Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Автор. Сіздің Әуезов творчествосына сонау қырық екінші жылы берген бағаңыздың айнымай дәл шыққанына және таң қалдым.

Бауыржан. Көзі бар кісінің бәрі асқар тауды алыстан көреді. Тек мүгедек соқыр адам ғана Алатаудың қасында тұрса да оның қандай екенін болжай алмайды. Мені соқыр деп пе едің сен!? Кәне, келесі сұрағыңа көшкін.

Автор. Сол хатыңыздағы: «Бек үлкен жазушы емес — жақсы стенограф» деген сөзіңізге қазір қалай қарайсыз?

Баукең сәл ойланып алып, жауап берді.

Бауыржан. Ол қырық екінші жылғы хат қой, қарағым. Бек ол кезде одаққа танымал үлкен жазушы емес болатын. Полкқа келгенде аузымнан шыққан сөздің бірін қалдырмай жазып ала беретін. Сондықтан ол тұста мен оны үлкен талант иесі емес, жақсы стенограф қана болар деп ойлағаным рас. Ал бірақ Бек кейіннен аса талантты жазушы екенін танытты. Одаққа ғана емес, бүкіл дүние жүзіне әйгілі қаламгерлеріміздің бірі болды. Оның «Волоколамск тас жолы» кітабы барша жер шарын шарлап кетті. Ең алдымен сол кітап арқылы қазақ халқының ерлігі, оның бір ұлы менің есімім Отанның іші, тысына тегіс мәшһүр болды. Осы үшін оған мың мәртебе рақмет! Бұл үшін оған менің осы күнгі үрімбұтағым, алыс ұрпағым, тек өз ұрпағым ғана емес, ұлтым да мәңгілік қарыздар. Болашақта Алматының және облыс орталықтарының бір-бір көшесі Александр Бек атына қойылса орынды-ақ болар еді. Бірақ оны мен емес, қалалық советтер шешеді ғой, қарағым. — Осылай деп Баукең басын сәл еңкейте түсіп, үнсіз отырып қалды. Біраздан кейін еңсесін қайта көтеріп, сөзін жалғады. — Осы сияқты қазақ халқы ерекше қарыздар тағы бір орыс жазушысы бар.

Автор. Ол кім, Бауке?

Бауыржан. Оның аты да — Александр. Бірақ Александр Альфредовичтен басқа, Александр Юрьевич Кривицкий.

Автор. Оны қай себептен айтып отырсыз?

Бауыржан. Панфиловшы 28 батырдың атағын дүние жүзіне паш етіп, артынан аттарын анықтаған адамның кім екенін білмеуші ме едің?

Енді есіме түсті.

Москва үшін шайқасқан сол ауыр күндердің бірінде, ноябрьдің аяқ шенінде «Красная звезда» газетінде «Жиырма сегіз батырдың өсиеті» деген басмақала жарияланды. Онда, осыдан бірнеше күн бұрын Москва түбінде жаудың елуден аса танкі Панфилов дивизиясының жиырма тоғыз жауынгері бекінген шепке лап қойғаны, совет жауынгерлерінің тайсалмай елу тажалды қарсы алғаны, олардың тек біреуі ғана қорқақ боп шыққаны, саяси жетекші Диевтің басшылығымен қалған жиырма сегіз батыр елу танкпен шайқасып, оның он сегізін өртеп, өздері тегіс Отан үшін опат болғаны айтылған болатын.

Ертеңінде «Красная звезда» газетінің редакциясына Одақтың ең үлкен ақсақалы Михаил Иванович Калинин телефон соқты.

— Біздің адамдардың өлімі аянышты-ақ, жанға батады, — деді ол жиырма сегіз батырдың ерлігіне сүйсініп, өліміне өкіне отырып. — Бірақ соғыс шындығы — ауыр, ол шындықты айтпау одан да ауыр. Не істерсің, Ленин айтқандай, соғысқаннан кейін шындап соғысу керек. Сіздердің ерлерді мадақтағандарыңыз — жақсы іс. Енді олардың аты-жөнін білген жөн. Іздестіріп көріңіздер. Адал ерлер атаусыз қалмауы керек.

Сол күні редакторға тағы да телефон соғылды. Қызыл Армияның жоғарғы Бас басқармасының бастығы газеттің «Жиырма сегіз батырдың өсиеті» деген басмақаласынан қауымдасқан бұқаралық ерліктің жарқын өнегесі танылатынын, оған Сталиннің өзі көңіл бөліп отырғанын айтты.

Осыдан кейін редактор бұл басмақаланың авторын кабинетіне шақыртты. Ол жас журналист Александр Кривицкий еді. Крипицкий ол мақаланы редакцияға алғы шептегі дивизиялардың бірінен келіп түскен төрт жол ғана саяси ақпарға сүйеніп жазған еді. Мұндай ақпарлар редакцияға көптеп келіп жататын. Редактор армия саяси бөлімінен шындығын анықтағаннан кейін бұл ақпарды басмақалаға факты ретінде пайдалануға ұсынған. Ал онда Дубосеково мен Диев деген бір ғана фамилия көрсетілген еді. Танкпен шайқасқан өзге батырлардың бірде-бірінің аты-жөні айтылмаған.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий