Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Осылай деп «Правда» газеті ер есімін елге жайды. Осыдан кейін «Красная звезда» газетінің бетінде Бауыржан есімі жиі атала бастады. Александр Кривицкийдің очерктері, Александр Бектің атақты кітабының алғашқы бөлімдері дүниеге келді. Қазақ ақындарының Бауыржанға өлең арнамағаны кемде-кем болды. Тіпті кейбір ақын арасына бірнеше жыл салып, екіден — үштен өлең арнады. Мәселен, Тәжібаев Момышұлына деген алғашқы өлеңін 1942 жылы жазса, отыз жылдан кейін оған арнап екінші өлеңді және шығарды. Ал ақын Қалижан Бекхожин Момышұлына арнаған «Қол бастаған батырға» деген алғашқы өлеңін 1944 жылы, «Томаға киген тау бүркіт» деген еленін 1960 жылы, ал «Атынды мен естідім» деген үшінші өлеңін 1971 жылы жариялады. Ақындардың аузымен халық сөйлеп, тарих тиісті бағасын берді. Өйткені ақын өзі ұнатқан ардагер азаматты ғана жыр етеді, соған ғана өлең арнайды. Теңіздің түбіне сүңгіп алған маржан сияқты асыл қазынасын ақын кез келген жұртқа сыйлай бермейді. Ақын халық сүйген қаһарман ұлды, қадірлі азаматты ғана мадақтайды. Ол ұнатпаған адамына үн қатпайды, бірнешеу тұрғай, бір де өлеңін арнамайды. Ақынның жүрегіндегі отты сезімге ешкімнің әмірі жүрмейді, ол жүректің жылуын ешкім зорлықпен тартып ала алмайды. Ақын сүйгеніне ғана сүйсіне жыр төгеді. Ақынға зорлықпен сүйікті бола алмайсың. Ал саған Әбділданың сонау қырық екінші жылғы өлеңінен бастап, барлық қазақ ақындары жабыла жыр арнаса, олардың сені жабылып жақсы көргені. Бір емес, екі-үш реттен арнаса, онда сені үш мәртебе жақсы көргені, шексіз сүйіп құрметтегені ғой, Бауке. Мен саған кімнің қандай өлең шығарғанын білмегендіктен емес, білгендіктен, көкірегімді мақтаныш кернегендіктен сұрап тұрмын ғой, ақсақал. Мұны айтсам сен: «Білсең несіне сұрайсың?» деп, дауысыңды күндей күркіретіп, мұртыңнан найзағай шашыратып шыға келесің. Сондықтан менің іштей тебіреніп, ішкі ырғаққа қайта-қайта бас изеп, үнсіз сүйсініп қана қоюыма тура келеді. Оны аңғарған сен: «Әй, шыбындаған атқа ұқсап, басыңды неменеге шұлғып отырсың?» деп тағы да мені ажуа қыларсың. Сондықтан өз күйімді саған аңғартпай, әңгімені ілгері жалғап, менің енді келесі сұрақтарыма көшуім керек, батырекесі.

Автор. Мен Сіздің сол қырық екінші жылдың жазында елге жазған бір хатыңызды тауып көшіріп алдым. Соны өзіңізге оқып берейін бе?

Бауыржан. Кәне, не деппін?

Автор. Өз қолыңызбен түзу сызықты дәптердің екі бетін толтыра арабша жазған хатыңызда былай депсіз, Бауке:

Ардақты Мұхтар аға!

Жазған хатыңызды алып, өте шаттанып, төбем көкке, қолым қияға жеткендей болып отырмын. Хатыңызға көп рахмет. Мені әсіресе қуантқан жай — Сіз менің хатымды алып, менің жаманды-жақсылы пікіріме толық түсінгенге ұқсайсыз: Отан соғысын тақырыпқа алып еңбек етемін. Ол еңбекті ат үстінен емес, әбден терең мағына-мазмұнына төселіп, біліп алып бастаймын деген ниетіңіз, талабыңыз мені өте қуантады. Сіз сияқты қазақ әдебиетінің полковнигі шынында солай істемеуіне де болмайды. Сырттан қарап, көргенге қызығып, терең тексермей, шын-өтірігін араластыра бес-алты күндік өмірі бар шығарма жазу — әдебиет ефрейторлары мен сержанттарының қызметі емес пе? Ал, Сіз, құдайға шүкір, полковниксіз ғой. Талабыңыздың орындалуына тілектеспін. Сіздің қолдан шыққан көркем, тарихи еңбек болашақта жалғыз қазақ әдебиеті ғана емес, барлық әдебиеттің ішінде төрден орын алып, жалғыз біз емес, біздің немере-шөберелерімізге үлкен үлгі, насихат дастан болып, бірнеше ғасыр өмір сүретініне кәміл сенемін.

«Абайдың» бірінші кітабының жарыққа шыққанына да өте қуаныштымыз. Ол жайындағы хабар қазақ әдебиетінің түңғыш ұл баласының қайта туғанындай болып естілді! Амандық болса, оқып, көріп, пікірімізді адал ниетпен айтармыз деген үміттемін.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий