Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Бауыржан. — Жоқ. Болмайды. — Осылай деп қатаң, тіке айтты да, Баукең ақ мүштікті аузына апарып бір-екі сорды да, бұрқ еткізіп түтін шығарды. — Ұлттық табыс дегеннің не екенін білесің ғой, — деді содан соң даусын бәсеңдете сөйлеп. Мен басымды изедім. — Білсең, — деді де Баукең енді орысша сөйлеп кетті: — Национальный доход в СССР весь принадлежит трудящимся: одна часть его поступает трудящимся в виде личных доходов, а другая — используется как общественный фонд накопления и удовлетворения потребностей всего общества и составляет общественную собственность. Понятно тебе? — Мен тағы да басымды изедім. Бірақ ішімнен: Баукеңнің баяғыда банкте қызмет істегені есіне түсіп кетті ме, саяси экономияға кіріп кеткені несі деп ойладым. — Ұқсаң осыны қазақшалағын. — Мен қағазға жазғанымды ауызша аударып, оқып бердім. — Ұлттық табысқа СССР-де бүтіндей еңбекшілер ие: оның бір бөлігі еңбекшілер қолына өзінің жеке табысы ретінде тиеді де, ал екіншісі жинақтаудың қоғамдық қоры ретінде әрі бүкіл қоғамның керексінуін өтеуге пайдаланылады, сөйтіп ол қоғамдық меншікке айналады. — Осылай ма? — деді Баукең менің аудармамның дұрыс, қисығын тексергендей сәл ойлана отырып, — Осылай болса, ол еңбектер, ұлттық табыстың екінші бөлігі сияқты, мемлекет меншігіне жатады. Ол менің советтік қоғамның әскери ой қазынасына қосқан өз үлесім. Оған мен ие емеспін. Бірақ мен социалистік мемлекетті қорғаудың қоғамдық осы ғажап меншігіне титтей де болса өз үлесімді қосқаныма разымын. Мақтанамын демеймін. Түсінікті ме? Ал мен ұлттық табыстың бірінші бөлігі сияқты, өзімнің жеке табысым ретінде бағаланатын әдеби еңбегіме толық иемін.

Ол осылай деп этажеркада тұрған өз кітаптарын иегімен нұсқады.

«Советтік қоғамның әскери ой қазынасына қосқан өз үлесім». Баукеңнің бұл сөзі менің көз алдыма әбден сарғайып кеткен газет қиындысын елестетті.

Беттің жоғарғы жағындағы «Полковник Момышұлының әскери жазбалары» деген үлкен заголовок көзіме оттай басылды. Әдеттегі етек мақаланың биіктігі елу жол болады. Ал мынау жалпақ алты бағанның әрқайсысы ұсақ әріптермен терілген жетпіс жолдан тұратын шіреме етек мақала екен. Аяғына: «А. Кривицкий» деп қол қойылған.

Мақаланың бас жағында автор өзінің алдында қатырма мұқабалы көк дәптер жатқанын, оның бірінші беті толған адрес екенін, адрестерге қарағанда дәптер иесінің дос, туыстарының бәрі Алматы қаласында тұратындығын айта келіп, бұл орденді полковник Бауыржан Момышұлының әскери жазбалары екенін, Момышұлының қазір Алматыда командировкада жүргенін айтады.

Осыдан кейін автор көк дәптердің беттерін парақтап, ондағы жазуларды оқуға кіріседі. Бірінші беттегі тайға таңба басқандай айқын, әсерлі, әлді сөздер бірден оқушы назарын аударады.

«Ерсіз ел болмайды, елсіз ер болмайды».

«Отан үшін отқа түскін — күймейсің».

«Өлім арасында жүрсең де, өмірден үміт үзбегін».

Мінеки, Көк дәптер иесінің алғашқы сөздері осылай басталады. 1942 жылдың декабрінде ол былай деп жазыпты:

«Ұлттық мақтаныш — ұлт азаматының мызғымас заңы, қасиетті ісі. Кімде-кім өз ұлтын құрметтеп, оны мақтаныш етпесе (ал әр ұлтта да мақтан тұтарлық жайлар бар), ол барып тұрған азғын...»

Бауыржан менімен бір әңгімесінде: «Мен соғыс жылдарында «Красная звезда» газетіне: «Кімде-кім өз ұлтын құрметтеп, оны мақтаныш етпесе, ол барып тұрған азғын» деп жазғанмын деген еді. Сонда Баукең осы «Полковник Бауыржан Момышұлының әскери жазбаларын» айтқан екен-ау деп ойладым мен мақаланың тақырыбына қайта бір көз жүгіртіп өтіп. Сонда Баукең бұл сөздерді көк дәптерге қай тұста, қандай жағдайда жазды екен деген және бір ой келді. Дереу Баукеңнің қызмет тізімін алып қарадым. Қырық екінші жылдың декабрі 8-гвардиялық дивизияның Калинин майданының құрамында, Холм қаласының түбінде тұрған кезі екен. Ол кезде Момышұлы полк командирі.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий