ярость / Көшпенділер ІІІ. Қаһар - Ильяс Есенберлин / Ілияс Есенберлин читать онлайн бесплатно полную версию книги

— Малымды шауып алар деп қорыққан жүз-жүз елу шаңырақты Шорманның Мұсасы, Жақыптың Елемесі, Асылғазының Бабатайы секілді мыңды айдаған азғантай байлар болмаса, ел ағалары «түбі қалай болады» деп артын күтіп отырған тәрізді ғой. Әзірге қосылғандар Қарқаралы өкірігінен Қазының Құдаймендісі мен Баянауыл өкірігінен Бектастың Таймасы. Қазының Құдаймендісі патша үкіметіне бұрыннан наразы. Ана жылы оны болыстықтан түсірген. Ал Бектастың Таймасы...

— Бектастың Таймасы дейсіз бе? — деді Ожар сәл қобалжи. — Япырмай...

— Неге шошыдың? Қастасқан жерің бар ма еді?

— Жоқ... Дегенмен... — Ожар сырын айтар-айтпасын білмей сәл отырды да, сөзін қайтадан бастады. — Таймастың Кенесары қасында болуы... Маған қауіп туғызып отыр, — деді ол күбірлей, — былтыр Сейтен екеумізді ұстап Омбыға апара жатқанда біздің тоқтаған аулымыз тек осы Таймас аулы ғана болды. Бірдемемді сезіп қалды ма деп күдіктенетін едім...

— Басқадан күдігің болмаса Таймастан әзірге қорықпай-ақ қой... Ол осыдан бір апта бұрын Жоламан мен Иман ауылдарына жүріп кетіпті. Жұрт ыңғайына қарай Ырғыз бен Торғайдан да әрі барады деседі. Шамасы Кенесары ереуіліне Ақ Жайық, Ор бойының ауылдарын да қоспақ ниеттері бар тәрізді. Таймас о жақтан күзсіз қайта алмайды. Балта көтерілгенше, ағаш жал табады дегендей, сен де тірі жансың ғой, оған дейін сенімге кірерсің. — Қоңырқұлжа ырқылдай күлді. — Тақа болмай бара жатса «адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң» деп қатыныңды алдыңа тартып, мойныңды ұсына берерсің. Өзі ұсынған мойынды қылыш кеспейді.

— Таймас алыста болса... жөн екен. Бөтен бәлендей қауіптенерім жоқ. Омбыға жеткеннен кейін, Сейтенді атқанға шейін тірі жанға жолықтырған жоқ. Екеуміздің арамыздағы сырды ол өзімен о дүниеге бірге алып кетті. Оған менің көзім кәміл жетеді. — Ожардың қайтадан еңсесі көтерілді, — әзірге Кенесарының қасына тек ақ патша жерін тартып алған рулар ғана шоғырланып жатқандай ғой. Мұндай жағдайда астындағы оты күшті болса, қазан тез қайнағанмен тез суалатын еді...

— әй, білмеймін, — деді Қоңырқұлжа, — бұл жолғы көтеріліс өзге уақыттағыдай лап етіп жанып, сөне қалатын жалынға ұқсамайды. Кенесарының осыншама қол жинап үндемеуінен сескенем. Және қасында жалғыз қазақ емес, басқа ұлттан шыққан ақылшылары да бар дейді жұрт. Бұ да еске алатын жәйт.

— Қойыңызшы?

— Иә, жиырма шақты орыс пен башқұрт жігіттері бір топ деседі. Іштерінде зеңбірек ата білетіндері, оқ-дәрі жасай алатындары да бар көрінеді... Бас ақылшыларының бірі деп Бұқараға сыймаған Сидақ қожа мен өз елінде ереуіл істеп айдалып келген болыскей офицер Жүсіп деген біреуді айтады тыңшылар. Кілең қарақшы бас қосқан тәрізді.

— Япырмай ә... Жақсы, — деді кенет Ожар бір шешімге келгенін білдіріп, — не болса да барған соң көрермін. Ал енді жұмыс тәртібін сөйлесейік. Омбы сізге Кенесары ордасында не болып жатқанын хабарлап тұруды тапсырды.

— Хабарды қалай бермексің?

— Сейтенді ұстасқан Сәмен, Жақып, Сақып деген сенімді екі-үш жігітім бар. Олар қазір Кенесары жасағында. Хабар солар арқылы болады.

— Келген жігіттердің сенікі екенін қайдан білем? — Қоңырқұлжа тағы ырқылдай күлді, — көп қойдың ішіндегі тартылған қошқар секілді көзге түсетін бір белгісі бола ма?

— Белгі біреу-ақ, сізге келгенде мына белбеудің оң жағында тұратын құты, оқшантай, қыны сол жағында тұрады.

— Кісесі ше?

— Белбеулерінде кісе болмайды. Жас жігіттерге келіспейді. Біреу болмаса біреу сезіп қалуы мүмкін.

— Ойпырмай, өзің мұндай іске әбден жорға болып алған екенсің. Жаңағыларың адамның ойына келмейтін белгілер ғой. Ұмытып қалып жүрмесем нетсін...

— Кенекең тірі тұрса, ұмыттыра қоймас, — Ожар күлімсіреді де сәлден соң орнынан түрегелді. — Ал көріскенше бар болыңыз.

— Ас ішіп кетпейсің бе?

— Жұрт көзіне көп түсуге болмайды. Қатыныма осы ауылдағы бір қарашыға жолығатын шаруам бар деп кетіп едім, енді оралғаным жөн болар...

— Онда жолың болсын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий