Knigionline.co » Казахские книги » Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов

Книга «Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

История о герое Великой Отечественной войны – полковнике гвардии Бауржане Момышулы. Это роман-биография, повествующий о жизненном пути героя с рождения до наших дней. Подробно описано детство, юность, годы учения в лучшем училище Советской Армии, годы войны. Автор написал роман в форме диалога между ним и главным героем.

Правда и легенда / Ақиқат пен аңыз - Азильхан Нуршаиков / Әзілхан Нұршайықов читать онлайн бесплатно полную версию книги

Елу бесінші жылдың декабрінде барлық дос-жолдастарыммен, академиямен, армиямен қоштасып, Алматыға қайттым. Әрине, бұл айтарға ғана оңай. Әйтпесе он бір ай — қызыл әскер, он төрт ай — взвод командирі, үш жыл төрт ай — рота командирі, тоғыз ай — атқыштар полкы штабы бастығының орынбасары, бес ай — республикалық военкоматтың аға нұсқаушысы, бес ай — батальон командирі, екі ай — полк командирінің орынбасары, сегіз ай — атқыштар полкының командирі, жеті ай — Бас штаб әскери академиясының жанындағы білім жетілдіру курсының тыңдаушысы, үш ай — дивизия командирінің орынбасары, алты ай — дивизия командирі, екі жыл екі ай — Бас штаб әскери академиясының тыңдаушысы, екі жыл — бригада командирінің орынбасары, бес жыл — әскери академияда ординарлық әскери профессор болған армиямен қоштасу оңай іс емес, қарағым. Мен — армияға, армия менің өміріме айналып кеткен еді ғой. Армиядан босау маған қырық бес жасымда қайтадан туып, екінші бір өмірді жаңадан бастағанмен пара-пар еді. Бірінші өмірімде менің Отанға сіңірген азды-көпті еңбегім, халықтан алған атақ-абыройым бар еді. Екінші өмірімде ондай еңбек етіп, халықтан алғыс ала алам ба? — деп толғандым.

Баукең сәл бөгеліп, тағы да «Қазақстан» темекісіне қол созды. Сидиған салалы, етсіз арық саусақтарына көзім түсіп, тағы да оны ішімнен аяп кеттім. Басқа жұрт сияқты, бұрын мен де Баукеңе мән бере бермейтінмін. Соғысқа кім қатыспады, кім командир болмады деп ойлайтынмын. Өзімен етене араласып, ұзақ-ұзақ әңгімелескеннен кейін Баукең маған басқа қырынан көрінді. Бұл кісі еліміздің атақты қолбасы, генералдарымен қызметтес болып, олардың бұйрықтарын орындапты. Жуков, Василевский, Рокоссовский, Баграмян, Говоров, Захаров сияқты маршалдармен ауызба-ауыз тілдесіпті. Әскерде маршал түгіл генерал көрмеген маған алдымда отырған арық шал бірте-бірте биіктеп асқар тауға айналып кеткен сияқты боп көрінді.

Ең алғаш әңгімелесе бастаған күндеріміздің бірінде, сөз арасында Баукең маған «мен профессормын» деген еді.

— Не дейсіз? — деп мен қайталап сұрадым.

— Мен қатардағы әскери профессормын, — деді ол мұрты тікірейіп.

Мен Баукеңе жайлап қана жымиып қарадым. Оным: «Бауке, осы жерін артығырақ сілтеп жіберген боларсыз», — дегенім еді, Бауыржан менің шүбәланып отырғанымды сезді де:

— Сенбесең қой, — деп ол әңгімені аяқтатпастан бірден үзіп тастады.

Артынан мен Момышұлы туралы кептеген документтермен істес болдым. Документ пен Баукең айтқан әңгімелер арасында алшақтық жоғына әбден көзім жетті. Сөйтіп жүріп Баукеңнің қатардағы әскери профессор болғанын да анықтадым. Калинин қаласындағы әскери академияда сабақ беріп жүргенінде Момышұлы тактикадан алты, стратегиядан тоғыз еңбек жазады. Сол үшін аға оқытушылықтан ординарный профессор дәрежесіне жоғарылайды. Бірақ бұл атақ академияда лекция оқып жүрген кезінде сақталады да, одан кетсең алынып қалады екен. Өйткені ол атақ сенің орныңа келген екінші оқытушыға беріледі. 1956 жылдың бірінші январында Момышұлы жоғарыда аталған академияның тізімінен шығарылған. Сол күннен бастап оның қатардағы әскери профессор атағы да өшіп қалған. Жаңа Баукең армияда атқарған қызметтерін санамалап отырып, бес жыл әскери академияда ординарлық әскери профессор болдым дегенде менің ойыма алғашында осы сөзге сенбегенім түсіп, іштей ұялып отырдым. Оның аузынан әртүрлі жағдайда айтылып кеткен ұсақ-түйек дәлсіздіктерге түзету жасаған тұстарымды да артық көрдім. Өзіме берген деректерінің бәрі дұрыс болғандықтан Баукеңнің басқа жерлерде айтқан сөздерінде не шаруам бар еді деп ойладым.

ІХ

Автор. Бауке, өткен жолғы әңгімелердің бірінде Калинин қаласындағы әскери академияға сабақ беріп жүрген кезімде тактика мен стратегиядан еңбектер жазып ординарный профессор атағын алдым деп едіңіз. Одан бұрынырақта жаяу әскердің жауынгерлік уставына пікір қосқаныңызды білдіргенсіз. Осылардың қандай еңбектер екенін ашып айтуға бола ма?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий